ІЗГІЛІКТІ ІСІ ҚАЛҒАН АЗАМАТ

Өзінің азаматтық тұлғасымен, биік адамгершілік келбетімен көңіліңе жылылық, жаныңа жақындық сезімін тудыратын, жаратылысы бөлектеу жандар болады өмірде. Олармен тез тіл табысып, ортақ мәселелерді ойласып, тиімді дұрыс шешімдер қабылдауға болатынын білесің.
Сондай азаматтардың бірі Қазақстанның құрметті теміржолшысы Жарас Ізғұлов еді…
Қалың елге танымал, уақытында игілікті істерімен көпке көрініп, айналасының құрметіне бөленіп жүрген оның бүгінгі күні арамызда жоқтығы, ол туралы өткен шақпен айтуға тура келіп тұрғаны қандай өкінішті еді…
Бүгінгі күні Жарас Төкенұлының өмір жолына көз сала отырып, оның еліміздің күре тамыры аталатын теміржол бойында көптеген жауапты міндеттерді абыроймен атқарғанын аңғарамыз.
Ол өзі таңдаған мамандығын игеру жолында Ресейдің Самара қаласындағы теміржол көлігі инженерлері институтын 1995 жылы бітірген екен. Одан кейін қызмет істей жүріп Алматы экономика және статитистика академиясында оқып, екінші мамандықты игеріпті.
Жиырма төрт жастағы жас маманның еңбек жолын Батыс Қазақстан теміржолы Атырау бөлімшесінде пойыздар құрастырушы көмекшісі болып бастап, осы жерде үзіліссіз үш жыл еңбек етуі оның бойына жұмысқа берілгендік, кәсібіне деген құрмет сезімін қалыптастырған секілді. Өйткені кейін басшылық қызметтерде жүргенінде оның жұмысшылардың арасында жиі болып, олардың еңбек жағдайларын сұрастырып, тіпті кейбір мәселелер жөнінде ақылдасып-пікірлесіп жүретінін байқаған кездерім болды.
Оның маман ретінде қалыптасу, басшылық тізгінін ұстаудағы тәжірибесі Маңғыстау өңірінде өтті десек те болады. Ол Маңғыстауда инженер, станция бастығының орынбасары, станция бастығы қызметтерін атқарды.
Одан кейін еңбек ұжымдары өзіне жақсы таныс Атырауға қайта оралады. «Қазақстан теміржолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалы — Атырау тасымал бөлімшесі бастығының бірінші орынбасары, бөлімше бастығы, «Инфрақұрылым» кәсіпорны филиалының директоры болып қызмет атқарып, өзін жаңа қырынан танытты.
Жарас Төкенұлы Ақтөбе өңірінде он жылдай еңбек етті. Ол «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы — Ақтөбе жол бөлімшесін басқарған тұсында жергілікті ел-жұртпен етене араласып кетті, белгілі азаматтармен қатар жүріп, көптеген маңызды мәселелер түйінін шешуге белсене араласты, талай жақсы істерге бастамашылық танытты.
Сондықтан да ақтөбеліктер оны осы елдің өз перзентіндей көріп кетті. Бұндай мәртебеге жету кез-келген басшының пешенесіне жазыла бермейтіні белгілі ғой. Сондықтан да ол Астанаға басқа бір жоғары қызметке тағайындалғанда көпшілік қимай қоштасты. Үлкендер жағы жақсы тілегін айтып, ақ батасын берді.
Ол еліміздің бас қаласында да абыройлы қызметтер атқарды. Онда Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы — Магистралды желілер дирекциясы басшысы болды, 2018 жылдан «Integra Construction KZ» ЖШС Бас директоры қызметін атқарды.
«Қамқор» жөндеу корпорациясы» ЖШС қадағалау кеңесінің мүшесі, басқа да қоғамдық қызметтердің белсенді қатысушысы болғанын білеміз.
Жарас Төкенұлының өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарап, қай жерде қызмет атқарса да өзінің кәсіби біліктілігін, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін танытуы, адамдармен тіл табысып жұмыс жасауы, ең бастысы нәтижелі еңбек еткені еленбей қалған жоқ.
Ол «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» атағына ие болды. Кеудесіне «Құрмет» орденін тақты, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталды. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты тапсырылғанын да білеміз.
Ол үшін ең жоғары мәртебе — елдің алғысы, көпшіліктің құрметі болатын. Әрине, ол осындай жылы сөз дәметіп жақсылық жасамайтын. Мүмкіндігі келгенінше адамдарға көмектесу, қолдау жасауға ұмтылу оның жүрек қалауы болатын.
Облысты Архимед Мұхамбетов басқарған тұста Жарас Төкенұлының жергілікті билікпен тығыз ынтымақтастықта еңбек еткеніне талай мәрте куә болдық. Әсіресе, облысымыз үшін маңызды боып саналған Шалқар-Бейнеу теміржолы құрылысын жүргізу барысында бұл жай анық байқалды.
Сол тұста жаңадан тұрғызыла бастаған теміржолшылар қалашығында екі пәтерлі 30 үй, 3 шағын отбасылар жатақханасы, дербес бу қазандығы, балабақша және басқа әлеуметтік ғимараттар салынатын болып, осы істің бастауында Жарас Ізғұловтың жанашырлық танытып жүргенін жақсы білеміз.
