Талапты ердің тағдыры…

Жазушы Сәбит Мұқановтан жеткен «Туған жер, не бар екен сенен ыстық, Себебі сенде туып, сенен ұштық» деген өлең жолдары бар. Сол айтқандай, біз де өзімізді Шалқар өңірінен ажырата алмаймыз. Тарих қойнауына ой жүгіртіп, атамекен төңірегінде түсінігімізді молайтамыз, бүгінгі қарбалас тірлігіне шүкіршілік етеміз, келешегін бұдан да жарқын болар деп нақтылаймыз. Биыл ауданның дербес шаңырақ көтергеніне тоқсан төрт жыл толады. Ғасырға жуық осы мерзімнің үштен бірінде өңірге бірінші басшылық ету мәртебесі үш азаматқа бұйырыпты. Олар: Төлеу Алдияров 1962-1973 жылдары, Ахметжан Төребаев 1973-1985 жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін үзіліссіз атқарған. Еліміздің егемендігі жарияланғаннан бергі кезеңде Рахат Сыдықов 2002-2013 жылдар аралығында әкім болып жұмыс істеген.
Қалыптасқан дағдымен Шалқар ауданы активінің жиналысында жаңа басшы Төребаевтың қысқаша өмірбаяны таныстырылды: Темір зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. «Ақтөбемұнайбарлау» тресіне қарасты Теректісай-Көкпекті мекемесінде техник-геолог болып еңбек жолын бастаған. Темір ауданында «Қазақ КСР-інің отыз жылдығы» ұжымшарында есепші, бас есепші, Шұбарқұдық кенттік кеңес атқару комитетінің төрағасы, Темір аймақтық ауыл шаруашылығы басқармасында бас есепшінің орынбасары, жоспарлау-экономикалық бөлім бастығы, «Қазақстан» кеңшарында, «Темір» кеңшар-техникумында директор қызметін атқарған.
Таныстырудан соң жиналысқа қатысушылардың қайсыбірінің көңілінде екіұдай пікірлер орныққаны рас. «Бір ауданнан ұзап шықпапты, негізінен, ауыл шаруашылығы төңірегінде жұмыс істепті» дегендей. Оның үстіне Ахметжан Наурызғалиұлының эстафетаны мамандығы жағынан қаржыгер, партиялық қызметте әбден шыңдалған, Қарабұтақ ауданының бірінші басшысы қызметіне ауысарда шалқарлықтар ақ жол тілеген Төлеу Алдияровтан қабылдап алуы едәуір жүк артқандай.
Кеңес дәуіріне бір дағды лауазымды қызметке тағайындалар алдында кадрдың өткен жолына жан-жақты сараптама жасау еді. Ахаң — ел басына түскен ашаршылық нәубетін бастан өткізіп, Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түскен майдангер, елге оралған соң сауда жүйесінде адал еңбегімен, қайырымдылығымен танылған Наурызғали Төребаевтың шаңырағында алты баланың үлкені. Соғыс ауыртпалығынан әке дүниеден озып, отбасының ауыр тауқыметі анасы Баршын екеуіне түседі. Қаршадайынан еңбекке жегілген ұлан есейіп, қабырғасын қатайтты, ел басқарған тұстарында өзін баулып, алдына жарқын бағыт сілтеген аға-апаларын аузынан тастамай айтумен болды.
Мұнай-газ бірлестігінде әкесі Наурызғалидың досы Иван Ермолкиннің геологиялық партияда үйренуші геолог қызметіне қабылдап, үш жыл бойына жұмыстың қыр-сырын ұғындыруы ғажап қой. Тағдырдың тағы бір сыйы — Нұрқожа Орынбасаров, Байсалбай Жолмырзаев, Кеңес Нокин, Сақи Мәуішев және басқа ағалары жақсы істі үйренуге құштар, қай кезде де тапсырманы тиянақты орындайтын Ахметжанды бауырына тартып, әкесіндей қамқорлық жасады.
Жайсаңдардың сөзін тыңдап, тәжірибесін бойына сіңірген, мақпал мінезімен үлкен мектептен өткен Төребаевтың кандидатурасын мақұлдап, Шалқар ауданының бірінші басшылығына жіберген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Ливенцов еді. Біздің кейіпкеріміз бұл жауапкершілікті жақсы сезінді, ұлы ойшыл Конфуцийдің «Өзіне талапшыл, өзгеге кешірімді адам басқаға өшпенділік ойламайды» деген пікірін жадынан шығарған жоқ. Сөйтіп, жер көлемі үлкен, теміржол бойында орналасқан, өнеркәсібі қатар дамыған, негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болып саналатын Шалқар өңірінің үлкен-кіші жұртын ортақ міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдыра білді.
