ЫСТЫҚ ЦЕХТА ШЫҢДАЛҒАН МЕТАЛЛУРГТЕР ОТБАСЫ

Бір әулеттен шыққан үш ағайынды — Бекжан, Ильфат, Нұржан Серікбаевтар — Ақтөбе ферроқорытпа зауытында әртүрлі қызметтерді атқарып жүрген жұмысшы мамандық иелері. Екінші ұлдың осы өндіріс орнында танысып, табысқан зайыбы Гүлсәні Оразалымен қосқанда барлығының кәсіпорындағы еңбек өтілі 40 жылға жуықтайды. Бір қызығы, бір үйдің үш баласы мен келіні ортақ ұжымда көрісуі сирек екенін айтады: өйткені мұнда 4 мың адам еңбек етеді, цех та көп.
Металлургия саласына бауырларын жетелеген қайсысы? Ауыр жұмыстың нендей жеңілдіктері бар? Жігіттердің жолын балалары жалғай ма? Осы және басқа да сұрақтарға жауапты Серікбаевтармен сұхбат барысында білген едік…
Тарихы бай, өнімі мол, жұмысшысы көп…
90 жылға жуық тарихы бар зауыттың негізгі қызметі әртүрлі маркалы ферроқорытпа, соның ішінде жоғары, орта және төмен көміртекті феррохром, сондай-ақ ФС-15Г1 және ФС-15Г2 маркалы ферросилиций өндіру екені белгілі. Басты шикізат құрамында 47-50 пайыздық негізгі компоненті бар Хромтау қаласындағы Дөң тау-кен байыту комбинатының хром кені саналады.
Біз барған Ақтөбе ферроқорытпа зауытында негізгі, қосалқы және қызмет көрсетуші цехтар мен бөлімшелер бар. Негізгі цехтар тауарлық өнім өндірумен айналысса, басқалар жылу, электр энергиясы мен суды жеткізеді, жөндеу жұмысын атқарады, сондай-ақ көлік қызметінің кең түрін көрсетеді.
Жалпы, феррохром өндіру процесі хром мен темірді хром кенінен кокстың көміртегі немесе ферросиликохромның кремнийі арқылы электрпештердің жоғары температуралы аймақтарында қалпына келтіруге негізделген. Балқыту процесі келесі кезеңдерден тұрады: шикізатты дайындау, мөлшерлеу, пештерге беру, балқыту, қорытпаны құю, ұсақтау, фракциялау және тапсырыс берушіге жөнелту.
Ал пештерге арналған шихта материалдары теміржол вагондарымен жеткізіліп, грейферлі крандар арқылы шихта дайындау цехына түсіріледі, мұнда бұл материалдар ұсақталып, електен өткізіледі.
Сол сияқты ПЦ-4 цехына шикізат ВРС-75С2 үлгісіндегі роторлы вагон аударғыш арқылы түсіріледі. Кейін материалдар конвейер ленталары арқылы пештерге жеткізіледі. Бұл цех — әлемдегі бірінші тұрақты тоқтағы жабық электрпештері бар өндіріс орны. Құрылысы 5 жылға созылып, 2014 жылы іске қосылған. Цехтың басты мақсаты — ұсақ материалдарды агломерациясыз қайта балқыту арқылы шығындарды азайту. Цех ішінде пештер, шикізат қабылдау және дайындау учаскелері, балқыту, шлак құю және өңдеу, газ тазарту жүйесі және инфрақұрылым бар.
Осы орайда ферроқорытпа өнімдері нақты қай салада, не үшін қолданылады деген заңды сауалдың туындайтыны рас. Ресми дереккөздерге сүйенсек, жоғары көміртекті феррохром құрылыс, көлік жасау, көпшілік тұтынатын тауарлар мен өнеркәсіп құбырларын өндіруде пайдаланылса, тазартылған қорытпалар болат өндірісінде қолданылады, ал ферросиликохром хромды болаттардың жекелеген түрлерін шығаруға арналған металл ретінде қажет. Ферросиликомарганец тау-кен өндіру, құрылыс және теміржол өнеркәсібінде, ферросилиций автокөліктер өндірісінде, хром кені хромды қаптауда және легирлеуде қолданылады. Жоғары жылу кедергісіне байланысты хром отқа төзімді материал ретінде де іске жарамды.
Жоғарыда аталған өнімдерді шығаратын 4 мың қызметкердің арасында бүгінгі кейіпкерлеріміз — ағайынды Серікбаевтар бар. Алып кәсіпорындағы онға жуық еңбек династиясының бірінің мұндағы қызу тіршілікке қосылуының өзі қызық хикая. Олай дейтін себебіміз, өндіріске бірінші боп ортаншы ұл келсе, кейіннен оның ізін үйдің кенжесі жалғаған, ал екеуінің ағасы Бекжан металлургтер сапына соңынан қосылыпты…
Ортаншы ұл салған жол
Жастайынан физика пәнін сүйіп оқыған Ильфат Серікбаев өзінің еңбек жолында Шалқарбек Кенжеғұловтай әріптес ағасының кездескеніне дән риза. Жоғарыда аталған сала майталманынан қызметіне қажетті технологияны, түрлі әдіс-тәсілді үйренген одан енді қабылданған жас жұмысшыларға көрген-білгенін айтып, тәлімгер болып жүргенін білдік. Өмірдің заңы деген осы болар… «Кеше ғана мен үйренуші сияқты едім. Бүгін, міне, өзімнен кейін келген жастардың ақылшысымын. Осының өзі адамға үлкен жауапкершілік жүктейді», — деген Ильфат білгеніңмен бөлісу біле білгенге бақыт екенін баян етті.
