Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ: Сары бидай әуенін сағынасың…

Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Байғанин ауданының құрметті азаматы, Қазақстан журналистикасы «Алтын медалінің» иегері Жақсылық Айжанұлы 75 жасқа толып отыр.
Ол — бірнеше жыр жинағының, сондай-ақ көптеген тарихи-танымдық туындылардың авторы.
Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен Байғанин өңірінде мұғалім болудан бастап, ұзақ жыл облыстық телевидениеде редакторлықтан төрағаның орынбасарлығы сатысына дейінгі жолдан өтті. Кейінгі жылдары облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет атқарды.
Жақсылық Айжанұлы қоғам өмірінің жақсылығына қуанып, қиындығына жаны ашып жүретін қаламгер. Сондықтан да «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі болып, жарылыстар зардабымен күресті, туған өңірдің табиғатын түлетуге белсене атсалысып келеді, ауыл-елді көркейтуға байланысты бастамалар көтеріп, оларды жүзеге асыруға да тікелей өзі қатысады.
Азаматтық ұстанымына берік, жақсы жырларымен оқырманын қуантып келе жатқан ақынды мерейтойымен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, шығармашылық жетістіктер тілейміз!
Күз
Тағы да қарсы аламын сары күзді,
Ойлантар көшіменен бәрімізді…
Аққайың көз алдыңа елестетер,
Жанары мұңға толы кәрі қызды.
Аспан да түнертеді мұз қабағын,
Қайтейін түсінемін, сызданамын…
Құстар да қайтып барад еріксізден,
Сұсты жүз танытқан соң күз қарағым.
Қызығы өмірдің де жартылайды,
Өткен күн бақыттырақ, арты қайғы…
«Сағындым, сәулем» деумен сабылдыртар,
Сары бидай әуені айтылмайды.
Қимайсың жалын жастық дәуреніңді,
Жаның іздеп түн жортқан әуре күнді…
Мейірімін төккенменен көк жүзінен,
Байқайсың, сияқты ма сәуле мұңды…
Жап-жасыл орман кенет қызарады,
Салқын жел әндері де ұзарады.
Жүректі жұбатар тек немерелер,
Астында аяғыңның мұз алаңы…
Қуанасың, немерең күлімдесе,
Дауыс та өзге, өзге еді үнім кеше…
Білмейді олар, білмейді менің-дағы
Қайтарымды құс-ғұмыр күзім келсе…
Оу, ағайын, дос, мен оған асықпайын,
Сендер барда жанымды жасытпаймын.
Минуты да тірліктің бақытты сәт,
Кешем күнді ес-түссіз ғашықтайын!?.
Жем
Ерке өзенім жиі кірер түсіме,
Не ойлайды,
Өзгелердің ісі не…
Сені үнемі мақтан етем
Ұлы деп
Бір көрмеген кісіге.
Мақтар біреу
Жайығын не Ойылын,
Менің жүрегімде — Сен өзгеше қойылым.
Шілделерде сен тартылып қалар деп
Мазалайды ойым мың.
Сағынышты басамын
Қарап кейде картаны.
Қуантамын сен жайлы айтып ортаны.
Түсінбеймін құшағыңды жайғанда
Сәуір келсе,
Неге жұрттар қорқады.
Шалқып аққан сәттеріңе қуандым,
Қорқынышым — жайлап жатқан құм алдың.
Жүзуді де саған барып үйрендім,
Сен елдің бау-бақшасын суардың.
Сен тасисың,
Каспиіме құясың,
Арнаңа да кейде шаққа сыясың.
Селдеткенде анда-санда бұзасың
Жарқабаққа салған құстар ұясын.
Жігерімді сені ойлап жаныдым,
Бәз баяғы… аңқау бала қалыбым.
Ауламаймын, ауылға көп бармаймын
Көбейсін деп балығың.
Өтежандай таныта ма күшін жыр,
Соқтырмастан бара жатыр ұшып жыл…
Қадіріңді мендей болып біле ме,
Кімдер бүгін аңсап барып түсіп жүр…
Төрт тал
Зейнет жасқа әкем бір жыл жеткен-ді,
Дәл сол жылы төрт талды әкеп еккен-ді.
Тас құдықтан суағарды жасады,
Қолға алып қысқа сапты кетпенді.
Елге барсам айтатыны халықтың,
«Өсірді әкең оны сумен қарық қып».
Саяладым көлеңкесін аптапта,
Жапырағын жайып өсті жарықтық.
Қала жаққа көштім іздеп жыр-азық,
Ауыл бардым, кетті көңіл құлазып.
Аула да жоқ, үйдің орны теп-тегіс,
Еңсемді бір көтертпеді мына жүк.
Ауыр ойдан кеткендей боп сыз өтіп,
Жүрегімді басты бір мұң дыз етіп.
Жұртта қалған жетім бала секілді,
Баяғы сол төрт ағаш тұр күзетіп.
Қызартты кеп, кенет соққан отты леп,
Кетті сөйлеп тұрған ағаш көк тіреп.
