Жаңалықтар

Өшпес ерлікке тағзым

Рух

14 қаңтар — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күні. Осыған орай Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданында  еске алу іс-шарасы ұйымдастырылды.

Ақтөбе қаласындағы «Әлия» мемориалды кешенінде өткен «Елім деп соққан жүрегі» атты тағзым ету жиыны бір минут үнсіздікпен басталды.

Оған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, батырдың туыстары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ұлттық ұлан мен әуе қорғаныс күштерінің әскери бөлімдері, «Халықтық ұжым» мәртебесіне ие «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, «Әлия. Мәншүк. Хиуаз» әскери-патриоттық қыздар клубы және қала тұрғындары қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхансөз сөйледі.

— Әлия Молдағұлова — қазақ халқының қайсар рухының, отансүйгіштіктің биік символы. Ол қысқа ғана ғұмырында ел мен жер үшін жанын пида етіп, кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге қалдырды. Бүгінгі бейбіт өмір — осындай батырлардың ерлігі мен жанқиярлығының арқасы. Сондықтан Әлияның есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біз оның рухына тағзым етіп қана қоймай, батырдың ерлігін жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет. Бұл — баршамыздың азаматтық парызымыз, — деді ол.

Сондай-ақ батырдың туыстары да сөз сөйлеп, Әлияның ел жадындағы мәңгілік бейнесі мен оның ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы керек екенін атап өтті.
Мемориалды кешендегі шарадан кейін еске алу рәсімі батырдың туған жері Қобда ауданында жалғасты. Қобдалықтар дәстүрден жаңылмай, жыл сайын Әлия рухына тағзым етіп келеді. Алдымен батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылындағы ескерткішке гүл қойылды.

Одан кейін еске алу шарасы аудан орталығындағы «Отан-Ана» саябағында, сондай-ақ Әлия ауылындағыескерткіш жанында жалғасты. Бұл шараларға Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев, ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар мен оқушылар қатысты. Сонымен қатар «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Өшпес ерлік» кітабының таныстырылымы өтті. Тағылымды еңбекте батырдың өмір жолы мен майдандағы ерлігі туралы архив деректері мен бұрын-соңды жарияланбаған тың мәліметтер жан-жақты қамтылған.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button