Отбасының күші – еңбекте: Серікбаевтар әулеті Ақтөбе зауытында өндірістің өрнегін салуда

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытында көпжылдық еңбегімен танылған еңбек әулеті — Серікбаевтар отбасы еңбек етуде. Бұл отбасы зауыттың дамуына және еңбек дәстүрлерін сақтауға елеулі үлес қосып келеді.
Ильфат Серікбаев еңбек жолын 2011 жылы ферроқорытпа балқытушысы ретінде бастап, бүгінде өндірісті қамтамасыз ету жөніндегі менеджер қызметін атқарады.
Жұбайы Гүлсәні Берікқызы 2015 жылы №2 балқыту цехында курьер болып жұмысын бастап, қазіргі уақытта «ERG Service» ЖШС-де рекрутер ретінде қызмет етеді.
Ильфаттың ағасы Бекжан Серікбаев пен кенже інісі Нұржан Серікбаев та зауыттың №1 балқыту цехында еңбек етіп, кәсіби шеберліктерін ұдайы жетілдіріп келеді.
Серікбаевтар отбасы – бірлігі мен табандылығы арқылы жас мамандарға үлгі. Олардың қажырлы еңбегі зауыттағы еңбек адамының мәртебесін арттыруға зор ықпал етуде.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – еліміздегі металлургия саласының жетекші кәсіпорындарының бірі. Мұнда жоғары, орта және төмен көміртекті феррохром, сондай-ақ ферросилицийдің түрлі маркалары өндіріледі. Өндірістің негізгі шикізаты — Хромтау қаласындағы Дөң тау-кен байыту комбинатының хром кені.
Осындай өз ісіне адал, еңбекқор жандардың арқасында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ел экономикасына елеулі үлес қосып, өндірістің беделін арттырып келеді.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.








