Білім

Ұстаздарға арналған олимпиада

125 High school мектебінде «Үштаған: Биология-Химия-География» олимпиадасы басталды. Оған қала мектептерінен жиналған 104 педагог қатысып жатыр.
Облыста «Жаңа трендтер мен технологиялар» ассоциациясының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, ассоциация құрамындағы ұстаздар нәтижелі еңбегімен көзге түсіп жүр.
— Қазіргі білім жүйесіндегі жаһандық өзгерістерге сай әр педагог ізденісте болуы қажет. Ақпараттық заман көшіне ілесу үлкен жауапкершілік пен жан-жақты болуды талап етеді. Жаратылыстану пәні мұғалімдерінің кәсіби құзіреттілігінің дамуына үлес қосу, өзара іс тәжірибе алмасу, үш ғылым синтезі арқылы бірегей кәсіби ортаны дамыту мақсатында осы жылдың қаңтар айында «Жаңа трендтер мен технологиялар» ассоциациясы құрылған болатын. Ассоциацияның жылдық жұмысын қорытындылау мақсатында жаратылыстану пәні мұғалімдеріне арналған «Үштаған: Биология-Химия-География» атты пәндік олимпиадасы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда қала мектептерінің мұғалімдері бақ сынап жатыр. Олар олимпиада барысында тест, деңгейлік және функционалдық сауаттылыққа негізделген логикалық тапсырмаларды орындайды. Олимпиада қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен педагогтер анықталып, арнайы дипломдармен марапатталады, — дейді «BILIM QAZYNA» КММ әдіскері Айгүл Садықова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, білім беру сапасын жетілдіруге және үздік мұғалімдерді анықтауға ықпал етеді. Осы бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button