Мерей

«ӨЛЕҢМЕН ЖАЗЫЛҒАН ӨМІРБАЯН»

Ақтөбеде Қазақстанның құрметті журналисі, ақын Сағындық Ниянқұловтың 70 жасқа толуына арналған әдеби кеш өтті.

Қалалық Мәдениет сарайында «Өлеңмен жазылған өмірбаян» деген атпен өткен кешке ақтөбелік қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар мен студенттер қатысты.

Алдымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова сөз алып, мерейтой иесіне облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырханның құттықтау хатын табыстады.

Сағындық Ниянқұлов жырларының басты тақырыбы — туған жер, ауыл, әке мен ана, достық пен махаббат, оның жырлары оқырман жүрегіне осы мәңгілік құндылықтар арқылы жол тауып отыр. Бүгінге дейін оның «Әкеммен сырласу», «Біз екеуміз», «Жауқазын жырым — жастығым», «Бір қуанту — арманым», «Ауылға хат», «Жазсам деймін» атты кітаптары жарыққа шыққан және өлеңдері «Ақтөбе кітапханасы» сериясының аясында да жеке том болып жарық көрді.

Кеште С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың қызметкерлері және жастар Сағындық Ниянқұловтың «Домбыра», «Туған жер», «Қазақпын», «Жедел жәрдем», т.б. өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ автордың өзі де жырсүйер қауым алдында «Ана», «Мінез» сынды өлеңдерін жатқа оқыды. Ал ақынның туған жерінен келген өнерпаздар — Алтықарасу ауылдық Мәдениет үйінің директоры Ғалия Жанбосынова, Тасқопа ауылдық клубының меңгерушісі Досхан Қамысбайұлы, т.б. оның сөзіне жазылған әндерді орындады.

Жиында жылы лебіз, естеліктер көп айтылды. Ақтөбелік ақындар Бижан Қалмағамбетов, Гүлжайнар Қалдина, кеш иесінің баспасөз саласында бірге қызмет істеген әріптестері Нұрмұханбет Дияров, Серік Омаров, т.б. құттықтау сөз сөйлеп, лебізін білдірді.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен өткен әдеби кешті кітапхана қызметкері Аманжол Исламғали жүргізді. Жиналған көпшілікке осы ұжым Сағындық Ниянқұловтың шығармашылығына арналған «Аманбысың, оқырманым, көз көрген…» атты кітап көрмесін де ұсынды.

Сондай-ақ осы күні облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің және «Үш таған» журналының басын қосып отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС шаңырағында да ақынның мерейтойына арналған кездесу өтті. «Ақтөбе» газеті — Сағындық Ниянқұловтың көп жыл бойы еңбек еткен ұжымы.

Әріптестері атынан алдымен Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының басшысы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сөз сөйлеп, мерейтой иесіне өзінің игі тілегін жеткізді. Сонымен бірге құттықтау хат табыстап, сый-сияпат көрсетті. Жиында белгілі ақын Ертай Ашықбаев, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, басқа да қаламгерлер құттықтау сөз сөйлеп, шуақты күндерден естеліктер айтылды.

Мерейтой иесі облыстық газетте қызмет істеген жылдарын еске алып, өзіне деген ыстық ықыластары мен жылы лебіздері үшін алғыс сезімін білдірді.

Ақынның зайыбы, денсаулық сақтау саласының үздігі Зияш Сейілханқызы да сөз алып, өз тілегін айтты.

 

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button