Заң мен тәртіп

Жастар және қауіпсіздік мәдениеті

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Қауіпсіздік мәдениеті: зорлықтың алдын алу мен құқықтық білім» атты жастармен профилактикалық кездесу өтті.  Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде жұмыс істейтін «JasVision» жобасының ұйымдастыруымен өткен кездесуге қала жастары қатысты.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы Астана ауданы №2 полиция бөлімшесінің инспекторы полиция лейтенанты Айнара Егізбаева жастарға зорлық-зомбылықтың, құқықбұзушылықтың, қылмыстың алдын алу туралы түсірілген бейнероликтер көрсетіп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға қатысты пікірін білдірді:

— Осындай кездесулерде жастарға бейнероликтер арқылы зорлық-зомбылықтың, қылмыстың алдын алу мәселелерін түсіндіреміз. Қазіргі таңда қылмыстың алдын алу бағытында жүргізілетін жұмыстарды күшейту маңызды. Жастардың беймезгіл уақытта жүрмеуі, өз өміріне, болашағына жауапкершілікпен қарауы керек екенін баса айтамыз. Бір қателік адамның болашағына балта шабуы мүмкін,  — дейді ол.

Сонымен бірге кездесуде «Жас сақшы» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Тоғжан Әбужанова, «JasVision» жобасының жетекшісі Әлихан Талғатұлы сөз сөйлеп, аталған ұйымдар туралы, олардың жұмысы жөнінде ақпарат берді.

Жиынды жүргізген С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің деканы,педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Кульбаева мұндай кездесулердің жастардың құқықтық сауатын, қауіпсіздік мәдениетін арттыруға септігін тигізетінін айтты.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button