Мейірімнен жаралған жүрек еді…

Ақтөбе қаласының орталығындағы алыстан көз тартып тұратын «Нұрдәулет» атты алыпғимарат имандылық пен ізгіліктің, қайырымдылық пен мейірімділіктің шырақшысындай көрінеді.
Осы маңға келген адамдар жан-жағына жанашырлықпен қарап, үлкен-кішімен ізетті амандық-саулық сұрасып, асықпай, қадамын байыппен басып келе жататын ақсақалды көргенде жүректері жылып, көкіректеріне сәуле құйылғандай күй кешетін.
Сол жақсы адам — Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, ел арасында Мақсат атанып кеткенБорис Нұрдəулетұлы Байжарқыновтың дүниеден өткеніне де жыл толыпты.
Оның біз білетіндегі ғибратқа толы ғұмыры қиындықтардан бастау алғанын, кейіпкеріміздің балалық шағы сан түрлі сынаққа толы болғанын айтудың өзі адам сенбестей жағдай.
1941 жылы соғыс басталғанда Нұрдəулет алғашқылардың бірі болып ел қорғауға майданға аттанады. Əкесі бар кезінде оның иығына отырғызып, теміржолдағы жұмысына апаратын сәті есінде сақталып қалған бала Борис өзі үшін ерекше ыстық жанның қайда кетіп қалғанын түсіне алмай, ұзақ іздеумен болады.
Төрт жылға созылған соғыс та аяқталып, жауынгерлер елге қайта бастайды. Бұл кезде ес жиып қалған ол «əкем келесі эшелонмен келіп қалар» деген үміт жетегінде вокзал маңын қарауылдайды да жүреді.
Бұл кезде төсек тартып жатып қалған анасы Зəкияның айтуынша, күйеуі Нұрдəулет соғыста екі рет жарақаттанып, госпитальде емделгеннен кейін майдан даласына қайта оралған. Соңғы хат 1942 жылы наурызда келген. Әкесінің Кавказ маңайында минометші болғанын да кейінірек білді.
Əкесі Нұрдəулет Əділшеұлы ел қорғауға аттанғанда отбасында төрт бала қалады. Үлкені Медғат он екі жастан енді асқан, одан кейінгі Мəруара, Борис, кенжесі Махмұд бір-біріне жалғаса өсіп келе жатқан-ды. Суық пен жоқтықтан, оның үстіне аштық араласып, бас-аяғы екі-үш айдың ішінде үш баласын ажал құшағына берген ауру ана Борисімен екеуден-екеу қала береді.
Адам баласы қандай қиындық көрсе де жарық күннен күдер үзбейді ғой. Он жасында мектеп партасына отырып, оқуын қайта бастаған Борис қатарластарына қарағанда сабағын жақсы оқып, үздік үлгерімімен көзге түседі.
Жалғыз баланың адам болуы үшін жанын салған анасы теміржолда қараушы болып жұмыс істейді. Тіпті түнгі кезекке ұлын да ала барады.
Ана мен бала сөйтіп жүріп арлы-берлі өтіп жатқан вагондарға үмітпен қарауын қоймайды. Бәрібір олар күткен адам келмейді…
* * *
Борис аға шаңырағына шуақ алып келген Мәнзапа соғыс басталған жылы жаз айында Ащысайдағы сүт фермасының меңгерушісі Əмір Берекетұлы мен Ынта Әлдебергенқызының отбасында баланың кенжесі болып дүниеге келген.
Әмір ел басына күн туып, ашаршылықтан азап шеккен ауылдастарына қолда барын теңдей бөліп беріп, көмектескен. Қолы шебер болған. Ат əбзелдері мен күнделікті тіршілікте пайдаланатын тұрмыстық заттарды үйлестіріп қолдан жасай береді екен.
Ал анасы Ынтаның қолынан шыққан киім-кешек, ол тіккен тон, ішік, баскиім ауылдастарының ажарын ашып, сол қызметі арқылы көптің алғысына бөленіп жүрген.
Осындай әке-шеше тәрбиесін көрген Мәнзапа апаның жүрегі де айналасына жанашырлық танытудан, жұртқа жақсылық жасаудан жалыққан емес.