Сол кезде «Қазақстан темір жолы» АҚ Ақтөбе бөлімшесін басқаратын Жарас Ізғұлов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке осы жұмыстарды көрсетіп, енді салынып жатқан жаңа жолмен Сарыжиде деп аталатын алғашқы теміржол бекетіне апарғаны ойда тұр. Жалпы теміржолдың бұл торабы бойынша Шалқар ауданының аумағында 9 бекет, 3 үлкен станса салынатынын да сонда айтқан-ды. Сондай сапарлар кезінде аудан басшысы ретінде менің де бірнеше рет бірге болуыма тура келді. Сонда байқағаным — Жарас Төкенұлының өз ісін жетік білетіндігі, қандай міндетті қолға алса да жоғары жауапкершілікпен қарайтындығы, адамдардың мұқтажын шешуге ынталы болып тұруы.
2014 жылдың тамыз айында «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы желісіндегі Шалқар ауданы арқылы өтетін жол пайдалануға беріліп, телекөпір арқылы бұл оқиғаны бүкіл еліміз көріп отырды.
Сонда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы — Ақтөбе жол бөлімшесінің директоры Жарас Ізғұлов телекөпір арқылы Мемлекет басшысына жергілікті ахуалды қысқаша және нақты баяндап берді.
Осындай салтанатты сәтте Архимед Мұхамбетов Шалқар жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде: «Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Егер осыдан 110 жыл бұрын қазақ жерінде алғаш теміржол салынса, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның өз көлік инфрақұрылымы қарқынды түрде дамуда. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері құрылысы жаңадан жүргізілген теміржол желілерінің ең ұзыны болып табылатын «Жезқазған-Бейнеу» жолы отандық өнімнің халықаралық нарыққа шығуын қамтамасыз етіп, ел экономикасының қалыптасуында және әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуында үлкен орын алады»,— деп атап көрсеткен болатын.
Теміржол құрылысы жүріп жатқан күндерде біз Жарас Ізғұловпен бірге жұмыс барысын қарауға бірнеше рет бірге бардық. Сондай сапар барысында ол Шалқардан Бейнеуге дейін созылатын жол 471 шақырымды құрайтынын, оның 395 шақырымы Шалқар және Байғанин аудандары аумағында екенін айтты. Бұл деректерді өзіміз де білгенімізбен, білікті басшының аузынан есту оның мұқияттылығын байқатқандай еді. Сол тұста Шалқар ауданына қарайтын Байқадам, Шұқыр, Тассай станциялары мен Сарыжиде, Аққайтым, Бегімбет, Домбар, Жанақ, Көпмола разъездері жабдықталып, олардың әрқайсысында тиісінше құрылымдарымен үштен қабылдау-жөнелту жолдары салынды.
Жарас Төкенұлы Шалқар ауданынан екі шақырылымда облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Бұл ең алдымен сол өңірдегі теміржол саласы қызметінің одан әрі өркендеуіне, сондай-ақ жекелеген тұрғындар үшін де пайдалы болды деп есептеймін.
Мәселен, елге келген бір сапарында халықпен кездесу барысында аз қамтылған екі отбасыға көмек ретінде екі көлік шөп жеткізіп беруге ықпал етті. Қолына бірді-екілі мал ұстап, соның сүтін қорек қылып отырғандар үшін бұл шынында да үлкен қолдау болды. Осындай жәрдем-жақсылығы үшін оған ел ақсақалдары талай рет батасын беріп, алғыстарын айтып жүргенін білетінбіз, бірқатар жағдайларда оған өзіміз де куә болдық.
Сондай-ақ мына бір жай да ойыма оралып отыр. Экономикалық қатынастар өзгеріп, нарық заңы үстемдік ете бастаған тұста Шалқар вагон депосын жабу мәселесі де көтерілгені бар. Бұл жергілікті тұрғындар үшін көптеген қиындық тудыратын еді. Егер сондай жағдай орын алса, осында еңбек етіп жүрген біраз жұмысшы жұмыссыз қалар еді. Осы жағдайларды ескеріп, Жарас Төкенұлы депоның жұмыс істеу мүмкіндіктерін қарастырып, аталған мәселені күн тәртібінен алып тастады. Сол үшін де Шалқар халқы оған мол алғысын айтты.
Ол өңірден сайланған депутат болғандықтан да Шалқар ауданының шешімін күткен өзекті мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп отыратын. Сессияларда кейбір проблемаларды күн тәртібіне енгізіп, қаржы бөлу жағын да қарастырған кездері болды. Соның барлығы Жарас Төкенұлының соңына қалдырған жарқын іздері сияқты көрінеді бүгінде.
…Салалық «Қазақстан теміржолшысы» басылымында Жарас Ізғұловтың мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты арнайы қазанама берілді.
Онда елі үшін аянбай еңбек еткен азаматтың өмірбаяны, атқарған қызметтері жан-жақты көрсетілген.
Әрине, оның ғибратты ғұмырында ел үшін жасаған игілікті қызметтері аз болған жоқ. Олардың бірқатары көпшіліктің аузында айтылып та жүр.
… «…Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деген өлең жолдары осындайда ойға оралады.
Ердің жасы саналатын елу атты белестің нақ ортасына келген тұста ол арамыздан мәңгілік сапарына кете берді.
Жақсы азамат Жарас Ізғұловтың жарқын істері, азаматтық асыл бейнесі біздің жадымызда сақталып тұра беретін болады.
Рахат СЫДЫҚОВ,
«КАЖсервис» ЖШС Ақтөбе филиалының директоры.



