Ойылдық оқырманмен кездесу

«Ақтөбе Медиа» компаниясына қарасты облыстық екі газет «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестниктің» Ойыл ауданында мыңдаған оқырманы бар. Медиаплатформа өкілдері 9 желтоқсан күні Ойылға барып, тұрақты оқырмандарымен кездесті. Байыпты, байсалды басылымға адалдық танытып, көп жылдан бері жаздыртып алатын ойылдықтарға алғыс айтып, сый-құрмет көрсетті. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.
Аудандағы ірі құрылыстар
Он алты мыңнан астам тұрғыны бар Ойылда жаңалық көп. Оны көзі қарақты оқырман облыстық екі басылымда жүйелі жарияланып тұратын мақалалардан оқып та жүр. Ал қазір ойдағы елдің аузында— Ойылдың аумағында басталған ірі құрылыстар. Әсіресе көршілес Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарына қарай салына басталған екі тасжол мен ауылдың кіреберісіндегі автомобиль көпірінің жайын білгісі келетіндер аз емес. Ойыл өзенінің үстіндегі көпірді «Тенгизстройсервис» деп аталатын компания салып жатыр. Облыс бюджетінен 2665,5 млн теңге бөлінген құрылыс жоспар бойынша келер жылы аяқталады.
Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялыға қарай салына бастаған жол болашақта көршілес жатқан екі облысты жалғайтын республикалық трассаға айналуы мүмкін. Миялы мен Ойылдың арасы қашық емес. Небәрі 70 шақырым. Бірақ бұл бағыттағы жолдың нашарлығынан ойылдықтар Атырау облысына бару үшін кері айналып, Шұбарқұдық кентіне дейін 130 шақырым жол жүреді. Одан әрі Қарауылкелді асып, Атырауға әрең жетеді.
Асқар Қазыбаев бұл құрылыс 2026 жылы аяқталатынын айтады. Жол құрылысына биыл облыс бюджетінен 333,20 млн теңге, ал республика бюджетінен 100,0 млн теңге бөлінген. Бұл жоба бойынша Ойылдың Шұбарши ауылынан бастап Атырау облысының шекарасына дейінгі аралыққа 35 шақырым тасжол төселуге тиіс. Бүгінге дейін 17,5 шақырым жолдың негізі әзір. Ал көршілес Атырау облысы Ақтөбенің шекарасына дейін асфальт төсеп, ерсілі-қарсылы көлік қатынасына дайын отыр.
Ойылдан 80 шақырым жердегі Қараой ауылынан 30-40 жылға жететін газ қоры табылды деген хабар да ойдағы елді бір серпілтіп тастаған. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ойыл-Қараой бағытындағы жолға асфальт төселе бастағанын айтады. Әкімнің сөзіне қарағанда, жол құрылысы келер жылы бітеді. Аудандық маңызы бар бұл жол ойылдықтарды Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданымен байланыстырады.
— Қараойдан үлкен газ қоры табылды. Барлаушылардың дерегінше, ол жерде кемінде 8 миллиард 860 текше метр газ бар. Бұл — қырық жылдық қор. Қараойға инвесторлар келетін күн де қашық емес, — дейді ірі жобалар туралы баяндаған аудан әкімі.
Ойдағы елдің ықыласы
Ойылдық оқырман аудан орталығындағы Мәдениет үйіне жиналған екен. Жиынды Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев ашып, облыстық қоғамдық-саяси басылымды қолдайтын жерлестеріне ризашылығын білдірді. «Мемлекеттің саясатын жүргізіп отырған ресми басылымның орны да, бәсі де бөлек. Облыстық екі газет 100 жылдан бері елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Сол себепті біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз», деді өзі де көп жылдан бері облыстық «Ақтөбе» газетін жаздыртып алып оқитын әкім.
Ойылдық оқырман алдында сөйлеген «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры Раукен Отыншин облыстық«Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үштаған» журналының ұлттық идеологияны нығайту жолындағы рөліне тоқталып, мемлекеттік басылымдардың қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлес қоса отырып, елдегі азаматтық бірегейлікті күшейтетінін де атап өтті. Мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізіп отырған басылымдардың маңызы туралы философия ғылымдарының докторы, профессор Ақтөбе облысының құрметті азаматы Алтай Тайжанов та айтты.
