Тағзым

Кемел істің кісісі еді…

Кемейдулла Төлеубайұлы есімі бүгінде тарих қойнауына еніп бара жатқан кешегі кезеңнің көрнекті бір тұлғасы, келісті бір көшбастаушысы ретінде есте қалды десек, артық айтқандық емес.

Оның ғибратты ғұмыры алға ұмтылудың, жігер мен кемелділіктің, адамгершілік пен ақсақалдықтың үлгісі іспетті.

Көптеген игілікті істің бастауында жүрген абзал жанның арамыздан кеткеніне де он жылдың жүзі болыпты…

Оның өмір мектебі

Кемейдулла ағаның жүріп өткен жолдарын бір тегіс тақтайдай болды деп айтуға болмайды.

Оның әлі де есін жимаған балалық шағы отызыншы жылдардың аштығымен тұспа-тұс келді. Өздеріне жетер-жетпес аз-кем шаруасы бар, өз тірлігін әл-қадірінше жүргізіп келе жатқан әкесі ағайынның жалалы істерінен өмірден баз кешеді. Сол оқиғаның мән-жайын есейе келе анығырақ сезінген ол тіршілік заңының қаталдығын да ертерек ұғынады. Сондықтан да ма екен, заңгер болуды мақсат тұтады. Осы салада жоғары білім алып шыққан соң еңбек жолын Алматыдағы Қауіпсіздік министрлігі саласының әскери трибуналынан бастайды. Сонда әскери сотта мәжіліс хатшысы деген лауазымды алып жүреді.

1954 жылы елге оралып, әуелі Шалқар ауданында, одан кейін Хромтау аудандық прокуратурасының тергеушісі болып қызмет істейді. Облыс прокуроры Иван Кацай жас маманға жан-жақты қолдау көрсетеді. Сол кезде оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы қызметке шақырады. Алайда аудан басшылығы білікті кадрды жібермей, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындап, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі етіп сайлайды.

1962 жылы жаңадан құрылған Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылғанда Кемекең біраз тәжірибе жинақтап, шыңдалып келіп еді.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Журин:

«Кемейдулла, мен Ақтөбеге 1963 жылы Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетіне бірінші хатшы болып келгенімде, сен осында әкімшілік, сауда, қаржы бөлімінде нұсқаушы болып қызмет істейді екенсің. Мамандығың — заңгер, партия жұмысында жеті жыл істеп, тәжірибе жинақтағаныңды білдім. Әртүрлі тапсырма беріп, шамаңды да байқадым. Осындағы өлкелік тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы Макаров пен өлкелік ауыл шаруашылығы бастығының бірінші орынбасары Войнаревичтің моральға жат қылықтарына қатысты материалдарды зерттеп, тексеруді саған тапсырғанымда, сен оларды Ақтөбе, Алматы қалалық партия комитеттері арқылы, ал басқа республикалардағы жағдайларға қатысты деректерді анықтау үшін өзіңнің лауазымдық мәртебең жетпеген соң сонау Қырғызстанға, Ресейдегі Саратов қаласына менің атымнан қатынас жазудың ретін тауып, сөйтіп, барлық жағдайды анықтап, дәлелдеген мұқият ісің де жадымда» деген сөз Кемейдулла ағаның тиянақтылығы мен жауапкершілігінің бір көрінісі іспетті.

Ырғыздың ырысы, Қарабұтақтың тынысы

Кемейдулла ағаның өмір жолында Ырғыз бен Қарабұтақ өңірінің алатын орны ерекше. Өйткені, ол ат үстінде жүріп еңбек еткен қызу жылдарын осы аудандарға арнады.

1969 жылдың ақпан айында оны республика басшысы Дінмұхаммед Қонаев қабылдап, Ырғыз ауданының бірінші хатшылығына бекітті. Сонда «Шырағым, есіңде болсын, ұмытпа, Ырғыз — бүкіл елге белгілі тарихи аудан, ол жерден халыққа қызмет еткен ірі тарихи тұлғалар шыққан. Енді сол Ырғыздың экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін жақсылап жұмыс істеу қажет», — деп жас басшының алдына нақты міндеттер қойды.

Нақ сол тұста Ырғыз қай жағынан да қиындық құрсауында тұрған-ды. Жерінің орталықтан шалғайлығы, қатынас жолының жоқтығы, әлеуметтік мәселелердің жинақталып қалуы — осының бәрі қандай да бір тапсырмаларды орындауға кедергі келтіретіні анық-ты.

