Дәрі-дәрмекпен қамту көрсеткіші қандай?

Ақтөбеде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өңірді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндебаспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз жиынында Ақтөбе облысы бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС өкілдігінің басшысы Нұрлан Жұбанышев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Тілектес Алтаева дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын баяндады.
Нұрлан Ұзақбайұлының айтуынша,тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында облыстағы 66 медициналық ұйым Бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Стационарлық дәрі-дәрмекпен қамту бойынша медициналық ұйымдар тарапынан 1 157 атаулы дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алуға 9,5 миллиард теңге көлемінде сұраныс берілген.
Қазіргі уақытта Бірыңғай дистрибьютор мен облыстағы 65 медициналық ұйым арасында жалпы сомасы 10,3 миллиард теңгеге 1 058 атаулы дәрілік зат пен медициналық бұйым жеткізу бойынша келісімшарт жасалған. Бұл сома қосымша өтінімдерді ескере отырып бекітілді. Ал биыл 22 желтоқсандағы мәліметке сәйкес стационарларға 9,36 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі жөнелтілген. Бұл — жылдық жоспардың 91 пайызы.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыс науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамту үшін қолға алынған. Жиын соңында мамандар БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