Нәтижесінде ол басқарған кезеңде ауданда қой саны 370 мыңға, ірі қара 20 мыңға, жылы 17 мыңға, түйе 5 мыңға жетті. Мемлекетке жыл сайын орта есеппен 9 мың тонна ет, 750 тонна жүн, 1 мың тонна сүт тапсырылды. Аудан етті-майлы қой өсіру жөнінен 1979 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыстың, екі мәрте республикалық жарыстың жеңімпазы атанды. Өнеркәсіп саласында үш мыңнан астам адам еңбек ететін бес еңбек ұжымы, теміржолдың оннан астам қуатты мекемесі, құрылыс саласындағы төрт мекеме аудан экономикасын дамытып, әлеуметтік нысандар жүйесін ұлғайтуға айтарлықтай үлес қосты.
Төребаевтың айрықша назар аударған мәселесі — кеңшарлар мен фермалардың орталықтарында әлеуметтік нысандар салдыру болды. Бірінші хатшының тұрақты көңіл бөлуі нәтижесінде қысқа мерзімде мәдениет мекемелерінің саны алпысқа жетті. Бірнеше жыл бойы сақалды құрылыс санатына енген аудандық Мәдениет үйінің аумағындағы қимыл-қозғалысқа жан бітіп, небәрі сегіз айда тұрғылықты халықтыңигілігіне берілді. Облыста Ақтөбе қаласынан кейін алғаш рет Шалқар қаласындағы және бірқатар ауылдардағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар табиғи газ желісіне қосылды.
Аға және орта буын өкілдері өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында кең қанат жайған Семей облысы Шұбартау ауданы жастарының орта біліммен қой шаруашылығына баруға шақырған үндеуін жақсы біледі. Бұл бастамаға облыс аумағында алғашқылардың қатарында үн қосқан шалқарлыққыз-жігітер еді. Олардың ішінде Шапағат Әлниязов, Нұрмұханбет Дияров, Ғалымжан Төреханов, Іңкәр Жиеналина және басқалары еңбекте шыңдалған соң ары қарай білім сапарын сәтімен жалғастырды, алған мамандығы бойынша абыройлы еңбек етіп, құрмет-қошеметке бөленді.
Мына жайды айтқан артық болмас. Түлектерден комсомол-жастар бригадаларын құрғанда аудан орталығындағы жалғыз орыс орта мектебі мұндай игі істен сырт қалатын. Төребаев мұндай «артықшылықты» олардан алып тастады және осы мектеп түлектерінен ұйымдастырылған бригадаға өзінің баласы Мұхтарды да жаздырды, хатшының тосын әрекеті партиялық номенклатурадағы бірқатар қызметкерлерге ой салды.
Дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома — ешкім де жалғыз жүріп жол таппайды, жанындағылардың көмек-қолдауына сүйенеді, үлкендерден ақыл-кеңес алады. Төребаевтың тағы бір қасиеті — «басшымын» деп кеуде кермей,игі шаруаны қолға аларда орынды пікір-ұсыныстарға құлақ асуы. Бірінші хатшының командасында қызмет атқарған Бәтен Алакөзов, Жоламан Құрманалин, Сәуле Алтаева, Төреғали Өтегенов, Бақытжан Міндетбаева, Саудағазы Есбосынов, Әбдіқұл Жұмабаев, шаруашылық басшылары Нағым Қобыландин, Бисенбі Көмекбаев, Жолдыбай Жүсіпов, Тұрсын Тілешев, Қойшыбай Есенқұлов, Мәжит Сыдықов, Қуандық Ақшолақов, Қартбай Қабақбаев, Ислам Көпенов және басқалары Ахаңның адамгершілігін, адамдармен сөйлесу және іске жұмсау қабілетін сүйсіне айтып жүреді.
Ол жақсыларды бағалап, дер кезінде жауапты міндеттер жүктеуге шебер еді. Иманияз Ерішев, Марат Мұңайтбасов, Бектұрған Қонақбаев, Нұрмұханбет Мырзабаев, Әкімжан Дүйсенбаев, басқа да тұстастарымыз бірінші хатшы сенімін ақтады.
