Басты жаңалықтарЗаң мен тәртіп

Құрдымға апаратын құмарлық

Есірткіге елтігендердің бүгіні мен ертеңі қандай? 

 «…Жолдасым екеуміз жоғары білім алған, өсіп-өнген, қазақы отбасынан шыққан адамдармыз. Екеумізден тараған екі ұл мен қызға сол тәрбиені сіңіруге тырыстық, қай жағынан да қатарының алды қылуға күш салдық. Тұңғышымыз мемлекеттік бағдарлама бойынша шетелде оқып келсе, кенже қызымыз — Астанадағы беделді университеттің студенті. Тек ортаншы баламыз туралы айтқанда тілімізді тістеп қаламыз… Кішкентайынан ерке, өз дегенімен жүретін.Жоғары сыныпқа көшкенде-ақ қылық шығара бастады: сабаққа бармайды, күні-түні компьютер клубынан шықпайды, қит етсе ақша сұрайды. Әр ата-ана баласының қандай екенін біледі ғой, басқа қалада оқытсақ тіптен жүгенсіз кететінін сезіп, Асылжан мектеп бітіргенде құжаттарын осындағы университетке тапсырдық. Онымен ештеңе өзгерген жоқ, сабақ түгіл, сессияға да бармағасын оқудан шығарып жіберді, амалсыздан жекеменшік оқу орнына ауыстырдық. Бізді мүлде тыңдамайтын, бағынбайтын күйге түсті. Бір дастарқанда отырып ас ішуді ұмыттық, ерте кетіп, кеш келеді, сөйлесе қалсақ, айтатыны — «тиын берші». Өз-өзінен қуыстанып, телефон нөмірін жиі ауыстырады, үйге біреу қоңырау соқса селт ете қалады, түрлі сылтаумен ақша сұрағанмен киім де сатып алмайды, түріне қарасаң — боп-боз, ауыратын адам сияқты… Сол кезде әкесі екеуміз мәселенің мәнісін түсінгендей болдық,көршілер де: «сенің балаң «наркоман», емдетсейші» деп сезігімізді күшейтті. Ұрыс-керіс, мойындамау соң ақыры «мяуды» аздап қолданамын» деген жауабын алдық. Онысы мефедрон екен, есірткінің бір түрі. Сұрастыра келе 5 жылдан бері тыйым салынған затқа әуес екенін, онсыз өзін нашар сезініп, денесі дел-сал болатынын білдік. Бұнымен күресіп жүргенімізге 3 жылдан асып барады, яғни ұлым 8 жылдан бері нашақор… Бір қинайтыны, бұның нағыз кесел екенін түсінбейді, қалаған уақытында қоя алатынын айтады. Дей тұрғанмен 1-2 ай қолданбай жүреді де, қайта бастайды, әбден қанына сіңіп кеткен. Талай рет емдеу орталықтарына жатқыздық, нәтиже шамалы. Әбден шаршадық, намыстанамыз, ақша бермесек, үйдегі бағалы заттарды сатудан тайынбайды. Отбасымыздың басты уайымы — осы».

Бұл — толық аты-жөнін айтпауымызды өтінген ақтөбелік ананың жан сыры. Тұңғиыққа батыратын тәуелділіктен қалай құтыларын білмей, осылай әбден зәрезап болғандар жыл санап артпаса, кемімей отыр. «Ғасыр дерті» атанған нашақорлықпен күрес Ақтөбеде қандай деңгейде?Кеселге шалдыққандарға жасалатын ем-дом қаншалықты нәтижелі? Ал бұны табыс көзіне айналдырғандар нендей жауапкершілікке тартылып жатыр? Теріс жолға кеткендердің психологиялық портретін білесіз бе? Біз осы және басқа да сұрақтардың жауабын құзырлы орган өкілдері арқылы білген едік…

Індет пен міндет

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Азамат Қияшевтің айтуынша, есірткіні қолдану, тарату — бүкіл адамзаттың денсаулығына қауіп төндіретін індет іспеттес.Жыл басынан бері Ақтөбеде есірткіге байланысты 322 құқықбұзушылық анықталып, 490 келіден астам тыйым салынған зат тәркіленген.

— Жасыратыны жоқ, есірткі тасымалдайтындардың арасында жастар басым. Айталық, биылдыққа 18-35 жас аралығындағы осындай 13 курьердің жолы кесілді. 1 мыңнан астам сайт бұғатталды. Әлгілер тұрғын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына жарнамасын қалдырудан да тайынбай отыр, осы жылы сондай 46 граффити-жазба боялды.

