«Желтоқсан желі ызғарлы»

Тәуелсіздікті жақындатқан Желтоқсан оқиғасына келер жылы 40 жыл толады. Осы уақытқа дейін алаңға шыққан жастар туралы сан мәрте айтылды, жазылды. Азаттыққа ұмтылған ерлердің ісі ұрпақ жадында өшпестей орын алуы үшін біз қайталаудан жалықпауымыз керек. Желтоқсан куәгерлері ызғарлы күндерді тағы бір мәрте еске алады.
Алтайдың көрген алаңы
Шалқарлық Алтай Жанжігітов 1981-1983 жылдары әскери борышын өтегеннен кейін Сарбұлақ ауылында жұмыс істейді.1985 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтына оқуға түскен ол Желтоқсан оқиғасы кезінде екінші курс студенті болатын.
— 1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ КСР компартиясы орталық комитетінің тарихындағы ең қысқа пленумда республика басшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, бұрын Ресейдің Ульянов облысын басқарған Геннадий Колбин жаңа басшы болып сайланғаны туралы хабарды естідік. Бірге оқыған группаластарымның көңіл күйі түсіп кетті. «Қазақтан басшы табылмағаны ма?» деген сұрақ бәрімізді мазалады. Сол күні сабағымызды аяқтап, жатақханаға келдік. Екі қазақ жігіті алдымыздан шығып, «ертең сабаққа бармай, шеруге шығыңдар, біз орыс басшының сайланғанын қолдамаймыз, наразылық білдіреміз» деді. 17 желтоқсан күні сағат таңғы 7.45-тің шамасында бөлмеміздің есігін қағып, «сабақты жіберсеңдер, «келмеді» деген белгі қоямыз» деген деканның даусы естілді. Есігімізді іштен іліп алдық. Оқытушылар сыртқа шығатын есіктің бәрін жауып тастапты. Бізден айла артылған ба, екінші қабаттағы тамақ пісіретін бөлмедегі балконға алаша байлап, сыртқа шықтық. Алаңға алғашқылардың бірі болып біздің институттың білім алушылары келді. Таңғы 8.00-9.00 аралығында алаңда көп ешкім болмады. Бізден кейін жақын маңдағы жоғары оқу орындарының білім алушылары мен жұмысшы жастар топ-топ болып жинала бастады. Артынша айналаны әскерилер мен құқық қорғау органы өкілдері қоршап алды. Олар бейбіт шерушілерді үйлеріне қайтармақ болды. Алайда онысынан ештеңе шықпады. Алаңға жиналғандар «Әр халыққа өз ұлтынан басшы сайлансын!» деп ұрандатты, — дейді ол.
Кейіпкеріміздің айтуынша, Желтоқсан оқиғасы аяқ астынан болған жоқ. Ол — ұлтсыздандыру, қазақтың рухын сындыруға бағытталған қитұрқы саясаттан әбден қажып, ашу-ызасы бойына сыймаған халықтың бұрқ еткен толқынысының көрінісі.
— Ол кезде қазіргідей ғаламтор жоқ. Жаңалықты газет пен теледидардан ғана білетін едік. Соған қарамастан, елінің болашағына алаңдаған жастар бірінен-бірі естіп, алаңға келе бастады. Бір кезде қазақ педагогикалық институты мен қазақ ұлттық қыздар педагогикалық институтының жастарын қамап ұстап, шығармай жатыр дегенді естіп, оларға көмек беруге аттандық. Жүгіріп бара жатқанымызда фотоаппаратқа суретке түсіріп тұрғандарды көрдік. Қасымдағы Бақтыбай Нұржанов, Мұхамед Әбілов, Боранбай Алпысбаев есімді группаластарым «суреттерді құртпасақ, басымызға бәле болар» деп ескертті. Олар бізді көре сала қашуға талпынды. Қуып жетіп, фотоаппараттарын тартып алып, ішіндегі пленкасын алып тастадық. Мен фотообъективті қалтама салып алдым. Содан соң жатақханаға барып, шеруге шыға алмай отырған жастарды, полицияның қарсылығына қарамастан, шығарып алдық, — дейді ол.
Алтай Жанжігітов әлгі фотоаппарат объективін 37 жыл сақтап, облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырыпты. Желтоқсан оқиғасының куәгері арада 20 күн өткен соң институтқа мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері том-том альбом әкелгенін айтады. Оның ішінде көтеріліске қатысқан жастардың суреттері бар екен. Олар кешкісін жатақхана комендантынан, курс жетекшілері мен комсомол мүшелерінен суреттерден кімді танитындарын сұраған.
— Жатақхана коменданты қауіпсіздік коммитетінің қызметкерлеріне «бұның ішінде біздің студенттер жоқ» депті. Сол кезде курстасым Ерлан Бейсембаевтың плакат ұстаған суреті табылып, сотталған еді. Сыныптасым Талғат Жұбаев та қудалауға ұшырады. Құзырлы органдар бірқатар желтоқсаншыны соттап, қалғандарын оқудан шығарып жіберді. Мен де қудалануға сәл-ақ қалдым. «Альбомда сенің суретің жүр, сақ бол» деп екі курс жоғары оқитын Алик деген жігіт ескертті. Алайда мені ешкім ұстаған жоқ. Жатақхана коменданты мені суреттен көрсе де, танымайтынын айтыпты. Содан мен аман қалдым. Жоғарыда айтқанымдай, фотоаппараттағы суреттерді жойып жібермегенімізде қаншама жас зардабын тартар еді, — дейді А.Жанжігітов.
