Құқық

Арбаушылар мен арбалушылар

Редакциямызға шағымын құшақтап ақсақал келді. Сәбитжан Наурызбаев – алаяқтың құрбаны. Ал күдікті – ішкі істер органдарының отставкадағы генералының туған інісі.

Осыдан болар, басты күдікті Керамадин Өскімбаев әлі күнге бостандықта жүр. Жәбірленушінің айтуына қарағанда, бұрынғы басшысы Қожамұрат Өскімбаевтың інісін жаманатқа қиюға құлықсыздық танытып отырған қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Есен Есмаханов тергеушілер күдіктінің кінәсін толық мойындатқан істі сотқа жолдауға асығар емес. Прокуратура органдары да полицейлерге құзырын жүргізе алмай отырған сыңайлы. Бәлкім, бұл іске тұсау болып отырған полковниктің де сыйынарынан сүйенері күшті болып отырғаны шығар. Әлде «қарға қарғаның көзін шұқымайтыны» рас па?

Сәбитжан Наурызбаевтың бұқаралық ақпарат құралдарына шағымданудан басқа амалы қалмаған. Сондықтан бұл істің бүге-шігесіне дейін жариялауды жөн көрдік. Сонымен, шағымданушылар арызының төркіні мынау…

АЛАЯҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

2007 жылдың тамыз айында күдікті, яғни К. Өскімбаев алаяқтық жолмен пайда табуды көксеп, өзгелердің сенімін аяқ асты ету арқылы асқан сорақалық әрекетке барған. Өзін қалалық жер комитетінің қызметкерімін деп таныстырған бұл алаяқ С. Наурызбаевтың үйіне бір таныстары арқылы барып, облыс орталығындағы қалталылар тұратын ауданнан жер учаскесін өте арзан бағамен алып беруге уәде еткен.

Әрине, жәбірленуші сол сәтте фамилиясы Қазақстан көлеміне таныс суылдаған жігіттің Ғазиза Жұбанова көшесінің бойынан арзан учаске алып беремін деген ұсынысына шүбәсіз сенген. Расында, соңғы жылдары жер бөлімінің қызметкерлерін қарапайым халық осындай жүзіктің көзінен өткендей етіп сипаттайтыны белгілі. Бұл саладағы былық талай жазылды да. Тіпті, сотталғандары да бар. Мәселен, қалалық жер бөлімінің бұрынғы басшысының да осы Сазды аумағындағы жер учаскелеріне байланысты шатылғаны кеше ғана.

Сөйтіп, Керамадин керім қулық-сұмдық әрекетін өрбітіп, С. Наурызбаевтан 3  миллион 753 мың теңгені немесе 30 мың АҚШ долларын шытырлатып тұрып санап алған. Тіпті, қармаққа түскен отағасына сатылатын жер учаскесін де көрсеткен.

Бұндай тиімді келісім туралы естіген жәбірленушінің туысқаны да алаяқтың арбауынан шыға алмай, 20 мың АҚШ долларын К. Өскімбаевқа өз қолымен тапсырыпты.

Бір қызығы, қолынан келмейтін іске осынау қомақты қаржыны алған күдікті ақшаны алғандығын туралы нотариус арқылы кепілдендірген.

Уақыт өте алаяқтың арбауына түскендігін сезінген жәбірленушілер

К. Өскімбаевтың соңына түскенімен, нәтиже болмасына көз жеткізген соң, Зауыт полиция бөліміне арызданыпты.

ПОЛИЦИЯ НЕГЕ БҰЛҒАҚТАДЫ?

Міне, полицейлердің алаяқты бүркемелеудегі былықтары осы жерден басталады. Бірақ тергеудің бірінші кездері сәтті басталғандығына тоқталып өткен жөн.

Құқық қорғаушылар Өскімбаевтың қомақты қаржы алғандығын дәлелдеді де. Алайда бір тықырдың таянғанын сезген күдікті Ішкі істер министрінің орынбасары дәрежесіне дейін көтерілген және Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасын басқарған ағасы арқылы қалалық полицияның бастығына «өтініш айтқан» деген жорамал да жоқ емес.  Қалай болғанда да бұрынғы бастығының меселін қайтарғысы келмеді ме екен, Е. Есмаханов Зауыт полиция бөлімінде зерттеліп, ақ-қарасы анықтала бастаған істі қалалық ішкі істер бөліміне алдыртады. Бұл құбылыстың себеп-салдары да белгісіз. Мұны білген жәбірленушілер облыстық ішкі істер бөлімінің бастығына шағынуды ұйғарады. Ондағы мақсат – істі бұрмалаушыны нақтылау. Алайда Патрис Кеңесұлына жолығудың сәті түспегенімен, оның көмекшілеріне С. Наурызбаев келуінің себебін шегелеп тұрып айтады. Арызын да қалдырады.

