Заң мен тәртіп

Оқушыларға құқықтық кеңес берді

Қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастарға кеңес» жобасы және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ақпараттық-түсіндіру бағытындағы іс-шара өтті. Оған «Abyroi school» мектебінің жоғары сынып оқушылары мен құқық қорғау саласының өкілдері, аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

Қалалық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Гүлдәурен Нұрланқызының айтуынша, мұндай кеңес беру жұмыстары еліміздің барлық өңірінде қолға алынып жатыр.

«Жастарға кеңес» жобасы аясында қаламыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарының білім алушыларымен кездесіп, түрлі іс-шара өткіздік. Қыркүйек айында басталған түсіндірме жұмыстары енді оқу ордаларында жалғасады. Бүгінде тәрбиелік бағыттағы әңгімелер мен басқосулардың күн сайын болғанына қарамастан, құқықбұзушылық деректері азаймай тұр. Осы жолғы кездесуде учаскелік полиция инспекторы оқушыларға құқықтық сауаттылық бойынша кеңес берді. Сондай-ақ ерте жүктіліктің салдары, отбасын құруды жоспарлау, болашақ оқу орнын дұрыс таңдау, кәсіпке бет бұру жолы туралы мазмұнды пікірлер айтылды, — дейді ол.

Кездесу барысында оқушылар Астана ауданы №2 қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Мадияр Бисен мен облыстық аналар кеңесінің мүшесі Бибігүл Маратқызына толғандырған сұрақтарын қойып, нақты кеңес алуға мүмкіндік алды.

Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді. Кездесу барысында оқушыларға есірткі мен психотроптық заттарды қолданудың адам денсаулығына, психологиялық және әлеуметтік жағдайына тигізетін кері әсері туралы нақты мысал айтылды. Учаскелік полиция қызметкерлері мектептерде рейд жүргізіп, оқушылардың арасында болған қандай да бір кикілжіңді анықтап, сабаққа себепсіз келмей жүргендерді тексеріп, себебін білуге тиіс. Мысалы, маған сынып жетекшісі келіп: «Оқушым екі аптадай сабаққа келмей жүр», — деп шағымданса, алдымен баланың ата-анасына хабарласамыз. Байланысқа шықпаған жағдайда оқушының тұрғылықты мекенжайына барып, мәселені анықтаймыз. Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, көшеде бақылаусыз жүрген балаларды, сонымен бірге кәмелетке толмағандарға алкогольді сусын мен темекі сату фактілерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Әр өткізген жиында оларға әлемжеттік жасау, бопсалау және көшеде суық қару ұстап жүрудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін қатаң ескертеміз, — дейді М.Бисен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған кездесулер жалғасады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button