Мерей

Жетпістегі жігер

Өмірдің өз заңы бар. Тірлік ағысы адамды қалай қарай алып кететінін де бағамдау қиын кейде.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Аманбай Арзығұловтың өмір жолдарында назар аударар сәттер баршылық. Шалқардың бір бүйіріндегі Қопасор ауылының перзенті 1977 жылы Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген соң Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасына маңдай тірейді. Көңілінде — тура билігімен және емшілігімен ауыл-аймаққа танымал атасы Әбдіхалықтың «Қарағым, үкіметтің жұмсаған жағынан тартынбай бара бер. Ел-жер көріп, ысыласың» деген ақылы. Айтқандай, басқармада жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы Райыс Отжағаров Новоресей аудандық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен сұраныс негізінде сол жақта жұмыс істеуді ұсынады. Көрмеген-білмеген орта, танитын бір адамы жоқ, жасқану бар. Сөйтсе де, «Искра» ұжымшарында еңбекақы жөніндегі экономист қызметіне бұйрық алады.Сол кездегі тәртіп бойынша жолдамамен келгеннен кейін шаруашылықта үш жыл жұмыс істеуге міндеттісің.

Бұрын аудан орталығы болып келген Новоресей поселкесінде ұжымшар басқармасының төрағасы, Ұлы Отан соғысының майдангері Апырайым Әйпейісовтің қабылдауында шаруашылық жайлы мәліметтерге қанығады. Алуан ұлттың бес жүзден аса өкілі жұмыс істейтін ұжым егін шаруашылығымен және малдың төрт түлігін өсірумен шұғылданады. Бір олқылығы — орталықта қонақүй жоқ. Алла берген несібе ғой, бас экономист. Александра Муняхинаауыл тұрғындары жайында біраз нәрседен хабардар екен. Төраға тапсырмасымен ол бас есепшінің орынбасары Белал Ешниязовке жолықтырып, соның үйіне орналастырады, кейін мал дәрігері Серік Отаровтың үйіне ауысып, еш алаңсыз жұмысын жалғастырады. Екі отбасындағы үлкен-кіші, әсіресе Серіктің анасы түйме қақ-соқтан аулақ жүретін, жақсы істі көрсе, үйренуге құштар Аманбайды бауырына тартып, өз баласындай көрді.

Осылайша жас маман сан салалы ұжымшардың жыл бойына дамыл таппайтын мазасыз тірлігіне білек сыбана араласып кетті. Негізгі міндетін атқара жүріп, науқандық жұмыстардың қай-қайсысында да елгезектігін танытты. Әсіресе орыс, неміс, украин, басқа да ағайындардың егіс және бау-бақша алқаптарын күтудегі жанкешті еңбегі қызықтырмай қоймайды. Автокөлікті, трактор-комбайнды жүргізуге машықтанды.

Ауыл шаруашылығы жұмыстарының жүргізілу технологиясын, оны жаспарлау қағидаларын, еңбекақы төлеу тәртібін, институтта оқыған теорияларды іс жүзінде жүзеге асыру әдістерін меңгеру нәтижесінде бас экономист қызметіне жоғарылады, көп ұзамай ұжымшар парткомының хатшысы болып сайланды. Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарудың да пайдасы айтарлықтай болды.

Аманбай Арзығұлов «Құдықсай» кеңшарында партком хатшысы болып үш жыл жұмыс істейді. Сол тұста аталған шаруашылық экономикасының дамуы жөнінен ауданда, тіпті облыстағы таңдаулы еңбек ұжымдарының бірі болды. Негізгі бағыты — қазақтың асылтұқымды ақ бас сиырын өсіру және егін шаруашылығы. Кейіпкеріміз жаңа жұмыс орнында Виктор Рейхерт, Алпамыс Садықов, Анатолий Мартыненко, Әбілқайыр Сапаров және басқа өз ісіне берілген адамдармен қызметтес болып, тәжірибе жинақтағанын айтты.

Аудандық кеңес атқару комитетінде төрағаның орынбасары—жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне шақырылуын өміріндегі маңызды кезең деп бағалайды. Өңір атауы Новоресейден Хромтауға өзгертілген шақтарда аудан әкімшілігі басшысының командасында экономика бөліміне жетекшілік етіп, сенімді абыроймен ақтады.

