Денсаулық

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘРІГЕРДІҢ ОРНЫН БАСА АЛМАЙДЫ, тек оған көмекші бола алады

 «Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс.

Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер

және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»

 атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

Елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған ұлттық жобалар іске асырылып, аймақтарда жаңа нысандар салынып, цифрлық шешімдер енгізіліп, тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуы үшін жағдай жасалып жатыр.  

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Осы ретте бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері аясында жеке инвестицияны да тарту керек», — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында. Сонымен бірге Мемлекет басшысы фармацевтика өнеркәсібін дамытуға, жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыру, дәрігердің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды жақсарту қажеттігін айтқан-ды. 

Осы бағытта облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевтен Ақтөбе өңірінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сұрап білген едік… 

  • Бүгінде өңірде денсаулық сақтау саласында цифрландыру, телемедицинаны дамыту, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту, ауылдық жерде қолжетімді медициналық көмекпен қамту секілді жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Жалпы, цифрлық медицина мен телемедицинаны дамыту — денсаулық сақтау саласының негізгі стратегиялық бағытының бірі.

Облыстың денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмысын мынадай негізгі бағытта қарастыруға болады: бірінші — шалғай елді мекендердегі тұрғындарға мамандандырылған көмек көрсетілетін телемедицина; екінші — рентген, УДЗ сияқты диагностикалық бейнелерді сақтап, өзара таратуды жүзеге асыратын PACS жүйесі, сонымен бірге пациенттің медициналық тарихын цифрлық түрде жүргізетін Edensaulyq,  тегін дәрілік заттарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін «Әлеуметтік әмиян», жеке басын сәйкестендірудің заманауи тәсілі Face-ID және 103 жедел жәрдем көліктерін яндекс карта арқылы онлайн шақыртуды бақылайтын GPS-навигация жүйелері.

Аталған жүйелер медициналық көмектің сапасын арттыруға, есептілікті оңтайландыруға және халыққа көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Денсаулық сақтау саласындағы бұл цифрландыру бағыттары бүгінде республика көлемінде кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда EDensaulyq, «Әлеуметтік әмиян», Face-ID сияқты жүйелер тұтас ел аумағында іске асырылуда. Ал жасанды интеллектіге негізделген PACS жүйесі еліміздің батыс өңірлерінің ішінде тек Ақтөбе және Атырау облыстарында жүйелі түрде іске қосылып, белсенді түрде қолданылып жатыр.

  • Телемедицина және PACS информациялық жүйесі туралы кеңірек айтсаңыз?
  • Қазан айында Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасы базасында орталықтандырылған Ахуалдық орталық іске қосылды. Орталықтың негізгі бағыттары ретінде телемедицина және PACS информациялық жүйесі енгізілді. Яғни орталықтандырылған телемедицина және бейнебақылау жүйесі іске қосылып, шалғай елді мекендердің тұрғындары аудандық емханалар арқылы облыс орталығындағы мамандардан қашықтан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде телемедицина орталығының мүмкіндігі кеңейіп, бір мезгілде бірнеше ауданнан бейнеқабылдау жүргізе алады.

Бүгінде Ахуалдық орталық өңірдің барлық ауданымен байланыс орнатты. Бір мысал айтайын, бүгінде аталған орталық арқылы Шалқар ауданының тұрғындарына телемедицина арқылы 39 консультация өткізілді. Оның ішінде нефролог, эндокринолог, невропатолог сияқты мамандардың кеңесі берілді, сондай-ақ компьютерлік томография нәтижесін интерпретациялау, кардиологпен пікір алмасу, пульмонолог пен ревматологтың қосымша сараптамалары телемедицина арқылы жүргізілді. Бұдан бөлек Шалқар ауданына қарасты елді мекендермен телемедицина байланысы арқылы 80 қызмет көрсетілді: Ақтоғай, Жылтыр, Қотыртас және Мөңке би елді мекендерінен жіберілген электрокардиограммаларды аудандық аурухана дәрігерлері онлайн форматта қабылдап, сараптама жасады. Мұндай мысалдарды барлық ауданға қатысты айтуға болады.

Орталықта медициналық кескіндерді талдау мен өңдеу жасанды интеллект технологиясы арқылы жүргізіледі. Яғни, науқастардың барлық радиологиялық зерттеулерінің (КТ, МРТ, рентген) нәтижесін PACS информациялық жүйесі жасанды интеллект арқылы сақтап, тиісті орынға жібереді. Бұл жүйеге облыстың барлық ірі медициналық ұйымы қосылды. PACS жүйесінің артықшылығы — барлық бейнелік зерттеу нәтижесі сандық түрде мұрағатталып, дәрігерлердің бұл нәтижелерді бір-біріне тез беруі, қайталанатын зерттеулерді болдырмау мүмкіндігі бар. Соңғы үш айда (қыркүйек, қазан, қараша) ең көп сақталған бейнелер: рентген (35 243 зерттеу), компьютерлік томография  (5 107 зерттеу), маммография (7 703 зерттеу), сандық рентгенография (18 186 зерттеу) және магниттік-резонанстық томография (1498 зерттеу) зерттеулері. Қысқасы, PACS, бейнебайланыс платформалары және электрондық денсаулық карталары сияқты цифрлық шешімдер мамандар мен пациенттер арасындағы байланысты айтарлықтай жақсартып отыр.

