Мәдениет

Қабырғадағы қиял: барельефке бет бұрған ардагер

…Ол үнемі сабырлы қалпымен, үлкен ойдың үстінде жүреді. Шығармашылық қиялдың томағасын сыпырып, табиғаттың мың сан құбылысын көз алдына елестетеді. Алдымен бейненің сыртқы пішінін, содан кейін түсін ойша кестелейді. Осы екі ұғымды ат құлағындай теңестіргенде ғана өз мақсатына жеткендей ерекше сезімге бөленеді. Бар болмысы бейнелеу өнерімен өрілген ардагер суретші Жұмағазы Ешмұқанбетовтың қылқаламы әлі де майлы қалпында. Төмендегі сұқбатқа назар салсаңыз, сіздің соған көзіңіз нақ жетеді.

—Жұмағазы аға, әңгімеміздің  әлқиссасын әкеңіз — Қырықжігіт ақсақалдың өмір жолынан бастасақ деймін. Көз көргендердің айтуынша, ол кісі өз дәуірінде беделі биік, сөзі өтімді, абыройлы азаматтардың бірі  болыпты…

—«Халық айтса, қалып айтпайды» деген емес пе? Көпшіліктің әкем туралы әлі күнге дейін айтатын осындай ыстық-ықыластарын естіп, бір марқайып қаламыз. Аманатын арқалап, шаңырағын ұстап қалған  ұлы ретінде ата-анамыздан қарапайымдылықты, біреудің ала жібін аттамауды, бойыңда бар қасиетті өмір бойы ұштап, халқыңа адал қызмет етуді үйрендік.

Ашаршылық кезеңінде арғы ата-бабаларымыз Қарақалпақстан елінің Мойнақ ауданына табан тіреген екен. Сол елдегі Үрге деген ауылда әкем Қырықжігіт 1924 жылы өмірге келген. Туған апасы Ақсүйрік Ешмұқанбетқызы сол жердің халық қалаулысына айналған абыройлы жан болыпты. Соғыс жылдарында тылда жұмыс істейтін әйелдер бригадасын басқарған. Арал теңізінің бір шетімен шектесетін жағалауда балық шаруашылығын ұйымдастырудағы өнімді еңбегі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.

Әкеміз сол елден 1942 жылы соғысқа аттанып, майдан даласында пулеметші бола жүріп, ауыр жараланады. Елге Отан соғысы аяқталғаннан кейін, әскери қызметіндегі борышын өтеп 1947 жылы оралады. Бірде Шалқардағы ағайындарына келіп, осындағы теміржол бойына жұмысқа орналасып, ата қонысқа тұрақтап қалады. Қолының ісмерлігі бар әкем жерде жатқан қара темірді аяққа баспай қадірлеп, құрал-сайманы әрдайым сайлаулы жүретін ұсынақты ұста болды. Кезінде Шалқардағы автобазада жұмыс істеп, тұрғылықты халыққа шеберлігімен танылды. Анам Нәментай да өнерден қара жаяу емес еді. Қолынан ине-жібі түспей, қазақы дәстүріміздегі түрлі оюларды ойып, құрақ көрпелер тігетін-ді. Біз құрсақтан — 4 қыз, бір ұлмыз.

Әкем Қырықжігіт Ешмұқанбетұлы аталған кәсіпорыннан құрметті еңбек демалысына шыққан соң, аудан орталығындағы аңшылар қоғамын басқарды. Бұл қызметте 1988 жылға дейін жемісті еңбек етті. Табиғатынан жүрегі жомарт, жаны кең әкемнің тілеулес достары көп болды. Аңшылық қоғамында бұрыннан қалыптасқан қатал талаптардың шідерін сәл босаңсытып, халық мүддесін көздеп, елмен етене араласып қызмет етті. Әкемнің де аңшылық қасиеті болды. «Сенің әкең аңшылық қоғамына келгеннен кейін қазақтар арасында аңшылар көбейді ғой…» деп, көпшіліктің риза кейіппен айтатыны, әлі күнге дейін жадымда.

—Қазір темір тұлпар міну — қалыпты жағдай, материалдық құндылықтың өлшемі болудан қалып барады. Ал бұрын көлікке екінің бірінің қолы жете бермеген. Сондай кезеңде әкеңіз Қырықжігіт сүліктей қара «Волгамен» жүрген екен…

