Әдебиет және адамгершілік тәрбие

Мектеп
Әлемді уысында ұстаған жаһандану, оның әсерінен болып жатқан әлеуметтік-экономикалық саладағы айтулы өзгерістер білім беру жүйесіне де ықпал етуде. Сондықтан заманауи білім беру асқан жауапкершілікті талап етіп отыр. Бүгінгі таңдағы ұстаздарға жүктелер басты талап —жан-жақты зерделі, заман талабына жауап беретін, өмір ағымына ілесе алатын тұлғаны тәрбиелеу болса, ал негізгі мақсат сол тұлғаның өмірге бейімделіп қана қоймай, рухани жан дүниесінің бай болуы. Техника мен нарық заманы деп адами құндылықты кейінге шегеруге әсте болмайды.
Адамгершілік — рухани тәрбие. Ол адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса, ол адам өз-өзін сыйламайды.
Жаңартылған білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру.
Бүгінгі ұрпақ санасы, талғамы мен талабы мүлдем басқаша. Смартфонның құрығына түскен жасөспірім шынайы өмірден алшақтап, виртуалды әлемнің тұзағынан босай алмауда. Бар санасыме нөзге әлемде отыратын жастар шынайы өмірдің болмашы қиындықтарына шыдамай, ашушаңдыққа бой алдырып, адами қасиетке мән бермеуге бейім.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген халық даналығына сүйенсек, бұл —қоғам болып алаңдайтын мәселе. Дегенмен мемлекет те әрекетсіз отырған жоқ. Жан-жақты ойластырылған түрлі бағдарламалар, қосымша орталықтар, мектептен тыс жұмыстар, түрлі бағыттағы үйірмелер мен спорттық секциялар әлеуметтік серіктестік аясында жүзеге асырылып жатыр.
Халықтың асыл мұрасы саналатын әдебиет—тәрбие мен ұлттың ұстанымын көрсетер, салты мен дәстүрін, тарихы мен шежіресін шертетін қайнар бұлақ. Өскелең ұрпақты елжандылыққа жетелер, жас ұрпақ кеудесіне мақтаныш пен құрмет сезімін ұялатар, еңбек пен әрекетке баулып, адамгершілік нұрын сыйлайтын ерекше пән де осы әдебиет.
Сондай-ақ ұлтымыздың ерекшелігі мен мол мұрасын жинақтаған әдебиет пәні арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі, түсінігі мен ерекше тәрбиесін, халқымыздың керемет дүниесін таныстыруда көркем шығарманы талдату, ізденіске жетелей отырып үйрету маңызды.
Әдебиет пәнінің мақсаты — көркем шығарманы оқыту барысында оқушының қызығушылығын оята отырып, оны ізденуге, өз бетімен білім алуға жетелеу. Бұл орайда ұстаз алдына қойылатын міндет — дұрыс оқыту технологиясын таңдай білу. Әдебиет пәні оқытатын кез келген көркем шығарма халқымыздың терең тамырлы ұлттық болмысына, ұлтқа тән мінезіне, қазақы қарым-қатынас мәдениетіне, сөйлеу әдебіне, танымдық болмысына, әлеуметтік тұрмыс жағдайына байланысты салт-сана дәстүріне толы. Осы қазыналы құндылықты оқушы санасына жеткізу үшін ұстаз үнемі іденісте жүрумен қатар, әр туындынытүсіндіру барысында неге басты назар аудару қажеттігін біліп, сабақ жоспарын да сәйкестендіріп құрастырға тиіс. Оқушыны көркем шығарма оқуға қызықтыру үшін алдымен күнделікті тақырыпты баланың жүрегіне жеткізу жолын біліп алған дұрыс.
«Әдебиет — ардың ісі» деген бар. Жалпы, желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынды тек адамгершілік емес, имандылыққа, әдептілік пен арлылыққа тәрбиелеп, оларғакісілік келбетін дарытуда әдебиеттің алар орны ерекше. Бұл сөзімізге қазақ көгіндегі шамшырақ бола білген Ыбырай Алтынсариннің еңбектері дәлел. Ұлы ұстаздың қай еңбегін алмасақ та, адамгершілік тәрбиесіне баулу әдістерінің бірнеше түрін көруге болады.
Бала атаулы бүлдіршін шағынан оның «Кел, балалар, оқылық» өлеңін жаттап өссе, кейінгі сыныптарда ағартушының тәрбиелік мәні өте жоғары әңгімелері мен лирикаға тұнып тұрған өлеңдерін оқып-үйренеді. Үйреніп қана қоймай, сол туындылардың астарында жатқан адамгершілік асыл қасиеттерді бойларына сіңіріп өседі.
Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады.
Барлық тәрбиенің негізі адамгершіліктен бастау алатынын ескерсек, ұрпақ бойына берілетін рухани құндылықтарды педагог қауымы әдебиет арқылы дарытып отырғанына тағы да көз жеткізесіз. Әдебиет әлемінің өзі жан біткенді әдептілікке жетелейді. Сондықтан мұғалім өз пәнін үлкен махаббатпен, ерекше ықыласпен түсіндіріп, әр сабағын ертеңгі ұлтты тәрбиелейтін баспалдақ деп санайды.
Жанар САЛИЕВА,
Индира ЕЛУБАЙ,
Ақтөбе қаласы №30 қазақ орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері.