Бір қызығы, қылмыстық іс осы жорықтың ертеңіне Зауыт полиция бөліміне қайта жеткізіледі. Бұл жерде тергеушілер өздеріне етене таныс істі түбіне дейін жеткізіп, айыптау қорытындысын даярлап, сотқа жіберуге қамдап отырғанда кезекті бұлтарыстың сәті келеді.

Ең бастысы, тергеушілер күдіктіні қамауға алғысы келгендерімен, жоғарыдағы басшылар оған мүмкіндік бермейді. Жәбірленушілер де тырысқанымен, прокуратура қолдамайды.

«КҮШІН ЖОЮДЫҢ» КҮШІН ЖОЮ

Осы мезгілде Е. Есмаханов қала прокурорына барды деген жорамал бар. Содан кейін іс екінші қайтара қалалық ішкі істер бөліміне қайтарылып, қайта тергеудің қамы деген уәж айтылады. Оған қала прокурорының да араласы болғаны рас. Содан соң талай жыл басшылық қызметте болған көзі ашық С. Наурызбаев облыстық ІІД басшысына қайта барады. Жәбірленушіні мұқият тыңдаған Патрис Нокин істі аяғына дейін жеткізуге уәде етеді. Нәтижесінде тергеу басқармасының бастығы Сүлейменов істі қайта тергеуге байланысты прокурорлардың қаулысының дұрыс еместігін дәлелдеп, оның күшін жою туралы қатынас хатын жібереді. Себебі бұл істі қайта тергеуге ешқандай негіз болмаған.

Кейін облыстық прокуратура қызметкерлері де өз қателіктерін түсініп, істің сотқа жолдануы тиіс екендігін және сезіктіні қамауға алу қажеттілігін айтып, қалалық прокуратураға нұсқау береді. Бұл бұйрықтың бір данасы облыстық ішкі істер департаментіне де жіберіліпті.

Алайда белгісіз себептермен арада 2-3 күн өткенде облыстық прокуратура өзінің бұл қаулысының күшін жойып, қайта тергеуге келісім береді. Дегенмен облыс прокурорының алғашқы қаулысының бір данасы әлі күнге ішкі істер департаментінде сақтаулы және бұл құжат осы арадағы шикіліктің бетін ашатын жалғыз тетік.

Іс жүзінде қылмысы дәлелденген М. Өскімбаев қаңтар айының алғашқы күндерінде аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 5 жылдан 10 жыл аралығында бас бостандығынан айрылуы тиіс болатын. Бірақ «көкесі» күшті күдіктінің ісі сиыр құйымшақтанып кетті.

ЖЕРДІҢ ДАУЫ – ОБЛЫСТЫҢ НАМЫСЫ

Соңғы жылдары облыс экономикасының гүлденіп, соның арқасында көптеген азаматтардың үйлі болып жатқандығы рас. Құрылыстың қарқын алуынан жер телімдеріне деген сұраныс та өсті. Осындай қарбаласты пайдаланып қалуды көздейтін алаяқтардың кесірінен заңды сыйлайтын жерлестеріміздің арасында тақырға отырып қалғандар көп. Жоғарыдағы мәселе – осының бір ғана айғағы. Әрине, полиция мен прокуратура заңның сақталауын қадағалаушы органдар. Бірақ «бармақ басты, көз қыстымен» қылмыскерді қорғаштау – кімге болса да абырой әпермейтін іс. Мұндай келеңсіздіктер алдымен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша алдыңғы орындардағы, беделі өте жоғары Ақтөбе облысының бетіне шіркеу болары анық.

Біздің мақсатымыз қоғамдағы мұндай бұрмалаушылықтың, кесапаттардың алдын алу мен жариялылығын қамтамасыз ету. Құқық қорғау органдары да өз міндеттерін бұлжытпай орындайтындықтарына сенімдіміз.

P.S. Біз С.Наурызбаевтың әңгімесіне сүйеніп жариялап отырған бұл мақаланың негізгі мақсаты – өз облысымыздың абыройына нұқсан келтіретін жайттардың алдын алу. Осыны дұрыс ұғатын адал азаматтар осы мәселеге қатысты өз жауабын айтар, қылмысты жазасын тартар деген ойдамыз. Әйтпесе «бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» сияқты жұртшылықтың бірер адамның пендешілігіне бола, пікірі теріс қалыптасуы әбден мүмкін.

Нұрмұхамед Дияров.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button