Өз тарапымыздан мәселенің алдын алу үшін түрлі деңгейдегі 1300-ден астам шара өткізіп, түсіндіру жұмысын күшейтіп жатырмыз. Меніңше, нашақорлықтың тамырына балта шабу үшін тәртібі нашар жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізіп, мәдени-спорттық шараларға көбірек тартуғаміндеттіміз.

Қылмыстық кодекске сәйкес, есірткі өндіру, дайындау, тарату бойынша ұсталғандар 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, ал курьерлер 5-8 жылға қамалады. Қылмыскергемарихуана, наша (гашиш), мефедрон, болмаса қандай затпен ұсталғанына қарай, яғни есірткінің ауыр-жеңіл түріне байланысты жаза тағайындалады, — дейді полицей Азамат Қияшев.

Құқық қорғау органының өкілі ұсынған дерекке сүйенсек, қазіргі таңда өңірде есірткі қылмысына қатысты 114 адам түзету мекемесінде отыр. «Бас бостандығынан айыру орындарында отырғандардың дені — жастар. Сондықтан мемлекет түзелгісі келетіндерге ертерек еркіндікке шығып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Бір жағынан, бұл — түрмеде отырғандардың санын азайту үшін жасалған маңызды қадам…» — деп атап өтті сұхбаттасушымыз.

«Облыста 1501 нашақор тіркелген, бірақ…»

Медицина мамандары жеңіл есірткінің өзінің зардабы ауыр болатынын, 1-2 қабылдаған адам соны қалап тұратынын айтады. Бұталы өсімдіктерден дайындалған есірткілерге тәуелділік өте жылдам қалыптасады. Оның соңы өлімге соқтыруы әбден мүмкін. Ал бұл нәубеттен толыққанды айығуға бола ма?.. Облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Айман Жұмашеваға осы сауалды қойғанымызда, адам шынымен талаптанса, бәрі мүмкін екенін алға тартты. Әйткенмен ол адамды өмірінің соңына дейін қадағаламаса болмайды…

Бүгінгі таңда облыс бойынша 1501 адам нашақор ретінде тіркеуде тұр. Соның 430-ы — 14-35 жас аралығындағы өрімдей жастар.

Бұл дертке шалдыққандар бізге әдетте жедел жәрдем қызметі, дәрігерлердің жолдамасы немесе полиция арқылы жеткізіледі. Олардың мінез-құлық, сыртқы бейнесіне тоқталсам, көңіл күйі күрт құбылмалы, ұйқы-тәбеті бұзылған, қаржы шығынына батқан, тым белсенді немесе керісінше самарқау көзі қызарыл тұрады.

Жалпы, психостимуляторлар бірнеше рет қолданғаннан кейін-ақ психикалық және физикалық мәселе туындатады. Кей жағдайда бір рет қолданудың өзі тәуелділіктің пайда болуына жеткілікті. Себебі бақыт гормондарының көп мөлшерде бөлінуі адамға қайта-қайта сол сезімді бастан кешуді қалап тұратындай әсер береді. Алайда есірткі ағзаны әлсіретіп, уақыт өте дозаны арттыруға мәжбүрлейді, бұл улануға алып келеді.

Есірткіге тәуелді адамдардың басым бөлігі наркологиялық қызметтің назарына аурудың ақырғы кезеңінде ғана түседі, ол кезде когнитивтік, эмоционалдық, мінез-құлықтық және соматикалық ауытқулар айқын байқалады. Көбіне бізге психомоторлы бұзылыстары, галлюцинация немесе суицидке бейімділігі бар адамдар түседі. Осы аталған себептерге байланысты біздің мекеменің статистикалық дерегі шынайы көрсеткіштерден алшақ екенін атап өту керек, — дейді тәжірибелі маман.

Оның айтуынша, қазір синтетикалық есірткі қолданушылардың саны артқан. Соған қарамастан, дәстүрлі есірткілер — опиоидтар мен каннабиноидтарға сұраныс азаймаған.

