Аяз кезіндегі сақтық

Жедел штаб
15 қаңтардан бастап ауа райының күрт нашарлауы мен температураның төмендеуіне байланысты шұғыл шаралар қабылданып жатыр. Облыс әкімдігінде азық-түлік қауіпсіздігі мен жылу мәселесі сөз болды.
Жылыту маусымының жайы
Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев қысқы жылыту маусымының өту барысы жөнінде жедел штабтың отырысын өткізді.
Жиын барысында Ақтөбе қаласының коммуналдық қызметтері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының басшыларына, сондай-ақ облыс аудандарының әкімдіктеріне тәулік бойы жұмыс режиміне көшу, температуралық кестенің қатаң сақталуын қамтамасыз ету және төтенше жағдай туындағанда қосымша апаттық бригадалар жасақтау тапсырылды.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік сала нысандары — балабақшалар, мектептер мен денсаулық сақтау ұйымдарын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Ауа райының өзгеруіне барлық ПИК пен МИБ-тің дайын болуын қамтамасыз ету, тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге жедел әрекет ету міндеті де жеке тапсырма ретінде қойылды.
Бұдан бөлек Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес қызметтер мен ұйымдардың басшыларына коммуналдық нысандардың ауа райының күрт өзгерістеріне жоғары дайындық деңгейін қамтамасыз ету, халықты уақтылы ақпараттандыру және энергиямен жабдықтау мен жылу берудегі ақаулар мен апаттардың алдын алу міндеттелді.
Ағымдағы жағдай мен аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевқа жүктелді.
Азық-түлік қауіпсіздігі
Облыста қолайсыз метеорологиялық болжамға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі мен өнімді тұрақты жеткізу бойынша шұғыл жиын өтті. Кеңесті облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сауда желілері мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткізді.
Ақтөбе ірі көлік-логистикалық торабында орналасқан, ал азық-түлік жүктерінің негізгі бөлігі автокөлікпен жеткізіледі. Республикалық және облыстық маңыздағы автожолдардың ауа райына байланысты жабылуы тасымалдың 2-5 тәулікке кешігуіне әкелуі мүмкін.
— Негізгі міндет —қандай да бір жағдайға тап болған күннің өзінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тапшылығына және бағаның орынсыз өсуіне жол бермеу, — деді Ғалымжан Елеуов.
Жиын барысында жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Ең алдымен, жеткілікті азық-түлік қорын қалыптастыру мәселесі көтерілді. Сауда желілеріне бірінші кезектегі қажетті тауарлар — ұн, күнбағыс майы, түрлі жарма, қант және көкөністер бойынша кемінде 15-20 күндік тұтынуға жететін «қауіпсіздік қорының» болуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Екінші басымдық логистикалық тәуекелдерді төмендетуге берілді. Кеңес қатысушыларына қолайсыз ауа райы ұзаққа созылған жағдайда автокөліктен теміржол көлігіне көшу мүмкіндігін қоса алғанда, баламалы жеткізу сызбаларын пысықтау ұсынылды.
Сондай-ақ қойма инфрақұрылымының тұрақтылығына баса назар аударылды. Қоймалардың электр қуатының үзілуіне дайындығы, резервтік қуат көздерінің болуы және өнімдерді сақтау кезінде тұрақты температуралық режимді қамтамасыз ету мәселелері тексерілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша сауда желілеріне облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына апта сайын өнім қалдықтары туралы маңызды деректі табиғи көлемде де, тұтыну күндерімен де ұсыну тапсырылды. Сондай-ақ автожолдар жабылған жағдайда төтенше жағдайлар департаменті және құқыққорғау органдарымен жедел үйлестіру үшін жолда жүрген жүк автокөліктерінің тізбесін қалыптастыру міндеттелді.
Бұдан бөлек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін қол қойылған меморандумдар аясында 7 пайыздан асырмау қажеттігі ерекше атап өтілді. Ауа райы жағдайын сылтауратып белгіленген бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді.
Облыс басшылығы қойма терминалдары аумағындағы дизель-генераторлар мен қар тазалау техникасының дайындығын тексеру жөнінде де тапсырма берді. Қабылданғаншешімдердіңорындалуытұрақтыбақылаудаболмақ.
Д.ҚАЗИХАН.