Отбасын құрған соң оның алғы тірлігін ойластыру керек. Осындай жақсы ойлармен ілгері ұмтылып, жас жұбайлар қосарланып 49-разъезде кезекші болып жұмыс істеп жүрген кездерінде аудандық комиссариат «анаңа қарайтын əйелің бар» деп жиырма төрт жастағы Бористі əскерге алып кетеді. Бұл уақытқа дейін анасы Зəкияның екінші топтағы мүгедек əрі жалғыз ұлынан басқа асыраушысы болмағандығын ескеріп, кеңшілік жасап келген екен. Арқасүйер әкені майданда жоғалтып, енді ғана ес жиып келе жатқан әулетке бұл да аз сынақ емес еді.
Мəскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы жоғары əскери академиясының арнайы күзет ротасына қызметке жіберілген жас жігіт бұл оқу орнында қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы білім алғанын біліп, кеудесін мақтаныш сезімін кернейді, өз міндетін атқаруға жігерлене кіріседі. Оның тапсырманы мұқият орындайтынын байқаған басшылар картографиялық лабораторияға жібереді. Əскери құпия карталарды басып шығаратын баспаханада жұмыс істеген ол баспашы-литограф мамандығын меңгеріп шығады.
Әскердегі жақсы қызметі үшін сержант шенін алып, баспаханада бөлімше командирі болып тағайындалады. Лабораторияда жүріп, фотоаппаратпен суретке түсіруге дағдыланады. 1964 жылы елге оралып, жаңа өмір бастауға құлшына кіріседі.
Ерлі-зайыпты екеуі разъездегі бұрынғыжұмыстарын қайта жалғастырады. Өмірде де, қызметте де тәжірибе жинақтап үлгерген Борис Нұрдәулетұлы теміржолда еңбек етіп жүріп бастапқыда кəсіподақ ұйымының төрағасы, содан соң бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланады.
Іскер де жалынды жігіт қандай қызметте жүрсе де айналасына, қоғамға пайдалы шаруалар атқаруды өз парызы іспетті санайды. Сондықтан да өздері тұрып, еңбек етіп жатқан разъезді жолдастарымен бірге көріктендіруге, жаңғыртуға бел байлайды. Сол кезде егілген жасыл желек көп уақытқа дейін елді мекеннің сәнін келтіріп тұрғаны көпшіліктің көз алдында.
Ауыл сыртынан қолдан жасалған тоған да күні кешеге дейін елге қызмет етті, жергілікті тұрғындардың малы осы арадан су ішіп, ары қарай жайылымына шыға беретін-ді.
Еңбек ете жүріп, білімін жетілдіруді көздеген Бәкең Ташкент теміржол институтының Ақтөбедегі филиалының сырттай бөліміне құжат тапсырып, мамандықтың қыр-сырына үңілген кезі де өз алдына бір тарих. Одан басқа СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітіріп алғаны болашақ қызмет баспалдақтарына жол ашып еді. Ол аудандық партия комитетінің көлік жəне өнеркəсіп бөлімінің нұсқаушысы болып қызметке алынды. Мәнзапа апа аудандық партия комитетініңбухгалтериясында есепші-кассир болып жұмысқа орналасады.
Осылайша көрген бейнет, аяқ бастырмаған қиындықтар артта қалып, алдан жаңа өмірдің есігі ашылды.
Борис Нұрдәулетұлы аупарткомның нұсқаушысы кезінде Мұғалжар қиыршықтас зауытының, алтын өндіретін «Алтынды» кенішінің жүріп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарына тəлімгер ретінде жіберілді. Ол өзінің бойына біткен талапшылдығы мен тиянақтылығы нәтижесінде кəсіпорындардың жоспарлы түрде жұмыс істеуіне, міндеттемелердің мерзімінде орындалуына көп ықпал-көмегін тигізеді.
Сондай-ақ Ембі, Қандыағаш, Мұғалжар арасында көлік жолдарын салу, асфальттау жұмыстарына да партия бақылауды іске асырды.
Осындай жауапты жұмыстарда шыңдалып, партияның сенімді жауынгері ретінде танылған Борис Нұрдәулетұлы «Ембі» совхозына партком хатшысы етіп сайланады. Шаруашылықтың білікті басшысы Төлеухат Иманалин екеуі тіл табысып, көптеген маңызды жұмысты атқарады.
Осы кезеңде ауылда жаңа мектеп салынып, демалыс саябағы іске қосылады, көшелер асфальтталады. Мал шаруашылығын дамыту бағытында жаңа қой қоралары салынып,шопандарға арнап тұрғын үйлер бой көтереді.
* * *
Ұлықпан да ұрпағымен мың жасаған. Борис аға да балаларының азамат болып, атқа мінуін армандаған шығар кезінде. Шүкір, үміті ақталды.