Мұң шаққандай болды олар әкеме,
Үміт артқан ұлың тастап кетті деп.
Жатаған үй маған болды бесіктей,
Өстім сонда суық сөзді есітпей.
Демалыста Жарқамыстан жаяулап,
Хан сарайым, жеткем саған кешікпей.
Әке, сен де мені кешіргін,
Бұрылғаны рас менің көшімнің.
Егіп едің сен төрт талды ырым қып,
Мен қала барып төрт ұлымды өсірдім.
Сақтап, баптап талай жыл мен ай, күннен,
Арманым мен қайғыммен,
Үмітіңді үзбеу үшін тірлікте,
Жалғызың боп жапырағыңды жайдым мен.
Жаңатаңға —
Соғам аңсап, өзгермеген жер мүлде,
Жем өзені толқындайды бұл күнде.
Бір жеңгемнің елге барсам айтары:
Әкең еккен талға сәлем бердің бе?
Тағзым етем, төрт тал менің құбылам,
Көкбөрідей сезімменен ұлыған.
Туған жерім — сенсің Темірқазығым,
Сәл адассам, саған қарай бұрылам…
Жарқамыс
Ескен желден хабарыңды естідім,
Құм көшкіні болып апты ескі мұң.
Батысыңнан жайлап жылжып топырақ,
Тұяғынан отар қой мен ешкінің.
Жарқамысым,
Жем бойының өзің едің көркемі,
Құм жұтпақ па… қандай болмақ ертеңі…
Саған қарай көктен ұшып жететін,
АН-2 мен ЛИ де бүгін ертегі…
Жетер жылдар құлпыртатын көктемі,
Жаңбыр жауса, ол — сәлемімнің жеткені.
Ғалымдар мен жазушылар ұясы,
Сен аман бол, уа Абызым —
Жарқамыстың мектебі!
Ғажап еді-ау нәзік бұлттар көштері,
Қызыл шоқ боп батқан күннің кештері.
Сенен алыс алып кетті ғайыптан,
Мына өмірдің арман дейтін ескегі.
Беу, Жарқамыс,
Құмыңды да сағындым мен бораған,
Неге кеттім, келем ойдың құшағында ораған…
Менен гөрі бақыттырақ секілді,
Орманында жүрген жалғыз жаралы аң.
Республика күнi
Республика күні керемет қандай асқақ үн,
Енді ашық болсын аспаным.
Лаулатып жақсын тірліктің сырлы оттарын,
Мағжан айтқандай, жастарым!
Түп төркінісің тектіден туған түркінің,
Қыран боп білдір ұлт үнін.
Талмастан ойым қақпаймын кірпік түндерде,
Береке, бірлік берсін деп нұрлы бұл күнім.
Бабамнан қалған Байтағым — барым, асылым,
Жүрегімде менің сырым жоқ сенен жасырын.
Тайғақты, тасты жолдардан өттің, ол анық,
Туады алдан армандап күткен ғасырың.
Төріңе шықты бас қамын ойлар талай бек,
Сұрады ма екен, қазағым, қалің қалай деп…
Республикам, сен енді сөйле,
Бөкенбай болып, Абай боп.
Тәуелсіздігің — тұғыры берік ұстаным,
Орманың, көлің, қара тасың да құштарым.
Республика күні — ең ұлы ұлық мерекем,
Жасай бер, жаңа Жаңарған Қазақстаным!
Қоштасу
Есенбай ақын өмірден өтер бір күн бұрын курстасы Қоғабай Сәрсекеев соңғы жыр жинағын шығарып әкеліп, қолына бергенде ақын тебіреністі күй кешкен екен.
Өлең, тек сен қуаныштар сыйладың,
Тек сен болдың бар байлығым, жиғаным.
Бақи-ғұмыр не береді — беймәлім,
Ал фәниден, өлең, сені қимадым.
Өмір, сенің тау-тасыңа, суығыңа ұрындым,
Енді, міне, басқа әлемге бұрылдым.
Бауырыма басып, мұң біткенінен ада боп,
Ең соңғы рет
Жалынына жылынайын жырымның.
Талайлармен тірлігінде достастым,
Болдың, өлең, арым, адал, көшбасшым.
Құшағыма қысам енді соңғы рет,
Сен менімен қоштасқын.
Дауылыңа, жауыныңа жаурасам да, көнген ем,
Аязына, бораныңа орасаң да, сенген ем.
Қапаланған күй кешемін амалсыз,
Алыстайсың, сырлы өлең, сен менен.
Мен сүрінсем, сенен ғана қысылғам,
Құсым едің көкке қарай ұшырған.
Бір қарайлап маған-дағы қойғайсың,
Ұшып бара жатсаң егер тұсымнан…
Жүрегіме сен үңілдің мөлдіреп,
Тұр көгімде жалауым боп желбіреп.
Өкпелеме мені тастап кетті деп,
Маңдайыңнан сипайыншы соңғы рет.