Орайы келіп тұрғанда Наурызғалиұлының шарапатын өзім де көргенімді айтайын. 1981 жылы аудандық «Коммунизм таңы» газетінің жауапты хатшылығынан облыстық «Коммунизм жолы» газетіне — үш аудан бойынша меншікті тілшілікке ауыстым. Негізгі аппарат — Ақтөбеде, тұрағым — Шалқарда, еркін жүріп-тұруыма кеңшілік мол. Жаспын, келешегім алдымда. Масылдыққа бойым үйреніп кетер деген оймен жұмыс кабинетін сұрадым. Ахаң ешқандай әңгіме айтпастан аудандық кеңес атқару комитетінің ғимаратынан бір кабинет бергізді, арнайы қызметтік телефон қондырылды.
Екінші жақсылығы — мен жас отбасы қожасы ретінде коммуналдық меншіктегі үйлердің бірінен пәтер сұрағанмын. Бірінші хатшы қабылдауына шақыру алған соң бардым.
— Жанғабыл, таяуда газшылар қалашығында он сегіз пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға бергелі тұр. Содан үш пәтер аудан басшылығының құзыретіне тиді. Облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің біздің ауданда жаңадан ұйымдастырылған бөлімшесінің екі қызметкеріне екі пәтер бөлінді, сен үш бөлмелі бір пәтерге ие боласың. Ертең көрші боласың ғой, әлгінде өзім айтқан мекеменің басшысы Сағынбай Марқабаевпен хабарласып тұр, айырылып қалма. Ана газшылардың мекемесінде өзге ұлттың өкілдері баршылық, солардың біреуі баса-көктеп кіріп қоймасын.
Мұндай жақсылық естен шығар ма?! Сол үй отбасымызға құтты қоныс болып, бала-шаға өрбіттік.Жалпы, Наурызғалиұлының мұндай қамқорлығын талай адам көргені рас.
Өзінен кейінгі бауырлары Орынбасардың, Мұхиттың, Мұхаметжанның, Иосифтің, Талжібектің алаңсыз өсіп, жоғары білім алуына, шаңырақ көтеруіне күш-жігерін жұмсады. Тоқсан жастың көжесін ішіп, бақиға жөнелген анасы Баршын бұғанасы қатпастан өзіне серік болған тұңғыш перзентіне батасын үйіп-төкті. Бұл ретте азаматтың қасында адал жар, сенімді серік тұрғысында танылған, мұғалімдік қызметін мінсіз жүргізген Рауия апайдың байсалды іс-қимылына ерекше тоқталу ләзім. Ерлі-зайыпты Төребаевтардың шаңырағында Ирина, Марат, Гүлсара, Мұхтар, Нұрлан өрбіді. Бәрі де — бала-шағалы, немерелердің алды үйленіп, шөбере сүйгізді. Әттең, Мараттірліктегі көшін тоқтатты.
Төребаевтың Шалқар ауданында атқарған қызметі ескерусіз қалған жоқ. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, сегіз медальмен марапатталды, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты. 1981-1985 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1981 жылы Алматыдағы «Қайнар» баспаханасынан «Табыс қайнары» атты кітабы жарық көрді. Аудан малшыларының озат тәжірибесі, жаңашылдық ізденістері туралы баяндалған бұл туындыны әдеби өңдеп, жарық көруіне Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымдарының докторы, елші Серікқали Байменше айтарлықтай еңбек сіңірді.
Ахметжан Наурызғалиұлы 1985-1991 жылдары аралығында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында лауазымды қызметтер атқарды, бұдан кейін ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетіне сегіз жыл жетекшілікетті.
Өз ісіне өте ұқыпты, ұйымдастырушылық қабілеті мол азамат ғұмырының соңғы жылдарында сырқатқа шалдығып, 2019 жылы дүниеден озды. Тірі болғанда 90 жасқа толар еді…
Естелігімді марқұммен сонау бір жылдары қызмет барысында танысып, сыйластықта араласқан елге қадірлі азаматтардың қысқаша лебізімен қорытындылауды мақұл көрдік.
Кеңес Бірманов, мемлекеттік қызмет ардагері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы:
— Сөз түйініне келсек, басшыға лайық парасатты, азаматқа тән абыройлы, қандай шаруаны болса да жеті өлшеп, бір пішетін сарабдал мінезімен кіндік қаны тамған Ақтөбе өңірінде өзінің перзенттік парызын адал атқарған жанның бірі осы өзім көптен танитын Ахаң деп ойлаймын.
Камалхан Қуанұлы,білім беру саласының ардагері, Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі:
— Ахаң өз жұмысына берілген, білімді де білікті тұлға ретінде танылғанын облыс жұртшылығы жақсы біледі. Оған тән ерекше қасиет — мен бірінші хатшымын деп көкірегін көтерген адам емес, ол өзіне тән қарапайымдылығымен, үлкен адамгершілік қасиетімен жолдас-достарының арасында беделге ие болған.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



