Мәдениет

Жаңа премьераға шақырады

Театр

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры өткен жылды жақсы жаңалықтармен аяқтаған еді. Жаңажылдық аз үзілістен кейін, осы аптаның басында театр көрермендерімен қайта қауышты. Ал қаңтардың 23, 24-і күндерінде қазақ труппасы «Себеп — сіз» аталатын жаңа қойылым ұсынады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұжым театр сыншылары тағайындайтын CRITICS AWARDS VII марапатында «Әлия» мюзиклімен «Жылдың музыкалық қойылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сонымен қатар театр желтоқсан айында гастрольдік сапармен Франция астанасында болып, көрерменге «Қобыланды батыр» эпосы бойынша қойылған спектакльді (режиссері — Д.Жұмабаева) ұсынды. Париждік көрермен біздің театр артистерінің өнерін өте жылы қабылдап, бұл сапар да сәтті қорытындыланған еді.

Қыркүйекте біз жаңа маусымның алғашқы премьерасы ретінде Мөңке би бабамыздың 350 жылдық мерейтойына орай «Әз Мөңке» тарихи драмасын сахналадық. Бұл спектакльді көрерменге  Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов ұсынды. Осы маусымдағы екінші премьера — «Себеп — сіз» қойылымы. Ол кіші залда қойылады. «Себеп — сіз» — қазір жастар арасында танымал жанрға айналған ән, поэзия, музыка арқылы қойылатын туынды. Біз де осы бағытта бір жаңа қойылымды қолға алғанды жөн көрдік. Бұл бастаманы негізінен театр жастары көтеріп отыр, — деді қазақ труппасының көркемдік жетекшісі Бағдат Телеуғалиев.

«Себеп — сіз» қойылымының жанры драма, трагедия не комедия да емес, оның тұсына «Жанр — сіз» деп көрсетілген. Авторы — Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының жас актері Ерсін Сәрсенбеков. Көркемдік жетекшінің айтуынша, қойылым театрға көрермен ретіндежастарды, оның ішінде кітапқа жақын, оқуға құмар жастарды тартуға бағытталған.

Сонымен қатар биыл Ақтөбе топырағынан шыққан драматург қаламгерлердің бірі Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Театр ұжымы да бұл мерейтой аясындағы шаралардан тыс қалмайды.

Бұрын біздің репертуарымызда Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» драмасы болған. Дегенмен өздеріңіз білетіндей, репертуар жаңартылып отырады, қазіргі күні бұл туынды біздің театрда сахналанбайды. Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына орай біз «Ана жүрегін» жаңартып, қайта ұсынамыз ба немесе оның басқа туындысына тоқталамыз ба — бұл мәселе әзірге нақты шешілген жоқ, бірақ жоспарда бар. Сондай-ақ ең жас көрермендерді де ұмытқымыз келмейді. Балалар үшін де мамандық таңдау барысында ой салатын қойылым әзірлеу жоспарланған, — деді Бағдат Телеуғалиев.

Айта кетелік, театрдың орыс труппасы да жақын күндері көрерменге жаңа премьера ұсынады. Олар А.Островскийдің «Доходное место» комедиясын сахналайды. Премьера жексенбі күні, яғни 18 қаңтарда өтеді.

Екі труппа артистері де қазір қызу дайындық үстінде.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button