Басты жаңалықтарДенсаулық

Жедел жәрдем: сапалы қызмет және жаңа жүйе

Жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Олар тәуліктің қай кезінде болсын шұғыл шақыртулар бойынша дер кезінде медициналық көмек көрсетеді. Осы орайда облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысымен танысқан едік…

Саулық — сақтықта!

Заманауи үлгідегі облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы Алтын Орда ауданында 2018 жылы ашылды. Қазіргі таңда бұл мекемеге қарасты 58 бригада жұмыс істейді. Оның 16-сы — аудан орталықтарында, 42-сі қала аумағында науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылған. Аға дәрігер Гүлшара Шаймардинованың айтуынша, күз айларында балалар арасындағы жіті респираторлық вирустық инфекция бойынша шақыртулар саны анағұрлым артқан.

Күн салқындаса тұмаумен ауыратындардың қатары көбейеді. Бүгінде жедел жәрдем көмегіне жүгінгендердің дені тұмау жұқтырғандар.Олардың арасында балалар көп. Сондықтантұмаудан сақтану үшін халық көп жи­налған орындарға бармай, сал­қын тигізіп алмау үшін ауа райына сәйкес киіну керек.

Күнделікті жедел жәрдем мамандары сан қилы оқиғалардың куәгері болып жатады. Жол-көлік оқиғалары кезінде алдымен жергілікті полиция қызметкерлерін құлағдар етеміз. 23 қазан күні Самара-Шымкент автожолының бойында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен «Газель» маркалы жолаушылар көлігі соқтығысып, 12 адам көз жұмғаны белгілі. Осы оқиға кезінде жедел жәрдем бекетінің бригадалары шұғыл әрекет етіп, науқастарды ауруханаға дер кезінде жеткізді. Жедел әрі сапалы медициналық қызмет көрсету — басты міндетіміз. Халық көп жағдайда жедел жәрдем уақтылы келмейді деп шағымданып жатады. Алайда бригада шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастарға бірінші барады, — дейді Гүлшара Шаймардинова.

Дәрігер сұхбат барысында аурудың күрделілігіне байланысты шақыртулар 4 санат бойынша қабылданатынын айтты. Төрт санатты тарқатып айтсақ: бірінші санат бойынша науқасқа 10 минутта, екінші санаттағы науқастарға 15 минутта, үшінші санаттағыларға 15-30 минутта, төртінші санаттағыларға бір сағатта жедел жәрдем көлігі жетеді. Мәселен, бірінші санатқа жүрек пен тыныс алудың тоқтауы, бас-ми жарақаттары, анафилактикалық шок, есінен тану және жедел көмекті қажет ететін басқа да ауру түрлері жатады. Екінші санатқа жататындар: кеуде тұсының ауырсынуы, тыныс жолдарының бұзылуы (демікпе, аллергия, жүрек аурулары), күйік, қан қысымының көтерілуі. Ал үшінші санатқа дене қызуының көтерілуі, бас, іш ауру және басқалары кіреді. Төртінші санат кезінде өмірге қауіп төндірмейтін созылмалы аурулардыңасқынуы және қабынуы,  құсу, жеңіл жарақат түрлері жиі тіркеліп жатады.

Бүгінде облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына қарасты екі бекет тәулік бойы жұмыс істейді. Адам санының өсуіне байланысты Ақжар елді мекенінде де қосалқы станция ашылыпты. Олар сол маңайдағы Заречный, Есет батыр тұрғын алабы және басқа да аудандарға қызмет көрсетеді.

Сөз арасында аға дәрігер Гүлшара Шаймардинова көлік тізгіндеген жастарды мұқият болуға шақырды. Себебі қазір жастар арасында жол-көлік оқиғаларының салдарынан жарымжан болғандар көбейген. Бұл — алаңдатарлық жайт.

25 қазанда облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына түскен қоңыраулар саны екі есе артты. Сол күні түнгі уақытта Әбілқайыр хан даңғылында ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 7 жастағы бала зардап шекті. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан қыздықатты жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан автокөлік жүргізушісі қағып кеткен. Соққының қатты болғаны соншалық — жүргізуші рөлге ие бола алмай, «Қоныс» спорт сарайы маңындағы көліктерге де соққан. Өзі де ауыр жарақаттанған. Әсіресе 7 жастағы науқастың жағдайы ауыр. Ол бас-ми, сүйек жарақатын алған. Науқас облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Сондықтан жүргізушілер жол-көлік ережесін сақтап, айналамыздағы адамдардың саулығына немқұрайды қарамаса екен. Саулық — сақтықта. Ал біздің мамандарымыз қандай жағдай болсын, науқасқа көмек көрсетуге әзір, — дейді ол.

Күніне 1500 қоңырау қабылданады

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының Call орталығы науқастарға көмек көрсетуде заманауи технологияны қолданысқа енгізіп жатыр. Енді бірінші санаттағы науқастар жедел жәрдем көлігінің қайда келе жатқанын ұялы телефон арқылы қадағалай алады. Call орталықтың жоғары санатты дәрігері Фарида Башбаеваның айтуынша, бұл қызмет барлығына қолжетімді емес.

