Ескертуді елемегендер айыппұл төлейді

Таза қала
Өңірде Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз кәсіпкерлік нысан» атты іс-шара өтуде. Оған қоғам белсенділері мен еріктілер, қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті учаскелік инспекторлар атсалысып жатыр.
Акция аясында кәсіпкерлік нысан иелеріне түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Іс-шара барысында Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов Алтын Орда шағын ауданы мен «Электрон» дүкені аумағындағы қар шығару, мұзды тазалау, тайғақ жерлерге құм себу сияқты жұмыстардың жүргізілу барысын қадағалады.
— «Қауіпсіз кәсіпкерлік нысан» атты іс-шара барысында 10-нан астам кәсіпкерлік нысаны иелеріне ескерту берілді. Ескертуді елемеген жағдайда жеке тұлғаларға — 20 айлық есептік көрсеткіш (79 240 теңге), шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 30 айлық есептік көрсеткіш (118 860 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 40 айлық есептік көрсеткіш (158 480 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (369 200 теңге) айыппұл салынады. Бүгінде бұл іс-шара нәтижесін беріп, кәсіпкерлік нысандары ескерту алған үш күннің ішінде өздерінің іргелес аумақтарын қар мен мұздан тазалап, қауіпсіздік мәселесіне жіті көңіл бөлуде, — дейді ол.
Жақсат Төлегенов қала көшелерін уақтылы тазалау, техниканы көбейту және әр ауданның жұмысына нақты жауаптыларды бекіту жұмыстары жалғасатынын айтты. Аталған жұмыстар тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған.
— 12 қаңтардан бері 100-ден астам нысанды араладық. Адам көп шоғырланатын Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан «Электрон» аялдамасының аумағындағы екі нысанға әкімшілік хаттама толтырылып, жеке медициналық мекеме мен дүкен иесіне ескерту берілді. Мәселен, «Романтик» гүлдер дүкені бұған дейінгі ескерутімізге құлақ асып, айналасын қар мен мұздан тазартқан. Жалпы ірі сауда орталықтары, дүкендер мен басқа да нысан иелері өз аумағының тазалығына жауапты. Бүгінде Алтын Орда шағын ауданы, Есет батыр көшесі, Әбілқайыр хан даңғылы бойынша 3 топ жасақталып, тексеріс жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінде Астана ауданы бойынша 3 000-нан аса кәсіпкерлік нысан бар болса, оның ішінде Алтын Орда шағын ауданында 415 кәсіпкерлік нысан орналасқан. Кәсіпкерлік нысандарға ескерту жасалғанымен, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілмеген нысандар да бар. Оларға қағида талаптарын бұзу Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңының 505-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, — дейді ол.
Қала тұрғыны Асылхан Қапиев ауа райына қарамастан үнемі жаяу жүреді. Ол үлкен көшелердегі үйілген қардың уақтылы тазаланғанын қалайды.
— Өзім Тургенев көшесінде тұрамын. Әсіресе қыс мезгілінде ақтөбеліктердің қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілсе деймін. Жалпы қар тазалау жұмыстарына көңілім толады. Өткен аптада көктайғақтың әсерінен жүре алмай қалған едік. Бүгінде бірқатар қала көшесіне тұз араласқан құмның себілгенін байқадым, — дейді ол.
«Қауіпсіз кәсіпкерлік нысан» атты іс-шара 24 қаңтарға дейін жалғасады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.


