Кәсіби білім және ынтымақтастық

Белес
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде Жұмысшы мамандықтары жылы және аталған оқу орнының 60 жылдығы аясында «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту: тәжірибе, болашағы және халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Колледжде электрмен қамтамасыз етумамандығы бойынша жаңа оқу-жаттығу полигонының ашылу рәсіміде мерейтоймен тұспа-тұс келді.
Іс-шараны облыстық білім басқармасы, «Talap»коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі бірлесе ұйымдастырды. Конференцияға отандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Оқу-ағарту министрлігі, «Talap» компаниясының өкілдерімен қатар, Қытай, Германия, Франция және Чехиядан келген білім беру мамандары, сондай-ақ жергілікті колледж директорлары мен әлеуметтік серіктестер де қатысты.
Конференцияның басты мақсаты — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлаудағы жаңа тәсілдерді талқылау, сондай-ақ шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасу. Алқалы жиында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова модераторлық етті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева жиналғандар алдында сөз алып, конференцияның маңызын атап өтті.
—Бұл басқосу — техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы көпжылдық тәжірибені саралап, жаңа міндеттерді айқындауға бағытталған маңызды алаң. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген сарапшылар, педагогтер мен серіктес ұйымдардың өкілдері жиналып отыр. Бұл өзара тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен инновациялық шешімдерді талқылауға үлкен мүмкіндік береді, — деді ол.
Басқарма басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтары жылы болып жариялануының ерекше мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама — еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға, кәсіби-техникалық білім сапасын көтеруге және экономиканың нақты секторын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
—Бүгінде облыста техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда өңірдегі 40 колледжде 28 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде бес колледж аралас бағыттағы мамандарды даярлайды. Аймақта кадр даярлау 94 мамандық және 139 біліктілік бойынша жүзеге асырылады, — деді Бұлбұл Күзембаева.
Ол сондай-ақ дуальды оқыту жүйесінің тиімділігін атап өтті. Бүгінгі таңда 28 колледжде дуальды білім беру енгізіліп, көлік, тау-кен, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, энергетика және байланыс секілді салаларда 59 мамандық пен 85 біліктілік бойынша мамандар даярлануда.
—Қазіргі уақытта 948 кәсіпорынмен және 5718 оқушымен үшжақты келісімшарт жасалған. Соның ішінде 1325 түлек оқуын аяқтап, сол кәсіпорындарға жол тартты. Олардың 70 пайызы бүгінде тұрақты жұмысқа орналасты. Мұндай тәжірибе оқушылардың оқу кезінде-ақ өндіріс орталарына бейімделуіне және кәсіби шеберліктерін шыңдауына жол ашады, — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бүгінгі басты мақсат — бәсекеге қабілетті, кәсіби деңгейі жоғары мамандар даярлау. Осы бағытта колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, педагогтердің біліктілігін арттыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. «Биылоблыстық бюджеттен колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Соның ішінде Ақтөбе жоғары политехникалық колледжіне 300 миллион теңге қаражат бағытталып, түрлі мамандық бойынша оқу кабинеттері жаңартылуда», — деп Бұлбұл Күзембаева
сөзінің соңында мұндай алқалы жиын аймағымыздағы техникалық және кәсіптік білім беру саласының жетістіктерін саралап, жаңа серпін береріне сенімділік танытты.
Басқосу барысында қатысушылар цифрлық трансформация, инновациялық білім беру технологиялары, халықаралық серіктестік және академиялық мобильділік мәселелерін талқылады.
Бастапқыда техникум болып құрылып, небәрі 8 оқу кабинетінен тұрған білім ордасында өндірістік шеберхана атымен болмады. Ал қазір мұнда ауқымды шеберханаларда білім алушыларға барлық жағдай жасалған.Жеңісгүл Мұхамбетпайызованың айтуынша, алпыс жылдық тарихы бар колледж еліміздің білім беру кеңістігінде өзіндік орны бар, алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі ретінде танылып отыр.