—Иә, бұныңыз рас. Сән салтанаты келіскен бұл «Газ-24» маркалы жеңіл көлігі сол кезде Шалқарда екі-ақ адамда болса, соның бірі — біздің әкеміздікі еді. Сөзімнің басында айтқанымдай, әкем соғысқа қатысып, ауыр жараланған адам. Соғыстан кейін сол қырғи-қабақ қақтығыстан қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. Майдан даласындағы осындай ерен еңбектері ескеріліп, оған елге оралған соң «Жигули» көлігі берілді. Кейіннен осы көлігін сатып, үстіне жиған-тергенімізді қосып, Мәскеу қаласынан «Волга» көлігін алып келдік. Бұрынғы кезде ел мен жерді аралап,   сыртқа шығып жүрген Шалқарымызда азаматтар аз болатын. Осы сапарда әкемнің тілеулес інісі, Шалқарға белгілі сынықшы Сабыр Ахметов ағамыз жолбасшы болып, бізге еріп барды. Сабыр ағамыз бір қарағанға байсалды көрінгенімен, үлкен орталарда өткір сөйлейтін, өз заманының кеуделі азаматтарының бірі болды. Бұл кісі заманның күрделі кезеңінде сауда жолында жүріп, сырт елдерге жиі қатынады. Көптің қолы жете бермейтін көліктерді алғашқылардың бірі болып мініп, ел ішінде өзгеше дәуірдің лебін сездірді. Алдына ем іздеп барған адамға білегін сыбанып, аянбай қызметін көрсетті. Осындай жігерлілігімен халықтың құрметіне бөленді.

Марқұм әкем  өзіне ғана сенетін еңбекқор, тәуекелшіл інілеріне әрдайым ізетін аямады. Ал біздерге үнемі жақсыларды  үлгі етіп, «Біреудің еңбекақысын жеме, біреуді алдап кетпе, еңбек ет, ерінбеңдер» дейтін-ді. Ғұмыр бойы адал еңбектің жемісі баянды боларын балаларының санасына сыналаумен өтті. Сіздің сұрағыңыздың өзегіне айналған «Волга» көлігі — әкемнің сондай еңбексүйгіштігінің шынайы өтеуіндей, маңдай терінің белгісіндей болды. Ол көлік иесіне мүлтіксіз қызмет етіп, талай жылғы серігіне айналды.

—Қылқаламды серік еткен бала Жұмағазының өмірінде әкенің бағыт-бағдары, тәлім-тәрбиесі қандай болды?

— Әкем — соғыс көрген адам. Ондай жандар үшін бейбіт күннің әр сәті баға жетпес дүние. Ол үшін ең бастысы — ел тыныштығы мен барға қанағат ету. Дегенмен әкем бізге «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген қағиданы ерте ұғындырды. Қолымыздан келетін істі дамытып, өмірлік ұстанымның бір бөлігіне айналдырғанымызды құптады. Шалқар қаласындағы №1 орта мектепте оқып жүргеннен мен сурет салуға әуес болдым. Мектеп бітірген соң, 1971 жылы Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы суретшілер училищесінің театр-декоратор суретшісі бөліміне түсіп, оны 1977 жылы тәмамдадым.

Осы  оқу жылдары (1973–1975) Ресейдің Омбы қаласында әскерде болдым. Ол кезде Гоголь атындағы училищенің беделі республика бойынша жоғары еді. Тіпті Мәскеудегі өнер оқу орындарына түсу үшін алдымен осы училищенің қабырғасынан өту шарт саналатын. Диплом жұмысымды әйгілі Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы бойынша қорғап, мемлекеттік емтиханды «өте жақсыға» тапсырдым. Дипломдық жұмысыма белгілі театртанушы, педагог, өнертану ғылымдарының докторы Бағыбек Құндақбайұлы қатысып, жоғары бағасын берді.

—Бірге оқыған курстастарыңыз да өзіңіз секілді өнерге бейім, дарынды жандар болған шығар?

Әрине, өнер ордасында бірге оқығандардың барлығы да қылқалам сырына терең бойлаған таланттылар еді. Олар көбісі осы мамандықтарымен елімізде абыройлы қызметтер атқарды.  Қазақтың әйгілі кескіндемесіші, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлназия Қастеевамен және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Жұмақын Қайрамбаевпен бірге оқыдым. Қазақтың сурет өнеріне маңдай терін сығып, еңбек еткен басқа да курстастарымыз болды.

—Оқу орнын үздік тәмамдаған түлек ретінде сізге өнер ордасы — Алматыда қалып, шығармашылық жолды сонда жалғастыру жөнінде ұсыныс болған жоқ па?

—Өнердің жолы — ұлы жол. Біреулер оны тағдырға балайды. Ал меніңше, өнерге ең әуелі адалдық қажет. Тазалық болса, бойыңдағы қасиетті қастерлесең, сені өзі-ақ биікке көтереді. Оқу бітіргенде маған түрлі ұсыныстар болды. Өзге облыстарда ашылып жатқан театрларға суретшілік қызметке баруға жолдамалар берілді. Мен олардың барлығына барудан бас тартқанымда, Алматы көркемсурет училищесінің директоры Ақырап Жұбановтың ренжігені әлі есімде.  Шаңырақтағы жалғыз ер бала болғасын, барлық ұсыныстарды қабылдамай, туған жерім — Шалқарға оралдым. 1977 жылы аудандық мәдениет үйінде методист-суретші болып  алғашқы еңбек жолымды бастадым.

