Жыр кешіне келіңіз!

Өнер
Облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылғанына 5 жыл толып отыр.
Осыған орай «Ерлік пен елдік дастаны» атты жыр кеші ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға 40 жас жыршының орындауында «Қырымның қырық батыры» эпосы ұсынылмақ.
«Қырымның қырық батыры» мен оның тармақтары бізге Нұрым, Нұрпейіс, Қашаған, Мұрын, т.б. жыршы-жыраулар арқылы жетті. Мысалы, «Қарасай-Қази» жырының Нұрпейіс Байғанин жырлаған нұсқасы кеңінен танымал.
«Ер Едіге» жыр мектебінің жас талапкерлерін жыршы, мәдениет саласының үздігі Әділбек Сарин өнерге баулып жүр. 5 жылдың ішінде оның шәкірттері республикалық, аймақтық, облыстық деңгейдегі бірқатар байқауда жүлделер алды. Сонымен қатар жас жыршылар Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында және Ақтөбедегі «Сарқыт» мейрамханасында дәстүрлі түрде жыр сағаттарын өткізіп, аудан орталықтары мен ауылдарда да өнер көрсетіп, жыр өнерін қайта түлетіп, жаңғыртуға үлес қосып келеді.
«Ерлік пен елдік дастаны» жыр кеші 13 қаңтарда облыстық халық шығармашылығы орталығының ғимаратында (бұрынғы Металлургтер мәдениет үйі) өтеді. Уақыты — 14.00.
Өз тілшіміз.