Тәуелділік — созылмалы қайталамалы бұзылыс, бірақ ұзақ ремиссияға шығуғаболады. Ұзақ бақылауларда емделіп жүрген адамдардың едәуір бөлігі ремиссияға жетеді, рецидив тәуекелі уақыт өте төмендейді, бәрі есірткі түріне, ем моделі мен ұзақтығына байланысты. Яғни нашақорлықтан толық емделуге болады, бірақ науқасты өмір бойы қадағалап, қолдау қажет.

Осы орайда біздің орталықта стационарлық ем қабылдаған барлық науқас клиникалық хаттамаларға сәйкес үш кезеңнен тұратын ем алады: дезинтоксикациялық терапия (кемінде 20күн), жалпы күшейтуші терапия (кемінде 60 күн) және медициналық-әлеуметтік оңалту (кемінде 6ай), — дейдіА.Жұмашева.

Аталған орталықта осы уақытта 31 нашақор ем қабылдап жатыр.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Облыста 1501 адам нашақор ретінде тіркелсе, соның 28,6 пайызы — жастар.

Ал есірткі қылмысына қатыстықазіргі таңда өңірде 114 адам түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Жат қылыққа неліктен жастар бейім?

Адамдардың есірткіге тәуелді болуының көп себебі бар. Ең алдымен, психологиялық және әлеуметтік факторлармен байланыстыруға болады. Айталық, қысым көрсе немесе материалдық қиындыққа тап болып, жан-жүрегі ауырса… Күйзеліс, психикалық аурулардан оңай құтылу үшін қалай нашақор болғанын білмей қалатындар да кездеседі… Араласатын орта, отбасының ықпалы да әсер етеді. Жастар арасындағы нашақорлық негізінен қызығушылықтан басталады.

«Jan ahual» психологиялық қолдау орталығының бөлім меңгерушісі, психолог  Майра Сәрсенғалиева нашақордың психологиялық портретін сипаттады:

Қазіргі қоғамда жастар арасындағы ең кең тараған мәселенің бірі — есірткіге тәуелділік. Бұл тек медициналық дерт емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік және мәдени факторлармен де байланысты. Көбіне жасөспірімдерге «жұққыш». Өйткені өсіп келе жатқан организм, толық қалыптаспаған психика әлсіз, эмоционалды жағынан тұрақсыз болып келеді.

Психологтар есірткіге тәуелділіктің бірнеше себебін атайды: өзін-өзі бағалаудың төмендігі, эмоциялық тұрақсыздық, көңіл күйдің құбылмалы болуы, шынайылықтан қашу, өмірлік мақсат пен қызығушылықтың болмауы, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынас құрмауы, соның ішінде бірі-біріне сенімінің жоғалуы, моральдық құндылықтардың төмендеуі, жалғыздық.

Тәуелділіктің салдарынан адамның зейіні мен есте сақтау қабілеті нашарлайды. Ойлау процесі баяулайды. Бұл тұста мінез-құлқында да өзгерістер пайда болады. Мәселен, тәртіп бұзу, мектептен немесе үйден қашу; ұрлық жасау, өтірік айту, агрессия таныту; түнде жүру, күмәнді топтармен араласу; сырт келбетіне немқұрайды қарау.

Бірақ осы аталған теріс қылықтарды болдырмаудың да жолы бар. Айталық, ата-ана бала жылы қарым-қатынас құрып, бір-біріне мейірімділікпен, сыйластықпен қарау керек. Қатаң бақылау, шектен тыс тыйым салу емес, керісінше, көмек пен қолдау беру, түсіністік танытқан жөн. Бос уақытын тиімді ұйымдастырса, есірткі еркіндік емес, «қамыт» екенін түсіндірсе игі, — дейді жантанушы.

Психологтің пікірінше, есірткі тұтынатыны анықталған жағдайда жазалаудан бұрын қолдауды ойлау қажет. «Адам бұған не үшін барды, ол бұл қылығы арқылы неден қашты?» — негізгі сұрақ осы болуы керек.

Аталған мәселенің себебін біліп, салдарымен күрессе, нәтиже де көп күттірмейді, — дейді бөлім меңгерушісі.

P.S. Ел арасында «бұрынғы нашақорлар болмайды» деген пікір бар. Яғни күрмеуі қиын мәселеде «кірген із бар, шыққан із жоқтығын» алға тартатындар аз емес. Бірақ шынайы ниет болса, кез келген қиындықты еңсеруге болатынына өмірде мысал жеткілікті… Бәрі адамның ерік-күшіне байланысты.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button