1981 жылдан бастап аудандық мәдениет бөлімі жанынан сурет шеберханасы ашылып, мен сол шеберхананың меңгерушісі әрі аға суретшісі болып тағайындалдым. Содан сол жерде 1996 жылға дейін табан аудармастан еңбек еттім. Кейін шеберхана жабылған соң, аудандық мәдениет үйінің суретшісі болып жұмысымды жалғастырдым. Осы қызметпен 2018 жылы құрметті еңбек демалысына шықтым. Әріптестердің өтінішімен сол ұжымда зейнетке шыққаннан кейін тағы да төрт жылға қалып жұмыс істедім.

—Суретші ретінде ауданымыздың көптеген мәдени және рухани іс-шараларында қолтаңбаңыз қалғанын білеміз. Ал ұзақ жыл еңбек еткен шеберханаңыз  қандай жұмыстармен айналысты?

—Бұл сурет шеберханасының қоғамға тигізген пайдасы зор болды. Ауданның барлық кеңшарларындағы көркемдік үгіт және безендіру жұмыстарын атқардық. Сол кезеңдерде бой көтерген Сарыбұлақ мәдениет үйінің ішкі-сыртқы безендірулерін өз қолымызбен жасалды. Айта берсек, осылай тізе беруге болады.

Облысымыздың Қобда, Шалқар аудандарында, облыстық деңгейде басшылық қызметтерде болған, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәлік Жекеев 1987 жылы Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейін ашу үшін оның көркемдік безендіру жұмыстарын ағаш-темір шебері Александр Левинді, суретші Қуандық Аяпов пен маған жүктеді. Ауданның бірінші хатшысының өзімізге артқан бұл міндеттерін біз абыроймен атқарып, музей тарихына да қолтаңбамызды қалдырдық.

Тоқсаныншы жылдардың басында Шалқар қаласында бой көтерген қазіргі Жанаман ахун Сейітімұлы мешітінің эскизін салып, ішкі және сыртқы безендіру жұмыстарына қатыстым. 1993 жылы Есет-Дәрібай батырлардың кесенесі қайта тұрғызылғанда, оның көркемдік безендіруіне де атсалыстым. Ал өзім  жұмыс істеген аудандық Мәдениет үйі жанындағы 1987 жылы ашылған  Халық театрының алғашқы суретшісі болу да —  үлкен мәртебе.

—Сурет өнері — өміршең құндылық, ол жас талғамайды. Зейнет жасыңызда уақытты қалай өткізіп жүрсіз?

—Қазір жетпіс деген жоталы жастамын. Өмірлік серігім Балқаш Ешмұханбетова да зейнеткер. Үш баламыздан Алланың берген немерелерін сүйіп отырмыз. Сөзіңіз орынды — өнерде тоқтау, рухани тоқырау болмауы тиіс. Шығармашылық адамның қиялы қиянды шолады. Соған қажыр-қайратың үндесіп тұрса, неге талантыңмен бөліспеске?! Мен кейінгі жылдардан бастап, барельеф өнерін қолға алдым. Бұл — гипс қолдану арқылы жасалатын мүсін өнерінің бір түрі. Онда бейнелер тегіс беттен сәл көтеріліп жасалады. Көбіне ғимараттардың қасбеттері мен қабырғаларын безендіру үшін қолданылады.

Қазірде сол барельеф арқылы үйдің ішкі қабырғаларын табиғи бейнелермен көркемдеп жүрмін. Тұрғындардан ұсыныстар жиі түседі. Қазақ жылқы мінезді халық қой — көбісі ақбоз аттың, жалпы табиғаттың ұлттық нақыштағы  бейнесін үйдің ішкі қабырғаларына салдыруды қалайды. Бұл — бұрыннан бар сурет өнерінің бір түрі, бірақ мен оны енді тереңірек меңгеріп, шұғылдана бастадым. Астана қаласында тұратын мүсінші, республикамыз бойынша барельеф өнерінің бірегей шебері Сәкен Салкеновпен тілдесіп, оған осы бағытта жасаған өз жұмыстарымды да көрсетіп тұрамын. Ол жасаған туындыларыма оң бағасын беруде.

  

Қазір барельеф өнерінен бөлек, тапсырыстар бойынша майлы бояумен түрлі тақырыптағы картиналар саламын, жеке портреттік суреттер мен құлпытас жазуларын жазамын. Тапсырыстар еліміздің әр өңірінен түсіп тұрады.

—Балаларыңыздың арасында сіздің жолыңызды қуғандар бар ма?

—Балаларым менің жасаған барлық туындыларымды жан-тәнімен түсінеді, жалпы сурет өнерін құрметтейді. Өйткені, олар менің осы суретшілік жолға сарп еткен қажыр-қайратымды көріп өсті ғой. Дегенмен, олардың арасында өнер жолына ден қойғандар жоқ. Ал немерелерімнің арасынан Әділ  есімді өренім қазір аудандық көркемсурет лицейіне барып жүр. Әр күні қиялы шартарапты шарлап, шығармашылық әлеміне шомып келе жатқан немеремнің қадамына іштей риза болып,  батамды беріп отырамын.

 —Жауабыңызға  рахмет!

Сұқбатты жүргізген

Мұхтар МЫРЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button