Білім

Жаңақоныстың жаңа мектебі

Жаңа жылдан бастап Ақтөбе қаласының Жаңақоныс-2 шағын ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа жалпы білім беретін мектеп өз жұмысын бастады.

Мектептің ашылуы қарқынды дамып келе жатқан шағын аудан тұрғындары үшін маңызды оқиғаға айналды. Жаңа білім ордасы қаладағы қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтып, балалардың тұрғылықты жері бойынша сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайтыны сөзсіз.

Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Ләззат Асабаеваның берген дерегіне сүйенсек, мектеп 600 оқушы орнына есептелген және мектепалды даярлықтан бастап жоғары сыныптарға дейінгі жалпы орта білім берудің барлық деңгейін қамтиды. Қазіргі таңда мұнда 662 оқушы білім алып жатыр. Бұл жаңа мектептің тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Мектепте 48 оқу кабинеті жұмыс істейді, оның ішінде негізгі пәндер бойынша жабдықталған арнайы кабинеттер бар. Оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамыту мақсатында физика, химия және биология пәндері бойынша зертханалар жабдықталған. Сонымен қатар информатика, еңбекке баулу сабақтарын өткізуге, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға толықтай жағдай жасалған.

Оқушылар үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген заманауи спортзал бар. Сонымен бірге мектепте акт залы, кітапхана және оқу залы жұмыс істейді. Бұл орындарда сабақтармен қатар, тәрбиелік, мәдени және сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мектептежоғары кәсіби даярлықтан өткен педагогикалық ұжым, соның ішінде  «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы» және «педагог-модератор» біліктілік санатындағы мұғалімдер де еңбек етеді. Бұл заманауи білім беру әдістемелерін енгізуге және оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Мектепте педагог-психолог, әлеуметтік педагог, логопед және дефектолог жұмыс істейді, бұл балаларға уақтылы жан-жақты көмек көрсетуге және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға жағдай жасайды.

Жаңақоныс-2 шағынауданында жаңа мектептің ашылуы — білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты және «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру жолындағы маңызды қадам. Жоба өскелең ұрпақ үшін жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button