Қарияларды қуантты

Ардагерлер кеңесі
Жаңа жыл мерекесіне орай бірнеше қартқа құрмет көрсетілді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов бастаған топ алдымен биыл 111 жасқа толып отырған тыл ардагері Жәкібай Бисенғалиеваның үйіне барды. 1915 жылы дүниеге келген Жәкібай әже сұрапыл соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, майданды азық-түлікпен, өніммен қамтамасыз етуге белсене атсалысты. Кейін ауыл шаруашылығы саласында тракторшы, сауыншы болып, еңбек еткен. Сөйтіп, ел еңсесін тіктеуге бір кісідей үлес қосты. Жолдасымен бірге үш баланы адал еңбекке тәрбиелеген әжей бүгінде солардан тараған 3 немере, 7 шөберенің қызығын көріп отыр.
Жәкібай Бисенғалиеваның өмірі төзім мен табандылықтың, адал еңбек пен өмірге деген құштарлықтың жарқын үлгісі екенін айтқан құттықтаушылар әжейге денсаулық тіледі. Кейуана да қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Білім беру саласының ардагері, биыл наурыз айында 95 жасқа толатын Алтон Ысқақовқа да осындай құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаздың еңбегі қоғам дамуының берік іргетасы екенін тілге тиек етіп, ақсақалға амандық тілеген кеңес мүшелері сый-сияпатын жасады.
Жаңа жылда академик Қуандық Әлішев те ескерусіз қалмай, белсенділер ардагерге жылы лебізін арнады.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.


