«Таза Қазақстан»

150 түп қарағай егілді

Ақтөбеде кәсіпкерлердің қолдауымен 150 түп қарағай егілді. Іс-шараға қала әкімі Азамат Бекет, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, қала тазалығына жауапты мекеме қызметкерлері және еріктілер қатысты.

Биіктігі 3 метр болатын қарағай көшеттері Әбілқайыр хан даңғылына, ескі қала аумағына және Алтын Орда шағын ауданына егілді. Сонымен қатар 70 түп қарағай Өнер орталығы мен Неке сарайы алаңынан орын тапты.

Қала әкімінің айтуынша, мұндай экологиялық бастамалар шаһардың жасыл желегін көбейтіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да әсер етеді. Сонымен қатар ол табиғатты қорғауға бағытталған игі істерге кәсіпкерлердің де белсене атсалысып жатқанына ризашылығын білдірді.

Президент бастамашы болған «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында биыл өңірде 11 мыңнан астам ағаш егілген. Қала аумағын көгалдандыру ісінде мемлекеттік мекемелер ғана емес, жергілікті кәсіпкерлер мен өндіріс орындары да белсенділік танытып отыр.Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, бұл бастама бойынша бюджетке салмақ түспеген, барлық жоба ірі кәсіпорындар және қала жанашырларының демеушілігімен жүзеге асып жатыр.

— «Қазхром» трансұлттық компаниясы соңғы екі жылда 3 мыңнан астам ағаш көшетін егіп, қалаға үлкен сый жасады. Екі жылдық кепілдік аясында компания ағаштарды күтіп-баптауды өз мойнына алды. Қала экологиясын жақсартуға бағытталған көгалдандыру жұмысы алдағы көктемде де жалғасын табады. Біз бұған үлес қосқысы келетін кез келген азаматты, кәсіпорынды қолдауға дайынбыз. Ақтөбенің жасыл келбетін қалыптастыру жолындағы бастамалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыра түсетіні сөзсіз, — деді Азамат Бекет.

Соңғы жылдары Ақтөбеде қаланы көгалдандыруға баса мән беріліп келеді. Әсіресе кәсіпкерлік сектордың қолдауымен мыңдаған ағаш көшеті егіліп, күтіп-баптау жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен, осыған дейін биіктігі 4-5 метр болатын қарағайлар мен шырша көшеттері  М.Мәметова, Ғ.Жұбанова көшелеріне, әуежайға баратын бағытқа егілсе, құс шие, шаған ағашы орталық мешіт алаңына, автовокзалға баратын жолға егілді. Алтын Орда шағын ауданы мен Бөкенбай батыр көшесіне алма ағашы мен қарағайдың 6 мың көшеті егілді. Бұл жұмыстың көп бөлігі демеушілік көмек есебінен іске асқан.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button