АИТВ-НЫҢ АТЫ ӨШЕ МЕ?

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша брифинг өтті. Жиын барысында сала мамандары облыстағы қазіргі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.
Ақтөбе облыстық АИТВ-ның алдын алу орталығының мамандары ЮНЭЙДС ұсынған «95-95-95» жаһандық стратегиясы аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, нәтижені бөлісті.
ЮНЭЙДС ұсынған «95-95-95» стратегиясы 2030 жылға қарай АИТВ індетінің таралуын тоқтатуға бағытталған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін АИТВ жұқтырған адамдардың 95 пайызы өз дертінен хабардар болуға тиіс және арнайы антиретровирустық терапия қабылдауы керек.
— Біз антиретровирустық терапияның тиімді екенін көріп отырмыз. Емделушілеріміздің көпшілігі толыққанды өмір сүріп, отбасын құрып, жұмыс істеп, бала тәрбиелеп отыр. Бұл тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік қолдаудың да нәтижесі, — деді облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының бөлім меңгерушісі Динара Уразалинова.
Бүгінде өңірде АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша 2023-2026 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл жұмыс денсаулық сақтау ұйымдары, білім басқармасы, полиция департаменті, қылмыстық-атқару жүйесі және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жүргізілуде.
Биыл облыста он ай ішінде АИТВ инфекциясын жұқтырған 48 адам тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 дерекке төмен. Мамандардың айтуынша, инфекцияның негізгі таралу жолы — жыныстық қатынас. Жыл басынан бері анықталған науқастардың 90 пайызы дәл осы жолмен жұқтырған. Науқастардың басым бөлігі — ер адам.
— Облыстың әрбір тұрғыны АИТВ инфекциясы алдын алуға болатын созылмалы ауру екенін түсінуге тиіс. Қарапайым сақтық шаралары арқылы аурудың алдын алуға болады. Егер ауру жұққан жағдайда қазіргі медицина вирусты толық жоймаса да, оны тоқтатуға, өзге адамдарға жұқтырмауға мүмкіндік береді. Бұл үшін ең маңыздысы — дер кезінде тексеріліп, емдеуді ерте бастау, — деді облыстық АИТВ орталығы басшысының орынбасары Анна Каспирова.
10 қарашада Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған науқан басталды. Биылғы шара «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан — тиімді өзгерістерге» ұранымен өтеді. Осыған орай облыс көлемінде жастар мен жасөспірімдерге арналған түрлі профилактикалық және ақпараттық-білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады. Атап айтқанда, тренингтер, эссе және диктант байқаулары, медиа тұлғалармен кездесулер, флешмобтар, квиз, автошеру секілді түрлі форматта өтетін шаралар АИТВ-ның алдын алуға бағытталады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