Сол тұста республиканың экономикалық-әлеуметтік дамуы нашар және кешеуілдеп келе жатқан отыз аудан туралы арнайы мәселе қаралды, жергілікті жағдай жан-жақты зерттеліп, сол өңірлерге жәрдемдесуге қатысты шаралар қабылданатыны белгілі болды. Бұл тізімге Ақтөбе облысынан Ырғыз ауданы ілікті.

Бұған дейін Ойыл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып келген Кемейдулла Төлеубайұлының мұндағы басшылық қызметі осы тарихи сәтпен тұспа-тұс келді.

Бұл қолға беріліп тұрған үлкен мүмкіндік еді. Орындалуы алдағы он жылға белгіленетін шараларды жүзеге асыруға тиісті республикалық министрліктер мен ведомостволардың алдына қойылатын ұсыныстарды дайындау қажет болды.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Журиннің: «Кемейдулла, қабылданатын қаулының Ырғызға пайдалы болып шығуына өзің ғана жауаптысың, сондықтан қапы қалып қойма!» деуі оның жігерін жани түседі.

Дінмұхаммед Қонаев жүргізген бюро мәжілісіне он тоғыз министр, басқа да жауапты органдардың басшылары қатысады. Ырғыздың жаңа хатшысы он бес минут баяндама жасап, елдегі ахуалды егжей-тегжей баяндаған соң, бюрода ендігі жұмысты комиссияға тапсыруға шешім қабылданады. Комиссия дайындаған қаулы жобасымен нақты шешім алынбақшы болады.

Нақтылап айтатын болсақ, сол жиында Кемейдулла Төлеубайұлының жанкешті қимылы, дәлелді тұжырымдары арқасында Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген 43200 шаршы метр орнына 121 мың шаршы метр көлемінде үй салдыруға қол жеткізеді.

Шалқардан Ырғызға дейінгі автожол құрылысы мәселесі де осы жиын үстінде шешімін табады.

«Казсельхозтехника» аудандық бірлестігін ашу жайы да біршама дау-дамайдан соң ырғыздықтардың пайдасына шешіледі.

Ақырында, он жылға белгіленген қаулы тоғыз жылда толық орындалады. Осы кезеңде аудан орталығы — Ырғыз селосындағы және барлық 422 елді мекендегі құрылыс типтік жобамен жүргізілді. Ырғыз селосы түбірлі өзгерісті бастан кешті: мұнда су құбырлары, жылу жүйесі жүргізілді. Екі қабатты байланыс торабы, қонақүйі пайдалануға берілді.

Ырғызда орнатылған биік телемұнараның құрылысын Байланыс министрі Әбдіразақ Елібаевтің өзі тікелей қадағалап, жұмысқа басшылық жасайды. Осылайша 1976 жылдан бастап Ырғызда облыста тұңғыш рет түрлі түсті телеарна жүйесі қызметін тұрғындар пайдаланатын болды.

Калинин атындағы, «Ырғыз», «Нұра» кеңшарлары аумағында, Ырғыз селосында жалпы алғанда ұзындығы 162,6 шақырымдық су құбыры салынды. Барлық кеңшарға, бөлімше орталықтарына, өзге де елді мекендерге электр жүйесі тартылды. Жаңа тұрғын үйлер көше бойында сап түзеп, кеңсе, мектеп үйлері бой көтерді. Ырғыз бен Шалқар, Ырғыз бен Қарабұтақ арасында көтерме автожол тартылып, Ырғыз өзенінің үстінен екі көпір бой көтерді.

Қазақстанның Автокөлік министрі Әнуар Жақыпов шалғайдағы ауданның қиыншылықтарын көзімен көрген соң Ырғызға 130 жүк автомобилін бөлуге пәрмен берді.

Ауданда басқа да көптеген шаруа тындырылды. Мал басы өсті, олардың өнімдерін өндіру артты, мемлекетке арзан ет, сапалы жүн тапсырылды.

Қысқасы, Кемейдулла аға Ырғызды көтерді, Ырғыз халқы Кемекеңді көтерді.

…Ердің жасы — елуінде Кемейдулла Төлеубайұлы Қарабұтақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады.

Бұл кезде Ырғызға қатысты жоғарыдан қабылданған тарихи қаулының барлық тармағы орындалып, өркенді өңір жаңа белесіне қадам басқан-ды.

Негізінде, Ырғыз бен Қарабұтақ — тамырлас, тағдырлас аймақтар. Жерге нәр беретін Ырғыз өзені осы екі ауданның үстімен өтеді. Былайша айтқанда, екі өңірдің ауылы аралас, қойы қоралас.