Мен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында жиырма жылдан бері қызмет етемін. Ал Call орталықта жұмыс істегеніме екі жыл болды.Мұнда күніне 1500-ден астам шұғыл қоңырау қабылданады. Аудан бойынша қабылданатын қоңырауларға екі диспетчер жауапты. Бүгінде арнайы жүйені тек бірінші санаттағы шақыртушылар қолдануда. Яғни науқас енді жедел жәрдем көлігінің қай маңда келе жатқанын телефон арқылы көре алады. Арнайы жүйе арқылы қоңырау келіп түскеннен кейін науқасқа 1414-тен хабарлама келеді. Сол сілтеме жедел жәрдем көлігінің бағытын көрсетеді. Әзірге бұл жүйе сынақтан өтіп жатыр. Егер жүйе өз тиімділігін көрсетсе, барлық санатқа енгізіледі. Әзірге Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сай, жаңа жүйені тек бірінші санаттағы науқастар қолдана алады. Жүйе диспетчерлердің жұмысын едәуір жеңілдетті. Себебі бір адам бірнеше рет қоңырау шалса, диспетчерлердің уақытын алады, — дейді Фарида Башбаева.

Оның айтуынша, бұл жүйе жедел жәрдем қызметінің сапасын жеңілдетуге септігін тигізеді.

Call орталықта 9 пульт шақыртуды қабылдап, бағыттаушы диспетчерге жолдайды.Олар тәулік бойы жұмыс істейді. Орталықтың материалдық техникалық базасы талапқа сай. Диспетчерлеріміз ең алдымен қоңырау шалған науқастан ауру белгілері туралы толық ақпарат алады. Соған сәйкес науқасқа бригада жөнелтіледі. Әрине, жалған қоңыраулар да болады, — дейді Call орталық маманы.

Әр секунд бағалы

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына барғанымызда жедел жәрдем бекетінің жұмысымен таныстық. Аталған станцияның фельдшерлері Нұрсұлтан Ниязмағанбет пен Нұрдәулет Дауылбаев біз барған уақытта жедел жәрдем көлігін тазалап, кезекті шақыртуға дайындалып жатты. Фельдшерлер күн сайын 20-25 шақыртуға баратынын айтты.

Біз әр науқасқа дер кезінде көмек көрсетіп, олардың өміріне жауапкершілікпен қараймыз.Жақында Бауырластар елді мекенінде тұратын 35 жастағы науқастың анафилактикалық шок алғандығы туралы хабар келіп түсті. Науқас өздігімен цефтриаксонмен натрий хлориді ертіндісін салдырған. Салдарынан науқас есінен танған. Біз науқасқа шақырту түскен бойда 7 минут аралығында жедел жеттік. Науқастың халі мүшкіл болды, қан құсып жатты. Оған сол жерде медициналық көмек көрсеттік. Себебі ес-түссіз жатқан науқасқа жүрек-өкпе реанимациясы қажет болды. Жүрекке массаж жасалып, науқас есін жиған бойда көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілді. Сондықтан адамдар өз денсаулығына салғырт қарамай, кез келген препаратты дәрігердің тағайындауынсыз қолданбаса екен дейміз. Тіпті аллергия белгілері анықталмаған адамның ағзасы кей дәрілерге жанама әсер беріп жатады, — дейді Нұрдәулет Дауылбаев.

Еңбек жолын Қарғалы ауруханасындағы операциялық бөлімде санитар болып бастаған Нұрдәулет дертіне шипа іздеген жанға көмек көрсетуге әрдайым дайын. Ал Нұрсұлтан Ниязмағанбет науқастың өміріне араша түсуде әр секунд бағалы екенін айтады.

—  Жедел жәрдем мамандары — әбден машықтанған, кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын батыл жандар.Күнделікті түрлі шақырту түседі. Кейде жол апатына тап болған науқастарға да барамыз. Ауруханаға жеткенше науқасқа көлік ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Жедел жәрдем көлігі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мәселен, ИВЛ аппараты 15 мәзір бойынша жұмыс істейді. Бұл құрылғы арқылы науқасты тыныс алу аппаратына қоса аламыз. Сондай-ақ түрлі дене жарақаты кезінде қолданылатын арнайы манжеттеріміз бар. Бұл манжеттер науқастардың ауруханаға жеткенше денесінің қозғалмай, нық тұруына көмектеседі. Ал аспираторлар қан кетуді тоқтатып, тыныс жолындағы қанды сорып алуға мүмкіндік береді. Қандай жағдай болсын, науқасқа көмек көрсетуге әзірміз. Жұмыс барысында біздің қызметімізге кедергі келтіретін адамдар да болды. Әсіресе масаң күйдегі адамдар медицина мамандарына шабуыл жасап жатады. Ондай жағдайға сабырлылық танытамыз. Себебі адам өмірін құтқару жолындағы әр секунд біз үшін маңызды. Біздің жұмысымыз қателікті кешірмейді, — дейді Нұрсұлтан Ниязмағанбет.

Одан әрі станцияның қос фельдшері науқасқа көмек көрсетуге аттанды. Ақтөбеліктер әр күні қауырт жедел жәрдем қызметкерлерінен нәтижелі жұмыс пен сапалы қызмет күтеді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button