Үлкені Бекбол 1979 жылы Ембідегі орта мектепті бітіріп, Алматы электр-энергетика-
лық институтына оқуға түсті. Қолына диплом алғаннан кейін Феодосияда əскер қатарында болып, елге қайтарда үйге екеу болып келеді. Алматыда бірге оқып, сөз байласып жүрген қызы Күләнді Байжарқыновтар шаңырағына келін етіп түсіреді.
Ембіге келген Бекбол еңбек жолын осындағы ет комбинатында директордың орынбасары қызметінен бастайды. Еліміз тәуелсіздік алған тұста жеке кəсіпкерлікті қолға алып, ауылшаруашылығы жəне құрылыс жұмыстарымен шұғылданатын «Айвана» фирмасын ашады.
Бекбол осындай шаруаларымен жүйрік ат, асылтұқымды тұлпарларды баптап, бəйгеге қосуды да өзінің күнделікті қызығушылық кәсібіне айналдырады.
Екінші ұлы Ербол жастайынан құрылысшы болуды армандап, Мəскеудің гидромелиоративтік институтына оқуға түседі. Бірінші курсты аяқтаған соң сол уақыттағы заң бойынша комиссариат əскерге шақырып, екі жыл Балтық жағалауында Отан алдындағы борышын өтейді. Литвадағы əуе десанттары əскери құрамында шыңдалудан өтіп, 1985 жылы оқуына оралады.
1986 жылы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы кезінде ол ұлтжандылығын танытып, Мəскеудегі жүрегінде жігері бар қазақ жастарын жанына жинап, Мұхтар Шахановпен кездесуге барады, ақиқат үшін алысамын деп орталықтың қаһарына ұшырайды, тіпті оқуынан да шығып қалады.
Борис ағаның кенжесі Гүлмира мектеп бітірген соң Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Диплом алған жылы Əділбек есімді жігітке тұрмысқа шығады.
* * *
2001 жылы «Нұрдəулет мешіті» жеке қайырымдылық қоры құрылды. Содан бергі уақытта Борыс Нұрдәулетұлы көптеген игі істің ұйытқысы болды.
Алғадағы балалар үйі, «Үміт» сəбилер үйі, Тамды, Жайсаң балалар үйі, «Шағала» сауықтыру мекемесі жəне қарттар мен мүгедектер үйі оның қамқорлығынан тыс қалған емес.
2012 жылы «Алтын жүрек» қоғамдық сыйлығын алуы — «Нұрдəулет» ЖШС мен қайырымдылық қоры басшысы Борис Нұрдəулетұлының елден алған алғысы.
«Нұрдəулет» компаниясы құрылғаннан бері 300 миллион теңгені қайырымдылық мақсатқа жұмсаған.
Екі ғасыр тоғысындағы қиындау кезеңдерде Ақтөбедегі медицина институтының магистранттары мен студенттері үшін демеушілік көмек қажеттігі білінеді. Сол уақытта Борис аға бұған жанашырлық танытып, бірден қолдау білдіріп, бір топ студентті оқуын тəмамдағанша стипендиямен қамтамасыз етіп тұрыпты. Сонымен бірге білім алушы жастардың күніге үш уақыт тегін тамақтануы үшін «Қазақ» деп аталатын мейрамхана да аштырды.
* * *
Адам баласы жақсы армандармен өмір сүреді. Ұрпағым жақсы болса, халқына пайдасын тигізсе дейді.
Осындай ізгілікті ойлар Борис Нұрдəулетұлында да болғаны анық. Ол жасы ұлғайып, абыздыққа жеткен тұсында:
«…Нұрдəулеттен тараған ұрпақ жақсымен жолдас болып, халықтың қамын ойлаған, еліне еңбегі сіңген азамат болса деп армандаушы едім…
Аллаға шүкір!
Балаларымның бəрі де жастайынан ұлтжанды болып өсіп, батыр əрі би Бəйті бабалары сияқты Қазақ елінің болашағын ойлап, Қазақстанның өркендеп-өсуіне өз үлесін қосып келеді.
Бұл — біз үшін, талай қиындықты бастан кешірген ата-анасы үшін зор мақтаныш, үлкен абырой!» деп көңіл көншітер, жүрегіне тыныштық сыйлар тұжырымға келіпті.
Тіршіліктің талай сынына төзімділік танытып, алапат асулардан сыр бермей өткен Борис ағаның ғибратты ғұмырындағы аңсаған бақытының өзі осы емес пе!?
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