Бастапқы уақытта балқытушы болып, аса жоғары температурадағы цехта еңбек еткен жігіт ауыр жұмыс адамды шыңдайтынын, тіпті сабырлы қылатынын атап өтті. «Бұл да әскер қатарында жүргендей ғой», — деп сөз арасында күлді ол.
— Шүкір, өндірістік жарақаттан аманмын. Бұл, бір жағынан, бізде қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталатынынан болса керек. Ендігі бір тілек — өндірісті автоматтандыру жайы бұдан да дами түссе екен. Қазірдің өзінде біраз ілгерілеу бар. Енді барлығы болмаса да, көп бөлігі заман ағымына сай жаңа жүйеге көшсе, тіптен керемет болар еді. Ол күн де алыс емес деп ойлаймын. Өйткені ғылым, техника сәт санап дамып жатыр ғой.
Қазіргі уақытта өндірісті қамтамасыз ету жөніндегі менеджер қызметін атқарамын. Міндетіме өндіріске қажетті қондырғыларға тапсырыс беру, сол шаруаны алдын ала пысықтау және бұған қатысты ұйымдастырушылық жұмыстар кіреді. Жалақыма көңілім толады, 500 мың теңгеден астам аламын.
Келіншегіммен осы зауытта таныстым. Ең алғаш қызметтік көлікте көріп, бірден ұнаттым, әлеуметтік желі арқылы хат жазысып жүрдік. Көп уақыт өтпей, 2018 жылы шаңырақ көтердік. Есімі — Гүлсәні, он жылдан бері осы зауыттың қызметкері. Бүгінгі таңда кадр бөлімінде рекрутер болып жұмыс істейді. Шүкір, екі баламыз бар.
Бауырларыма келсем, менен кейін інім Нұржан 2017 жылы осы зауытқа материалдарды өлшейтін маман (дозировщик) болып кірді. Қазір 6-санаттағы балқытушы ретінде тәжірибелі маманға айналды. Ал ағам Бекжан осыдан үш жыл бұрын қатарымызға қосылды. Оның да қызметі інімдікімен бірдей. Сөйтіп, отбасында үш ұл болып бір зауытта тер төгіп жүрміз. Жұмысымыз, мұнда жасалған жағдай, еңбекақығы да көңіліміз толады, — деп ағынан жарылды Ильфат.
Айтпақшы, ұлты қазақ болса да, есімі құлаққа қызық естілетін жігіттен оның да сырын сұрадық. Білгеніміздей, Ильфат — татар тілінен аударғанда «Елдің досы» дегенді білдіреді екен. Ата-анасы да аталған есімнің осы әдемі мән-мағынасына қызыққан болар деп топшыладық.
Балқытушы бауырлар
Бекболат Серікбаев зайыбы екеуі 5 баланың ата-анасы: 3 ұл және 2 қыз. Отағасының өзі де жұмысшы мамандардың бірі, ірі өндіріс орнында краншы болып жұмыс істейді. Одан тараған үш ұл, әлгінде айтқанымыздай, осы салада қызмет етіп жүр. Ильфаттың балқытушы аға-інісі Бекжан мен Нұржан жұмысы жөнінде не айтады?
— Адам бәріне үйренеді екен. Алғашында, әрине, қорқыныш болды. Өте ыстық цех, ірі техникалар, үлкен ұжым… Әсіресе қыс мезгілінде «жанып тұрған» жерден сыртқа шыққанда, екіұдай күй кешесің. Бұның денсаулыққа да әсері бар. Бірақ Ильфат, әріптес ағам Армат Бекбауовтың қолдауының арқасында қиындықты еңсердік.
Жұмысыма келсем, аты айтып тұрғандай, ірі металдарды балқытумен айналысамыз. «Қара жұмыс». Қол жұмысы басым. Екі күн жұмыс істеп, сонша демаламыз. Жұмыстан тыс уақытта зауытішілік жарыстарға қатысамын. Айталық, былтыр тоғызқұмалақ ойыны бойынша әріптестерімнің арқасында жүлделі III орын алдым. Ағамның жолын қуғаныма өкінбеймін, — дейді 33 жастағы Нұржан.
Үйдің үлкені — Бекжанның қызметіне қатысты айтары осы тақылеттес. Інілерінің қызметте ізін басқан үшінші кейіпкеріміз:
— Бұған дейін түрлі жұмысты істеп көрдім. Дей тұрғанмен інілерімдей жақсы жалақы, жайлы жағдай, тұрақтылық болған жоқ. Сондықтан осында ауыстым. Білікті, еңбек өтілі көп балқытушылар 1 миллион теңгеге дейін алады. Қызметтік өрлеу де бар, тек еңбек етсең болды. Егер балаларым металлургияны таңдаса қарсылық танытпаймын, — дейді еңбек династиясының мүшесі.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында біз сұхбаттасқан Серікбаевтар отбасы қай мамандықтың да жаманы жоғын, адал еңбектің ескерусіз қалмайтынын тілге тиек етті. Олардың ойынша, жыл өткен сайын еңбек адамдарына деген құрмет артпаса, кемімейді.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА…
Бір-бірінің жолын қуып, бірлігі жарасқан, еңбегімен ел арасында сыйлы ағайынды Серікбаевтардан жұмысшы мамандықтың артықшылығы туралы білдік.
Бекжан: «Ең бастысы, зауыттағы тұрақтылық және жоғары жалақыны айтар едім».
Ильфат: «Келіншегім екеуміз жұмысқа бірге барып-келеміз. Өте ыңғайлы. Бауырларым да қасымда».
Нұржан: «Командалық рух, көңілді орта. Сосын ауыр жұмыс істегесін әрдайым физикалық формада жүресің».