Қарабұтақта басшы болған бес жылда да өңірде біраз өзгеріс орын алды. Ауданда егіншілік саласын дамытуға көңіл бөлініп, жаңа астық қоймалары салынды. Агротехникалық шараларды жоғары деңгейде жүзеге асыру нәтижесінде 1981 жылы егіннің әр гектарынан көрші астықты Комсомол ауданындағы сияқты 12 центнерден өнім алынып, мемлекетке бұрын-соңды болмаған мөлшерде — 4 миллион 900 мың пұт астық тапсырылды. Бұл ауыл еңбеккерлерінің мерейін көтеріп, жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіре түсті.

Аудан орталығы Қарабұтақ селосында, кеңшарларда типтік жобамен жаңа тұрғын үйлер, мектеп ғимараттары, биік жаңа телемұнара, әртүрлі өндірістік нысандар, айналма автожол, Талдыққа тура жол салынды. Ырғыз өзеніндегі ескі көпір жаңартылды.

Үкімет қаулысына сәйкес Ырғызды ілгерілетудегі жоғары басшылықпен тығыз байланысы Қарабұтақтағы басшылық кезінде де пайдасын молынан тигізді.

Тіл жанашыры, үлкендік үлгісі

Кемейдулла аға біраз жыл халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымына басшылық жасады. Бұл қызметте ол атқарған істердің бәрін санамалау қазір мүмкін болмас.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Өмірзақ Айтбайұлы сыйлас ағасы туралы былай деп жазғаны бар:

«Кемекеңнің өмірден көргені де, көкірегіне түйгені де мол, кісілікті жан еді. Өзі де сыйлай білетін, өзін де сыйлата білетін. Мамандығы заңгер болғандықтан ба, ол кісі өте қисынды ойлап, жүйелі де шешен сөйлейтін. Артық не кем түспей, әрбір сөзін дәлелмен, фактімен негіздеп отыратын. Сонымен қатар Кемекең қазақтың ескілікті әңгімелері мен жөн-жоралғысын да мейлінше жетік білетін. Сөйлеп кетсе шешен, бастап кетсе көсем еді. Бұл қасиет, сірә, Кемекеңе түп атасы Мөңке биден дарыса керек. Сондықтан да болар, ол кісінің пайымына, айтқан пікіріне хан да, қара да құлақ асып, ден қоятын».

Ол Кемекеңмен алғаш танысқан күннен бастап бір-бірін бұрыннан білетін етжақын адамдардай етене араласып кеткенін, сөзі мен ісі, ақылы мен парасаты бірдей үйлескен бұл азаматпен ағалы-інілі бауырлардай сыйлас жандарға айналғанын сүйіспеншілікпен айтыпты.

Еліміздің күретамыры атанған теміржол саласында қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында 2000 жылдардың басында Астанаға әдейі барып, «Қазақстан теміржолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Абылай Мырзахметовпен кездескені бар. Ашық әңгімелесу, парасатты пікірлесуден соң теміржолдың барлық тасымалдау бөлімшесінде инспектор дәрежесіндегі үйлестіруші қызметі штатын енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ тіл мәселесімен шұғылданатын осы маманның қызмет бабындағы іссапар шығындары мекеме есебінен шешілді.

Кемейдулла ағаның бұл игілікті бастамасын көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Өйткені мұндай шаруалардың талайын ол кісі айқай-шусыз, дабырасыз атқара беруге қашаннан дағдыланған-ды.

Кемейдулла ағаның кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдырған бір оңды шаруасы – «Шекті Мөңке би Тілеуұлы» және «Шекті Тілеу батыр Айтұлы» атты екі кітапты құрастырып, бастырып шығаруы.

* * *

Кемейдулла аға абзал жары Ажар апа екеуі өмірге ұл да, қыз да әкелді. Олардың бәрі де азамат болып, ата-ана үмітін ақтады, немерелер сыйлады.

Қазақ елінің белгілі басшысы Бәйкен Әшімов аға Ырғызға келген сапарында бесікте жатқан кенжесі Мұратқа «бауы берік болсын!» деп ақ тілегін айтқан екен.

Бүгінде сол Мұраты елдік істерге араласып, әкенің ұлағатты ізін лайықты жалғастыруда.

Адам ұрпағымен көгереді ғой.

Кемейдулла аға есімі де жаңа заман адамдары жадында осылайша жалғасуда.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button