Туған жер деп соғады жүрегіміз

Сағыныш
Атамыз адал еңбегімен, парасатты болмысымен, елге жасаған жақсылығымен көпке үлгі болған тау тұлға еді. Ұрпағына ізгі тәрбие, адалдық пен еңбекқорлықтың жолын көрсетіп кетті. Жарқын бейнесі, айтқан нақыл сөздері, мейірімі — мәңгі жадымызда.
Кәдірбай Жолдасұлы 1929 жылы 5 қазанда Ырғыз ауданы Тепсең ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, алғыр, еңбекқор болып өскен ол 1949 жылы Ырғыздағы Сталин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға қабылданады.
Жоғары білім алған соң, қарапайым мұғалімдіктен бастап, білім беру саласының түрлі сатыларында аянбай еңбек етті. Қарабұтақ аудандық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық партия комитетінде лектор болды.
Ғылым жолында еңбектеніп, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады. Ол 1976-1991 жылдары Ақтөбе медицина институтының философия және тарих кафедрасында ұстаздық етті.
Ұлағатты ұстаз Кәдірбай Жолдасұлы Ақтөбе педагогикалық институтында, Батыс Қазақстан заң институтында, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде де жемісті еңбек етіп, бірнеше буынға тарих пен адамгершіліктің өнегесін дарытты.
Кәсіби білімі мен адами болмысы қатар өрілген Кәдірбай Жолдасұлын зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өзі еңбек еткен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің басшылығы мен ұжымы әрдайым қадір тұтты. Университеттің ардагер ұстазы ретінде мерекелер мен атаулы күндерде үнемі назарда ұстап, арнайы құттықтаулар мен сый-құрмет көрсетіп отырды. Сонымен қатар С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің басшылығы мен ұжымы ардагер ұстаз ретінде Кәдірбай Жолдасұлының еңбегін ерекше бағалап, әрдайым құрмет көрсетті.
Ұстаздық пен ғалымдық жолында жүздеген шәкірт тәрбиелеп, артында өнегелі ұрпақ қалдырды.
Тоқсан төрт жыл ғибратты ғұмыр кешкен оның өмірі — тұтас ұрпаққа үлгі болар өмір мектебі. Ата-баба дәстүрін ардақ тұтқан атамыз отбасы мен ұрпағын тәрбиелеуде де парасаттылық танытты. Біліммен ғана емес, өрісті өнегемен, адами биік қасиеттермен немерелерінің бойына ізгілік дарыта білді.
Немерелеріне тәлімді тәрбие беріп, ерекше ықыласпен өсіріп, олардың бойына білім мен тәртіпті қатар сіңіріп өсірді.
Үлкен немересі Мирас — елордадағы беделді университетті сәтті аяқтап, бірнеше тілді меңгерген, заманауи көзқарасты білімді жас ретінде атасының үмітін ақтап, болашағынан зор үміт күттіретін жас маман. Немересі Наргиз — үздік бағаларымен көзге түсіп жүрген екінші курс студенті. Білімге деген құштарлық, еңбекқорлық пен табандылық Әлімжанның бойынан анық байқалады.
Ол туған жері Тепсеңді ерекше сүйіп өтті. Сол қасиетті топыраққа деген сағынышын жүректен шыққан жыр жолдарымен өрнектеп кеткен еді…
ТУҒАН ЖЕРІМ — ТЕПСЕҢІМ!
О, Тепсеңім, Тепсеңім,
Бергенің маған көп сенің.
Аман-сау қазір жүргенім,
Арқаң ғой тек сенің.
Туғаннан бастап анамнан,
Бәрін алдым даламнан.
Аямадың барыңды,
Бауырыңда өскен балаңнан.
Қазақы үйде қараңғы,
Өмірге келіп таң алды.
Кеңейтіп өкпе жұттым мен,
Ертеңгі таза ауаңды.
Іштім мен мөлдір суыңды,
Суыңмен денем жазылды.
Шипасы болар сол судың,
Жүргенім аман бүгінгі.
Көк жуаң өскен кұмыңда,
Иісі әлі мұрында.
Тұрғызатын жатқанды,
Салқын тиіп буынға.
Сен үйреттің балаңды,
Өмірге оймен қарауды.
Білуге жақсы-жаманды,
Сезуге адал, арамды.
Мектепте, сенде ашылған,
Үйрендім оқып, жазуға.
Үйреттің сен жасымнан,
Инемен құдық қазуға.
Жеті батыр жырының,
Оқылмай бірі қалмады.
Тыңдайтын кеште жиылып,
Көрші-көлем маңдағы.
Кеткен жоқ босқа бергенің,
Рақмет, туған Тепсеңім.
Осылардың бәрі де,
Арқаңда тек сенің.
Жеңіс үшін, ел үшін,
Майданға бердің барыңды.
Тізіммен бізге таратып,
Ауысып қалғандарыңды.
Азғана мал сенде бар,
Шамалы астық сенде өскен.
Арқасында шықтық қой,
Ашаршылық көрместен.
Отбасын құрып әкеміз,
Келін боп шешем түскен жер.
Қаны тамған кіндіктің,
Жүруге тұсау кескен жер.
Құтты қоныс болған жер,
Аталарым да, әкем де —
Топырағыңды жамылып,
Ұйықтап мәңгі қалған жер.
Сонан кейін Тепсеңім,
Іздеп сені бармадым.
Бір ғана көру тек сені,
Жүрсе де болып арманым.
Кешіре гөр, кеш мені,
Атамекен Тепсеңім.
Ұмыта алман еш сені,
Бергенің маған көп сенің.
Кеш жақсы деген ештен де,
Жетпіс жыл уақыт өткенде.
Келуім туған Тепсеңге,
Тоқсаннан жасым кеткенде.
Келіп тұрмын көруге,
Бас иіп сәлем беруге.
Киелі мекен өзіңе,
Сенші айтқан сөзіме.
Ағызып көзден жасымды,
Қараймын атамекенге.
Тигізсем жерге басымды,
Жарарма борыш өтеуге?!
Кешірім сұрап келген бұл,
Өзіңнің Кәдірбайыңмын.
Келмедің деп ұзақ жыл,
Сөксеңде мен дайынмын…
Құшақтап сүйіп жерімді,
Тарқатайыншы шерімді.
Шүкірлік етем Аллаға,
Жеткізген сені көруді…
…Жаны жайсаң, сөзі үлгі, ісі өнеге болған Атамыздың жарқын бейнесі, ақыл-кеңесі мен өмірлік ұстанымдары артында қалған ұрпағына — мәңгілік мұра,қалдырған ізі ұрпағының жүрегіндесақтала бермекші.
Атамекен, туған жерге деген суымас сағынышын, мәңгілік махаббатын жүрегін жарып шыққан өлең жолдарымен өрнектеп, бізге сол арқылы аманат артып кеткендей болды…
Шынар ЖАРЖАНОВА,
заң ғылымдарының магистрі.



