Мереке

Мерекелік керуен қаланы аралады

Жаңа жыл

Жаңа жыл мерекесінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық Мәдениет сарайының ұйымдастыруымен Аяз ата, Ақшақар және жыл-12 ай кейіпкерлері қатысқан жаңажылдық құттықтау керуені қала көшелерін аралады. Мерекелік керуен халық көп шоғырланған орындарға барып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Іс-шара барысында ән-күй шырқалып, ақжарма тілектер айтылды. Балалар тақпақ айтып, тәттілер мен шағын сыйлықтарға ие болса, қала тұрғындары ертегі кейіпкерлерімен естелік суретке түсті. Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиеваның айтуынша, керуеннің басты мақсаты — қала тұрғындарына мерекелік шаттық сыйлау.

Құттықтау керуені Тұрғындар қалашығынан басталып, Орталық стадион, «Әлия» сауда үйі, «Дина» гипермаркеті, «Сити шоппинг» сауда орталығы мен «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығында жалғасын тапты. Жалпы, керуен бес бағытта ұйымдастырылды. Сонымен қатар керуеншілердің бір тобы «Астана» сауда үйі, Орталық, «Шығыс», «Табыс» базарлары мен «Анвар», «Дина» гипермаркеттері, «Далида» сауда орталықтары мен Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда болды.Мәдени іс-шараға «Сазды» және Қурайлы Мәдениет үйлерінің өнерпаздары да атсалысты. Жылы лебіз білдіріп, құшақ жая қарсы алған тұрғындар керуеншілерге ризашылығын жеткізді.

Бірнеше жылдан бері балаларымның қасында Ақтөбеде жаңа жылды қарсы алып жүрмін. Биылғы мереке ерекше көңілді өтіп жатыр. Осындай шаттық сыйлаған өнерпаздарға алғысым шексіз. Баршаңызға ең алдымен денсаулық тілеймін, — деді Атырау қаласынан келген Гүлбаршын Нұрбаева.Ал Қырғызстан Республикасынан келген Салима Камалова қала тұрғындарының қонақжайлығына тәнті екенін жеткізді.

Ақтөбеге келген сайын ерекше әсер аламын. Бұл жақта достарымыз көп. Осы жолы да жаңажылдық керуеннің куәсі болып, көтеріңкі көңіл күйге бөлендік. Мұндай шаралар адамдарды жақындастырып, бірлікті нығайтады. Ақтөбеліктерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, — деді ол.

Ал қала тұрғыны Зейнеп Мәжитова жаңажылдық керуен туралы әлеуметтік желіден көріп, немерелерімен бірге арнайы келгенін айтты. Оның айтуынша, мұндай мерекелік сәттер балалардың жадында ұзақ сақталады.

Әлеуметтік желіден керуен «Дина» сауда орталығына келеді деген хабарламаны көріп, немерелерімді ертіп келдім. Балалар үшін бұл — ерекше әрі есте қаларлық сәт. Осындай мәдени шаралар адамдарға қуаныш сыйлайды. Бақытты сәттеріміз көп болсын. Келе жатқан Жылқы жылы жақсылығымен, мол ырысымен келсін деп тілеймін. Сонымен қатар осындай игі бастамалар көп болсын! — деді ол.

Жаңа жыл қарсаңында өткен мерекелік керуенге «Геолог» мәдениет үйінің өнерпаздары белсене атсалысты. Олар Есет батыр тұрғын алабындағы «Дина», «Анвар» супермаркеттерін аралап, балаларға сый-сияпат таратты.

«Геолог» мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Нұрболат Медетовтің айтуынша, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын мұндай іс-шараларды өткізу үрдіске айналған.

Аяз ата мен Ақшақардың киімін киген өнерпаздарымыз көпшілікке тәтті таратты. Әсіресе балалар шат-шадыман көңіл күйге бөленіп, Аяз атаға тақпақ оқуға асықты. Барша ақтөбеліктерді Жылқы жылымен құттықтаймын! Жылқыдай жүйрік болып, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер! — деді ол.

Жаңажылдық керуенді тамашалаған қала тұрғындары Аяз ата мен Ақшақар,

жаңажылдық ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп, мерекелік думанға куә болды.

Айталы Нұрберген мерекені тойлауға Шұбарқұдықтан арнайы келген.

Биыл Жаңа жылды ата-әжеммен бірге қарсы алдым. Әр мерекені асыға күтемін. Мен де жылқы жылы дүниеге келдім. Мерекелік керуенді алғаш рет көрдім. Ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп, Аяз атаға тақпақ оқып бердім, — деді ол.

Жаңа жыл кейіпкерлерінің жалт-жұлт еткен костюмдері әдемілігі жағынан бірінен-бірі асып түседі. Биыл балалар арасындағы трендке айналған лабубу, куроми сияқты кейіпкерлер де көпшіліктің назарын аударды.

«Геолог» мәдениет үйіне қарасты «Мұрагер» вокалдық тобының хормейстерімін. Жаңажылдық іс-шаралар аясында осы жыл иесі — жылқының костюмін киіп, балаларға арналған ертеңгіліктер, думанды кештер өткіздік. Кешкілік Есет батыр тұрғын алабының тұрғындарына арнап мерекелік концерт ұйымдастырдық. Сол іс-шарада жыл иесі ретінде қала тұрғындарын құттықтадым. Жылқы жылы баршамызға жайлы, табысты жыл болсын! — дейді Назым Сералықызы.

Өз кезегінде «Анвар», «Дина» сауда желілерінің ұжымы «Геолог» мәдениет үйінің өнерпаздарына ризашылығын білдірді.

Жаңа жылдағы күніміз қауырт басталды. Келушілер әдеттегіден көп болды. Өзім көпбалалы анамын. Жергілікті өнер ұжымдарының мерекелік құттықтауын тамашалап, қуанып қалдым. Жаңа жыл жақсылығымен келсін! Сәттілікке толы жыл болсын! — дейді «Анвар» супермаркетінің қызметкері Дильфуза Мыңжасарова.

Жаңажылдық керуен Есет батыр, Қарғалы тұрғын алабындағы адам көп шоғырланатын сауда орталықтарында да жалғасты.Керуеншілер Жаңа жыл кешінде Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өткен мерекелік іс-шараға да қатысты.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button