Мәдениет

Бабалар рухы асқақтаған кеш

Жыр

«Қырымның қырық батыры: ерлік пен елдік дастаны» атты жыр кеші облыстық халық шығармашылығы орталығының ғимаратында өтті. Жақында ғана жөндеу жүргізілген ғимараттың залы лық толды. Жиналған жұрттың лебізінен жоғалтып ала жаздаған бабалар өнеріне деген шынайы жанашырлық сезіліп тұрды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осыдан 5 жыл бұрын облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ұйымдастырылған еді. ХХ ғасырдың ішінде «ескіліктің жұрнағы» ретінде қудалауға түсіп, үзіліп қала жаздаған жыршылық дәстүрге деген халықтың ықыласыөшпеген екен: 7-40 жас аралығындағы көптеген адам жыр мектебінен дәріс алуға тілек білдірді. Олардың ұстаздары — жыршы, ҚР мәдениет саласының үздігі Әділбек Сарин, әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, музыка маманы Бөрібай Кәртен, Жеңіс Елемесов.

Бүгінде шәкірттердің алды Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында, Астанада, т.б. қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Бұл шәкірттер енді жыр өнерінің қайта түлеп-жаңғыруына зор үлес қосады деп үміт ете аламыз. 13 қаңтар күні өткен кеш те соның дәлеліндей болды.

Алдымен сахнаға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова шығып, құттықтау сөз сөйледі.

5 жыл ішінде «Ер Едіге» жыр мектебі бабалар өнерін насихаттап, оны болашаққа, ертеңгі ұрпаққа жалғау ісіне зор үлес қосып отырған рухани орталыққа айналды. Бүгінгі кеш — өңірдің мәдени өміріндегі үлкен оқиғаның бірі, — деп, жыр мектебі ұстаздарының еңбегін атап өтті.

Сондай-ақ ол мәдениет саласындағы жаңалықтарға да тоқталды.

Өздеріңіз көріп отырғандай, бұрынғы Металлургтер мәдениет үйінің ғимараты облыстық халық шығармашылығы орталығына берілген болатын. Бүгін жөндеуден өткеннен кейін алғаш рет өнерсүйер қауымға есігін ашты. Былтыр желтоқсан айында Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры Париж қаласында гастрольдік сапарда болып, еуропалық көрерменге «Қобыланды батыр» қойылымын ұсынған еді. Көрермен оны өте жылы қабылдады. Сапар барысында біз бұл туындыны сәтті таңдағанымызды түсіндік. Бабалардан қалған, ұлы жыраулар жеткізген эпос, жырларымызды барынша насихаттауға алда да көңіл бөлінеді. Сондықтан жыршылық өнердің болашағы зор деп сенемін, — деді басқарма басшысы.

«Ер Едіге» бір кеш, бір күнде айтып тауысатын жыр емес. Бұл — түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы, соның ішінде біздің өлкеміздің тарихына тікелей қатысы бар дастан. Бастапқыда жырдың негізгі үш бөлігінен үзінділерді — Әбілхасан Нұрпейіс («Аңшыбай батыр»), Бақыт Арыстанғалиева («Парпария батыр»), Мұрат Ақарыс («Құттықия»), Жеңіс Елемесов («Едіге батыр»), Төлеген Берен («Нұрадын хан»), Ырыскелді Сәрсенбай («Мұса хан»), Қазбек Хамитов («Орақ, Мамай») орындады.

Сондай-ақ кеште Ақжарқын Еркінбаева, Айым Гелманова, Ділназ Қуаныш, Жеңіс Әкімжан, Жақсылық Мұстафа, Тихон Козлов, Алтынай Жетесова, т.б. барлығы 40 жас жыршы сахнаға шықты. Бәрі де баяғының жыршылары секілді алдымен алғысөзін айтып, тыңдарманды оқиғаға қызықтырып алып, әрі қарай жырға кезек берді. Олардың орындау шеберлігін бағалау мамандардың ісі деп білеміз, ал қалың тыңдарман әрқайсысын ыстық ықыласпен қолпаштап, жас жыршыларға деген тілеулестігін жеткізіп отырды. Шәкірттер қазіргі күні шағын ұжымдар құрып та өнер көрсетіп жүр. Мысалы, «Көзайым» ансамблі, «Сақ тау» триосы осы кеште халық алдына шықты.

Кеште жыршыларға облыстық мәслихат пен демеушілер атынан да ілтипат көрсетілді. Облыстық мәслихат депутаты Боран Ізбасов құттықтау сөз сөйлеп, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісіне мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның атынан Алғыс хат тапсырды. Ал «Хабар-Сервис» ЖШС директоры Мұхтар Әбілқайыров жас жыршыларға сыйлықтар табыстады.

Айта кетелік, «Ер Едіге» жыр мектебінің 5 жылдығына арналған негізгі концерт алдағы айлардың біріне жоспарланып отыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button