«Новоресей ауданының үздік экономисі» атағы, облыс және аудан әкімдіктерінің Алғыс хаты – Аманбай еңбегінің бағасы.

Мемлекеттік қызметте төселіп, қоғамдық ұйымдарға жетекшілігімен көрінген Аманбай Арзығұловтың еңбек жолы Ақтөбе қаласында жалғасты. Атап айтқанда, «Трансэнергия» ашық акционерлік қоғамында жоспарлау-экономика бөлімін басқарды, «Ақтөбе арнаулы құрылыс-монтаж» және «Электрбайланыс» ЖШС-ларында директордың орынбасары болды.

Зайыбы Бибіғайша екеуі облыс орталығында жеке үй салып, ұлдары Мереке мен Азаматты үйлендірді, зейнет демалысына шықты, немерелердің бал күлкісіне масайрап, шат көңілде жүрді.

Әттең… Осыдан бес жыл бұрын әлемнің біраз мемлекеттерін шарпыған ковид індеті бұл шаңыраққа да қатерін төндірді. Маусым айының кешкі шағында отанасы Бибіғайша мен үлкен перзент Мерекенің қан қысымы көтеріліп, дене қызуы күшейді. «Жедел жәрдем» бригадасы кідірмей-ақ жетті, алғашқы ем-домын жасап, екеуін аурухана төсегіне жатқызды. Болған жайды баяндаудың өзі қиын: әуелі үш мүшелі енді ғана толған Мереке келместің кемесіне мінді, арада сегіз күн өткенде анасы Алланың аманатын тапсырды.

Марқұм Мерекенің соңында аяғы ауыр, айы-күні жақындап қалған зайыбы аңырап, сай-сүйекті сырқыратты.

Жақын-жуықтың жанарынан «Аманбай сынып кетпесе болар еді» деген ойды аңғарғандай болып едік. Жоқ, ол тез сілкініп, иыққа түскен ауыр салмақты көтере білді. Қолында қалған Азаматына, келіндері Дания мен Жадыраға Алланың пәрменіне мойын ұсынып, ширақ қимылдау қажеттігін ұғындырды.

Арада айжарым уақыт өткенде Мерекенің үшінші перзенті дүние есігін ашты, есімін Жансая деп өзі қойды. Бейкүнә періште үшін базардан екі ешкі сатып әкеліп, күнбе-күн өзі сауды. Ауладағы жеміс ағаштары мен көкөніс дақылдарына ұдайы күтім жасау машығынан ауытқыған жоқ. Оның бержағында баласы мен келіндерін міндетті жұмысынан қалдырмас қамымен жеке автокөлігімен немерелерді балабақша мен мектепке апару міндеті бар. Зейнеткер азамат осы шаруаларды қабақ шытпастан қапысыз атқарып келеді.

Қазіргі күнде есейген немерелері Әзиза, Диас, Айару мектепте оқу бағдарламасын үздік меңгеріп, озаттар санатына ілікті. Үшеуі де күнделікті оқуынан қол босаған сәтте ағылшын тілі, математика пәндерінен ақылы қосымша сабақтарға, үйірмелерге қатысады.

Диас шахмат, робототехника үйірмелерінде ынталылығын көрсетсе, Айару Шығармашылық академиясында қолөнері үйірмесінің толық курсын тәмамдап, сертификат алды. Және бір қыры — облыс орталығындағы «Алтын зер» би студиясында тәлім алуы. Нәтижесінде Алматы қаласында би бағытындағы «Dance master» республикалық фестивалінде жеке екі биді үздік орындап, дипломға ие болды. Диастың Кекушинкай каратэ KW  федерациясының сертификатына сәйкес «Жылдың жарқын жетістігі» атағын және «Салындысы бар жасыл белбеуді» иеленуі сүйсінтеді. Әзиза болса, спорттың осы түрінен облыстық федерация ұйымдастырған жарыстарға толық қатысуы нәтижесінде алғаш рет халықаралық «Алматы Опен» сайысында біріншіорынмен жеңімпаз атанды.

Пейіште нұры шалқығыр Мерекенің Жансаясынан кейін Азаматтың отбасында Айназ, Аймат өмірге келді.

Еңбек ардагері Аманбай Арзығұлов өңір экономикасын көтеруге өзіндік үлесін қосып, бала-немерелері алдындағы әкелік, аталық парызын осылайша адал орындап, жетпіс жасына ажарлы жетті.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button