Ақтөбеде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бүгінгі жәрмеңкеге Алға, Темір және Хромтау аудандарынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен қатар Ақтөбе қаласының кәсіпкерлері де өз өнімдерін ұсынды.
Сауда сөрелеріне жалпы 2,1 тонна ет өнімдері, 1,3 тонна сүт өнімдері қойылды. Оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларының өнімдері де бар. Ақтөбеліктер тауарларды нарықтағы бағадан 15–20 пайызға төмен бағамен сатып алды.
Облыстың ауыл шаруашылық басқармасының мәліметінше, мұндай жәрмеңкелер қаңтар айының соңына дейін әр сенбі сайын ұйымдастырылып, өткізіледі. Мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру және халықтың сапалы өнімдерге қолжетімділігін кеңейту.









