Денсаулық

МӘМС жүйесіндегі өзгерістер

Келер жылдан бастап халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту жүйесі кеңеймек. Тиісті заңнамалық өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолованың айтуынша, бірқатар қызмет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне ауыстырылады.
Біздің басты мақсатымыз — азаматтарды әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту. Бұл ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында келер жылдан бастап азаматтар жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректальды обыр, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома, вирусты гепатиттер және тағы бірқатар ауру бойынша ерте диагностиканы тегін алатын болады, — деді А.Аманжолова.

Сонымен қатар кейбір созылмалы ауруларды — қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары және ревматизмді емдеуді қаржыландыру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен МӘМС жүйесіне ауысады. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемішеңберінде туберкулез бен АИТВ бойынша ғана тегін диагностика жүргізіледі.

Енгізілген өзгерістер қатарына инсульттен кейінгі жағдайды әлеуметтік мәні бар аурулар тізіміне қосу да жоспарланған. Бұл кезеңде пациенттерге үздіксіз оңалту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметтері көрсетіледі. Өйткені бұл кезең қалпына келудің ең маңызды уақыты және қайталама қан-тамырлық бұзылыстардың қаупін төмендетеді, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Ал сақтандырылған мәртебені алу тәртібі өзгеріссіз қалады. Яғни жұмыс істейтін азаматтар үшін жалақының үш пайызын жұмыс беруші аударады. Ал екі пайызы қызметкердің табысынан ұсталады.

— Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындар ай сайын ең төменгі жалақының 5 пайызын төлейді. Бұл сома — ең төменгі жалақының бір жарым есесі. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да ай сайын ең төменгі жалақының бес пайызын төлейді. Сонымен қатарбалалар, ресми тіркелген жұмыссыздар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналар, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын қызметкерлер, зейнеткерлер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, көпбалалы аналар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін МӘМС жарналары мемлекет есебінен төленеді, — деді Нұрбол Тымпиев.

 А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button