Жарықтандыру жұмыстары жалғасады

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Астана ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен аудан әкімі Баянбек Қырықбаев биыл атқарылған жұмыспен алдағы жылға жоспарланған бастамалар жөнінде жан-жақты баяндама жасады.
Аудан әкімі жиында инженерлік инфрақұрылым тарту, жол жөндеу, жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды көбейту және абаттандыру жұмыстары бойынша нақты дерек келтіріп, тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелерге тоқталды. Қолға алынған жобалар кезең-кезеңімен іске асатынын айтты.
— Астана ауданы — Ақтөбе қаласының қарқынды дамып келе жатқан аумағы. Қаладағы 54 тұрғын алаптың 20-сы, 300-ден аса бау-бақша ұжымының 60-тан астамы осы Астана ауданының аумағында орналасқан. Халық тығыз қоныстанған аймақта инфрақұрылымды жақсарту — басты назарда. Биыл аудан аумағындағы бірқатар жолға асфальт жүргізіліп, асфальттау мүмкін болмаған елді мекен жолдарының 122 шақырымына қиыршықтас төселді. Бұл тұрғындардың қозғалысын жеңілдетіп, көлік қатынасын едәуір оңтайландырады, — деді Баянбек Қырықбаев.
Астана ауданында биыл абаттандыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 мың шаршы метрге жуық аумаққа түрлі түсті брусчатка төселіп, тротуарлар жөнделген. Сонымен қатар тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуі үшін 12 жаңа қоғамдық кеңістік ашылып, саябақ пен гүлзарлардың жалпы саны 66-ға жеткен. Бұл — ауданның экологиялық және әлеуметтік келбетін жақсартуға бағытталған маңызды қадамның бірі. Көпқабатты үйлердің аулалары да назардан тыс қалған жоқ. Аулаішілік аумақтар абаттандырылып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар жасалды.
Жиында жаңа тұрғын алаптарды инфрақұрылыммен қамту, су тасқынының алдын алу шаралары, қоғамдық көлік қатынасы мен аялдамалар жағдайы, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру мәселелері сөз болды.
Кездесу соңында қала әкімі Азамат Бекет тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Шаһар басшысы көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, тұрғындармен кері байланыстың маңыздылығына тоқталды.
Сазды тұрғын алабына апаратын Богословка тасжолының бойын жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындар сауалына жауап берген Азамат Бекет бұл бағыттағы жұмыстардың қолға алынғанын айтты.
— Богословка тасжолын жарықтандыру — өте өзекті мәселе. Бұл жолмен қалаға кіретін көлік ағыны көп. Біз қазір қалаға кіреберіс жолдың барлығын кезең-кезеңімен жарықтандыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 390 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бұл — жұмыстың басталғанының нақты белгісі. Сондай-ақ Құрашасай бағытындағы тасжолға да жарық жүргізу жоспарда бар, — деді қала басшысы.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



