Мерей

ТУҒАН ӨЛКЕНІҢ ЫҚЫЛАСЫ

Байғанин ауданының орталығы — Қарауылкелдіде ақын, журналист Жақсылық Айжанұлы өткен аптада өзінің жерлес оқырмандарымен кездесті. Кездесу шымылдығы ақынның «Төрт тал» туындысы негізінде аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері түсірген портреттік фильммен ашылды.

Ақынның 75 жылдық мерейтойына орай аудандық Мәдениет үйінде «Сәулелі жырдың сарбазы» деп аталған шығармашылық кешке жиналған жұртшылық алдында аудан әкімі Айбек Көпенов ауданның құрметті азаматы

Ж.Айжановты жерлестері атынан құттықтап, ақынның шығармашылығына тоқтала келіп, сый-сияпат көрсетті.

— Жақсылық Айжанұлының шығармашылығының негізгі арқауы — туған жер, өскен өлке. Ол өзі түлеп ұшқан, ұстаз ретінде алғашқы еңбек жолын бастаған Байғанин өңірімен байланысын қай кезде де үзген емес.

Елдің қуанышына бірге қуанады, қиындықтарын бірге көтеріседі, көкейкесті мәселелерді баспасөз бетінде көтеріп, оңды шешімін табу жолында еңбетенеді. Ол осылайша қоғамдық белсенділігімен жас буынға үлгі болып жүр, — деді ол.

Шығармашылық кеште сөз алған Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин Ж.Айжанұлының мерейтойы «Ақтөбе Медиа» баспасөз орталығында белгілі ақтөбелік ақын-жазушылардың, қаламгерлердің қатысуымен аталып өткенін айтты.

— Бүгін, міне, сол салтанат мерейтой иесінің туған жерінде жалғасын тапты. Жақсылық Айжанұлымен Ақтөбе телеарнасында тізе қосып еңбек еттік. Ол менің орынбасарым ретінде әкімшілік қызмет атқарғанымен, шығармашылық жұмысты да қатар алып жүрді. Ол жүргізген телехабарлар көрермен тарапынан қызығушылық туғызып, телеарна мен ақтөбеліктер арасында рухани байланыс беки түсті.

«Көгілдір экран төрінде Ақтөбе теледидары», «Арманға қанат байлаған…», «Отауы болған ән-жырдың…» деп,  Ақтөбе телеарнасының жарты ғасырлық тойына жыр шашуын шашқан Есенбай ақыннан қалған қанатты сөз сериялы телехабарлардың тақырыбына айналды.

Ж.Айжанұлы облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің таралымына да үлкен үлес қосты. Біздің шығармашылық байланысымыз әлі күнге үзілген жоқ, — деді Р.Отыншин.

Бұдан соң ақынның жаңадан жарыққа шыққан «Күз» жыр жинағының тұсауы кесіліп, оқырмандарына қанат қақты.

Кеште сонымен қатар аудандық ардагерлер ұйымының жетекшісі Құрманғали Әлжанұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Назарбек Нұрмағамбетов, «Ақтөбе» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Жаңагүл Ниязмағамбетова, «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімінің басшысы Мұрат Тасин мерейтой иесін құттықтады.

Ақын жыры мен сыры ақтарылған кеш Ж.Айжанұлының шығармалары бойынша мектеп оқушылары жасаған поэзиялық этюдпен және жергілікті көркемөнерпаздардың музыкалық ән шашуымен аяқталды.

 

Ғ.БҰРХАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button