Бүгінде Алтай Жанжігітов теміржол саласында абыройлы қызмет етіп жүр. «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының «Батыс» аймақтық филиалында жолсерік болып жұмыс істейді. Көпті көрген желтоқсаншы жастарды тәуелсіздік жолында құрбан болғандарды ұмытпай, бейбіт күннің қадірін, бостандықтың бағасын білуге шақырды.
«Жастар форумына барамын деп…»
65 жастағы Сәлима Алдабергенованы Желтоқсан оқиғасы жақындарынан, бауырларынан, тіпті күйеуінен алыстатыпты. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген ол Шымкенттегі химия-технология институтын бітірген соң 1982 жылы тұрмысқа шығып, қызды болыпты. Сол кезде Шымкент қаласында тұрған оны 1986 жылы жұмыс бабымен жастар форумына шақырыпты. Алайда форумға емес, Желтоқсан оқиғасына тап болған оған 26 адамды бүлік шығаруға арнайы алып келдің деген жала жабылыпты. Желтоқсан оқиғасы кезінде басынан қатты соққы алған ол түрмеден бір-ақ шыққан. Ешқандай бүлікші болмаса да азап көрген. Оның айтуынша, тізімдегі адамдар — бүлікші жастар емес, форумға қатысушылар еді.
— «Тізімдегі 26 адам кім? Тізім сенің қалтаңнаң шықты» деп әбден қинады. Алаңда ұсталған жастың бәрі тергеуге алынды. Құзырлы орган өкілдері орыс тілінде сайрап тұрды. Әлгілер бізді кекетіп-мұқатумен болды. Көрсеткен қорлығына шыдасам да, ұлтымызға қатысты айтқан сөздеріне шыдап тұра алмадым. Тергеу барысында «Колбиннің сайлануына қарсымыз, кең-байтақ Қазақстанның иесі қазақ болуға тиіс» дедім. Содан олар «бірінші түймені басыңдар» деді. Тоққа жалғанған орындығыммен бірге құлап түстім. Араға біраз уақыт салып барлығымызды мал тиегендей әскери көлікке лақтырып, қала сыртына апара жатты. Жол бойы есім кіресілі-шығасылы болса да, «менің кішкентай қызым бар, босатыңыздаршы» деумен болдым. Еңгезердей біреуі Қапшағай трассасынан өткен сәтте есіктен лақтырып жіберді. Денемді көтере алмай, еңбектеп, әрең дегенде трассаның бойына шықтым. Келе жатқан көлікті тоқтатып, қамқор жандардың көмегінің арқасында аман қалдым, — дейді ол.
Ызғарлы желтоқсанның аязды күндерінде өлімнен аман қалған Сәлима Алдабергенова осыншалықты ауыр азапты күндерді бастан кешті. Оның 1986 жылғы оқиғадан кейінгі өмірі түбегейлі өзгерді. Тума-туыс, дос-жараны, тіпті күйеуі де одан сырт айналыпты. Жолдасының ағасы әскери қызметте жұмыс істегендіктен қызымен араласуына да тыйым салыпты. Тіпті сол оқиғадан соң ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен. Бейтаныс адамдардың көмегімен аяққа тұрған соң еңбек етуге кіріскен.
— 16 желтоқсан жақындаған сайын сол кезеңге қайта оралғандай сезінемін. Кеудеге толған ашу-ыза, қорланған жас көзден тамшылайды. Сол кездегі 4 жастағы қызыммен тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қауыштым. Осындай оқиғаға тап болғанымды кеш естіген ата-анам мені Шымкентке іздеп келіп, аяқтан тұруыма бар күшін салды. Қазір ойлап қарасам, жүк көлігінің жүргізушісі мені Шымкентке жеткізбегенде, бәлкім, тірі қалмас па едім, — дейді ол.
Қазір зейнет жасындағы желтоқсаншының үш қыз, бір ұлы бар.
Ақталғандарға көмек беріледі
Ақтөбеде «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігі бар. Олар ызғарлы желтоқсанның куәгерлерін іздеумен айналысады.
— Алғашында қоғамдық бірлестік құрамына 70 адам тіркелсе, бүгінде оның саны 160-қа жетті. Олардың 60-ы аудандардан болса, қалғаны облыс орталығында тұрады. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса береді. Ақталу құжатын 15 адам алды. Бүгінде аудандарда бірлестіктің 5 филиалы жұмыс істейді. Келер жылы Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына орай республикалық деңгейде конференция өткізу жоспарымызда бар. Сондай-ақ желтоқсаншылардың басын қосып, кездесу ұйымдастырмақпыз. Олардың арасында Қайрат Рысқұлбековпен бірге сотталған үш адам бар. Осындай өр тұлғалы азаматтардың ерлігін өскелең ұрпақ білуге тиіс. Биыл ақталу құжаты барларға 235 мың теңгеден бір реттік төлем төленеді. Келер жылы арнайы ұсынысымыз қолдау тауып жатса, қаламызда желтоқсаншыларға арналған монумент бой көтереді, — дейді бірлестік төрағасы Жанар Омар.
Ол Желтоқсан оқиғасы бізге тәуелсіздікті жақындатты дейді:
— Кеңес Одағында демократиялық қоғамның қалыптасуы Алматыдан басталды. Желтоқсан оқиғасы — соның айқын дәлелі. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ елі талай нәубетті жылдарды бастан кешті. Сол баға жетпес егемендік жолында күрескендерді кейінгі ұрпақ үлгі етуі керек. Бүгінде әлем мемлекеттерімен терезесі тең Қазақстанымыз бар. Еліміздің болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



