Мереке

Жаңа жыл және жасанды интеллект

Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының алдындағы алаңда Жаңа жылға арналған басты мерекелік шара өтті. Мыңдаған адам бір алаңға жиналып, жаңа жылдың алғашқы сәтін қуанышпен қарсы алды.

Мерекелік кештің басында үлкен экраннан жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнеролик көрсетілді. Онда 2025 жылы Ақтөбеде жүзеге асқан маңызды жобалар туралы айтылған. Атап айтқанда, қалада пайдалануға берілген тұрғын үйлер, ашылған мектептер мен денсаулық сақтау нысандары, жаңа саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер көрсетілді. Жалпы алғанда, 2025 жыл облысымыз үшін жемісті болды: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мыңдаған түп ағаш егілді, қалада 15 демалыс саябағы мен гүлзар ашылып, екі Мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Бұл бейнематериал қала тұрғындарының  мақтаныш сезімін арттырды.

Кеш «Ақтөбеге Жаңа жыл келді» әнімен жалғасып, лазерлік шоу мен би ұжымдарының өнері алаңға жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жүргізушілер көрермендермен тығыз байланыс орнатып,  сұрақ-жауапқа негізделген ойындар ұйымдастырды. Жылқы жылы, қазақ халқының тарихы мен әдебиеті туралы сұрақтарға дұрыс жауап берген тұрғындарға естелік сыйлық табысталды. Жаңа жылдық кешке эстрада әншілері Рахымжан Жақайым, BYTANAT және Amre келіп, танымал әндерін ақтөбеліктермен бірге орындады. Әншілердің өнерін жергілікті «Әлия гүлі» халықтық қазақ би ансамблі сүйемелдеді.

Мерекелік кешке облыс әкімі Асхат Шахаров пен Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет те қатысып, концертті тұрғындармен бірге тамашалады. Олар көпшілікпен бірге Жаңа жылды қарсы алып, естелік суретке түсті.

Кеш  бағдарламасының басты ерекшелігі — жасанды интеллект элементтерінің кеңінен қолданылуы болды. Заманауи технология  көмегімен сахналық көрінісжаңа форматта ұсынылып, архивтегі бейнелер қазіргі көрініспен үйлестірілді. Экраннан Ақтөбенің әр жылдардағы фотосы мен видеосы көрсетіліп, сол кезеңдегі әндер орындалды. Бұл көрерменге қала тарихын өзгеше қырынан сезінуге мүмкіндік беріп, концерттің мазмұнын тереңдете түсті.

Мерекеге қатысқан қала тұрғындары өз әсерімен де бөлісті. Соның бірі — Ырғыз ауданынан келген Сағын Тоқтамыс.
Өзім Ырғыз ауданынан келіп тұрмын. Балаларым осы қалада оқуда. Биыл Жаңа жылды Ақтөбеде қарсы алуды жоспарлаған едік. Қаладағы әдемі кештің куәсі болып жатырмыз. Жыл жақсы басталып жатыр. 2025 жыл мен үшін де өте сәтті болды: келін түсірдім, кенже қызым оқуын аяқтап, диплом алып, жас маман атанды. Алдағы жыл да осылай жақсы болсын деп тілеймін. Барша қазақ елін келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.

Кеш соңында Аяз ата мен Ақшақар сахнаға шығып, жиналған жұртты Жаңа жылмен құттықтады. Әр шаңыраққа береке, амандық пен тыныштық тіледі. Сонымен қатар алаңға жиналған жұрт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңажылдық құттықтауын тікелей эфирде бірге тамашалады.

Мерекелік кеш «Жаңа KZ» ұжымының орындауындағы «Ақтөбем» әнімен мәресіне жетті. Қаланы жарқырата безендірген мерекелік отшашу астында ақтөбеліктер ақ тілегін арнап, бір-бірін құттықтады.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button