Ахуалдық орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда медициналық ұйымдардың қызметі бақылауда, дәрі-дәрмек қоры мен індет ошақтары қадағаланады, жүйеге түсетін жүктеме сарапталады. Сондай-ақ төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін сценарийлер дайындалып, жүзеге асырылады.

Тағы айта кетейін, орталық шалғай елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге, ауыр науқастарды уақытында анықтап, қажет болған жағдайда шұғыл түрде облыстық орталыққа жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар телемедицина арқылы өтетін консилиумдар науқасқа қашықтан диагноз қою мен ем тактикасын белгілеу сапасын арттырып, уақытты үнемдеп отыр. Сондай-ақ орталық аймақтардағы медициналық ұйымдарға техникалық қолдау көрсетеді.

Орталықтың ашылуы өңірдің бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Оның жұмысы Ақтөбе облысы тұрғындарының барлығына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге жол ашады.

  • Жасанды интеллект арқылы радиологиялық зерттеулерді талдау процесін автоматтандыру дәрігерлердің жұмысына қалай әсер етеді? Жасанды интеллектпен жұмыс жасай алатын мамандар даярлау ісі қалай жүргізіліп жатыр?
  • Жасанды интеллекттің радиологиялық зерттеулерді автоматтандыруы дәрігерлерге алдын ала паттерндерді көрсету, күтуді қысқарту және елеусіз симптомдарды анықтауға көмектеседі. Нақтырақ айтсақ, ЖИ зерттеулерді талдау жылдамдығын арттырады, яғни ЖИ алгоритмдері рентген суреттерін (мысалы, кеуде қуысы, сүйектер, тіс зерттеулерін) бірнеше секундтың ішінде талдай алады. Бұл алдын ала диагноз қою уақытын қысқартады. Екінші — қателік ықтималдығын азайтады, яғни, ЖИ миллиондаған мысалдардан тұратын ауқымды деректерді оқып, адами фактордың әсерінен байқалмай қалуы мүмкін патологиялық өзгерістерді анықтауға көмектеседі. Сонымен бірге ЖИ зерттеулерді шұғыл жасау қажеттігі дәрежесі бойынша сұрыптауды, алдын ала есептерді автоматты түрде құрастыруды, ағымдағы бейнелерді алдыңғыларымен салыстырып, өзгеру динамикасын бағалай алады. Бұл дәрігердің уақытын үнемдеп, клиникалық шешім қабылдауға толық назар аударуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге диагностика сапасы жақсарады. Дегенмен қорытынды шешімді әрқашан дәрігер қабылдайды, ал ЖИ жүйесі тек көмекші құрал ретінде пайдаланылады. Болашақта сала мамандарының цифрлық сауаттылығын арттыру және жаңа технологияларды тиімді пайдалану мақсатында тиісті оқу мен біліктілікті арттыру іс-шараларын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылмақ.
  • Әңгімеміздің басында «Әлеуметтік әмиян», Face-ID секілді жүйелерді айтқан едіңіз…
  • Облыстағы барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары 100 пайыз «DamuMed» ақпараттық жүйесіне қосылды. Тұрғындар үшін дәрігерге жазылу, электронды жолдама алу, медициналық құжаттарға қол жеткізу секілді қызметтер толық қолжетімді. Бүгінде пациенттің бет-әлпетін сканерлеу арқылы жеке тұлғасын анықтайтын Face-ID жүйесі енгізілді. Бұл тек қауіпсіздік үшін емес, пациенттің дәрігерге келгенін растау үшін қажет. Бұрын код арқылы идентификациялау жүргізілген болса, қазір жүйе нақты адамды тануы керек, сондықтан оның келгені Face-ID жүйесі арқылы тіркеледі. Бұл пациенттің деректерін қорғау және медициналық көмектің ашық әрі нақты көрсетілуіне бағытталған.

Жыл басынан бастап амбулаториялық деңгейде есепте тұрған азаматтарға тегін берілетін дәрілік заттар «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы қолжетімді болды. Бұл өз кезегінде құжат айналымын азайтуға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Бұрын бірнеше кабинетке барып рецепт алу қажет болса, қазір бұл процестер мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. «Әлеуметтік әмиян» диспансерлік есепте тұрған науқастарға арналған, олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті бойынша бекітілген дәрілерді осы жүйе арқылы ала алады.

  • «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы өңірде қалай жүзеге асырылып жатыр?
  • Облыс тұрғындарын сапалы және қолжетімді медициналық қызметпен қамту мақсатында ауылдық жерлерде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жобаны іске асыру көзделген болатын. Соның ішінде 2023 жылдан бері 22 нысан салынып, қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ жыл соңына дейін 7 нысан құрылысы аяқталу жоспарлаған. Олар Шалқар ауданының Тоғыз, Сарысай, Шоқысу ауылдарында, Ырғыз ауданының Нұра ауылында, Мұғалжар ауданының Жарық, Қайыңды ауылдарында, Қобда ауданының Бегалы ауылында ашылатын болады. Нәтижесінде Ұлттық жоба шеңберінде жоспарланған барлық нысан іске қосылып, ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетіледі.
  • Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button