Ойылдық оқырманмен кездесу барысында «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры Раукен Отыншин бірнеше азаматқа Алғыс хат тапсырып, үлкен ұжымның атынан ризашылығын білдірді. Марапатталғандардың бірі әрі бірегейі, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, кезінде Ойыл ауданын басқарған ұлағатты ұстаз— Ғазиз Займолдин ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Зейнет демалысында болса да ел өміріндегі оқиғаларды саралап отыратын мемлекеттік қызмет ардагері «Газет ұрпақ алдындағы парызды, ата-ананың аманатын, елдің үмітін халыққа жеткізіп отыр. Ұрпаққа үлгі болар тұлғаларды, қиындықпен шыңдалған ел азаматының тұлғасын көпке танытатын да газет. Осындай іс-шаралардың барлығы баспасөзде жарияланып жүр. Қазақта «Ер — елдің тірегі» деген сөз бар. Тірегі мықты болса, ел де мықты болады. Ал егер ол осал болса, елдің жүгі орта жолда ауып қалады. «Ақтөбе Медиа» ұжымына сәттілік тілеймін», — деді жерлестерінің алдында сөйлеген сөзінде.
Замандасының сөзін Ш.Берсиев атындағы ауылдық окруктегі ардагерлер ұйымының төрағасы, білім саласының ардагері Саламат Шаңғала жалғады.
— Мына біз, елуінші жылы туғандар, әкелерімізге бас иеміз. Себебі әкелеріміз бізді газет оқуға үйретті. Қашан көрсек те өздері газеттен бас алмайтын, радио тыңдайтын. Соны көріп өскен біз газетқұмар болдық. Одан жаман болғанымыз жоқ. Әкелеріміз өле-өлгенше газет оқып кетті. Газетті рухани азық деп ұлықтайтын. Жасыратыны жоқ, қазір жұрт газет оқығысы келмейді. Тіпті газет бетін ашпайтын мұғалімдер де бар. «Неге оқымайсыңдар» деп сұрасам, смартфондарын көрсетеді. Меніңше, ақпаратты газеттен оқу көзге әлдеқайда жеңіл, экран сәулесінің әсері болмайды, яғни көзің шаршамайды. Өз басым күніне 100 парақ оқымасам, ұйықтай алмаймын. Сондықтан рухани азықтан құр қалмас үшін газет оқыңыздар, — деді Саламат Шаңғала Ойылдың Мәдениет үйіндегі кездесуде.
«Ақтөбе Медианың» ұстанымы
Ойыл сапары кезінде «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері баспасөзге жазылу барысындағы белсенділігі әрі медиаплатформаға адалдығы үшін тағы бірнеше оқырманды марапаттады. Олар: «Идеят» шаруа қожалығының төрағасы Тілекбай Әміров, Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Гүлзат Жеткергенқызы, Ойыл ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Садақбаева, аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Алмат Байдуллаев, Ойыл кәсіптік колледжінің директоры Серік Займолдин, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тимур Қалниязов, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Серік Мусин, аудандық ардагерлер ұйымының пленум мүшесі Төлеген Меруенов, білім саласының ардагері Саламат Шаңғала, еңбек ардагері Айдынғали Тұрғаналиев.
«Ақтөбе Медиа» компаниясы әрдайым оқырман мен редакция арасындағы байланысқа үлкен мән береді. Өйткені бұл ең алдымен қоғамдық сұранысты анықтау үшін қажет. Жер-жердегі кездесулер кезінде редакция оқырман пікірін тыңдап, басылым мазмұнын қоғам сұранысына бейімдеуге тырысады. Кері байланыстың көмегімен контент сапасын жақсартады. Ашық коммуникация ақпараттық саясаттың айқын болуына әсер етеді. Екі арада сенімге негізделген серіктестік орнайды. Осы мақсатта «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері автокөлікпен бес мың шақырымға жуық жол жүріп, алыс аудан мен ауылдардағы тұрақты оқырмандарымен жүздесті, оларды ойландыратын сауалдарға жауап берді. Мұндай сапарлар жыл бойы жалғасып келеді.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ойыл ауданы.