— Қазіргі уақытта оқу орнымызда 12 мамандық бойынша кәсіби мамандар даярланады. Оның 10-ы — өндірістік бағыттағы жұмысшы мамандықтар болса, қалған екеуі — гуманитарлық салаға, яғни аударма ісі және есеп пен аудит мамандықтарына негізделген. Бүгінде колледжде 2500-ден астам оқушы білім алып жатыр. Барлық мамандыққа сұраныс жоғары, бұл біздің түлектеріміздің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді. Оқу орнымыздың 60 жылдық мерейтойыаясында колледж қабырғасында көп жыл бойы тер төккен ардагер ұстаздар мен түрлі жылдары түлеп ұшқан түлектердің басын қосқан есеп беру кездесуін ұйымдастырдық.Сонымен қатар мерейтой шеңберінде халықаралық серіктестікке арналған ірі ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп жатыр. Бұл — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби және техникалық білім беру жүйесін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі бастамаларымен ұштасып жатыр. Бүгінде еліміздегі барлық колледж бен оқу орындары шетелдік оқу орындарымен және әлеуметтік серіктестермен өзара байланысын нығайтып, тәжірибе алмасу аясын кеңейтіп келеді, — деді колледж директоры.
Қазақстанда 2015 жылдан бері WorldSkills қозғалысы белсенді түрде дамып келеді. Бұл — жұмысшы мамандар арасында кәсіби шеберлік сайысы. Қазақстандық жастар осы алаңда жылдан-жылға жоғары нәтижелер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғауда. Сол үздіктердің қатарында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі де бар.
— Біз жыл сайын аталған чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шығарып келеміз. Биыл халықаралық деңгейде өткен сайыста колледжіміздің түлегі, инженерлік графика және IT бағытының жас маманы Бағжан Қойшыбаев «Үздік маман» атағына ие болып, өңіріміз үшін тұңғыш рет осындай жоғары жетістікке қол жеткізді.Бүгінде біздің түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші — 83 пайыз. Жыл сайын шамамен 500-ге жуық студент оқуын тәмамдайды. Олардың бір бөлігі өз кәсібін ашып, жеке кәсіпкер ретінде табысты еңбек етуде. Әсіресе автомобиль көлігі және оған техникалық қызмет көрсету мамандығын тәмамдаған түлектеріміздің арасында автосервис, дөңгелек жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашқан жастар көп. Бұл бүгінгі жас буынның кәсіпкерлікке деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.Сондай-ақ электрмен қамтамасыз етужәне құрылыс саласындағы мамандықтарға сұраныс айрықша жоғары. Мәселен, электрик мамандығын бітірген түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші — 100 пайыз, — дейді Жеңісгүл Мұғамбетпайызова.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта колледж ауласында заманауи IT-хаб құрылысы жүріп жатыр. Бұл орталықта IT бағыты бойынша білім алушылар өз білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдай алады.
Мұнда барлық білім алушы ақысыз негіздеоқиды, оларға мемлекеттік шәкіртақы тағайындалған. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы оқушыларға мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді.
Конференция барысында аталған оқу орнының алғашқы түлектерінің бірі, қоғам қайраткері Елеусін Сағындықов сөз сөйлеп, жастарды білім мен еңбекке ұмтылуға шақырды.
— Бұл оқу орны менің өмірімде ерекше орын алады. Дәл осы білім ордасынан алған ілім мен тәжірибе менің кәсіби жолымның берік іргетасына айналды. Бүгінгі жастар — ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан әрқайсысыңыз білім алуға, үздіксіз ізденуге, өз мамандығыңыздың шынайы шебері болуға талпыныңыздар. Еңбек еткен адам ғана биікке жетеді, — деді ол.
Конференция аясында электрмен қамтамасыз ету мамандығының оқушыларына арналған жаңа оқу-жаттығу полигоны ашылды. Бұл полигон оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, нақты өндірістік жағдайда жұмыс істеуге үйретуге бағытталған. Мұнда заманауи электр жабдықтары, трансформаторлар, релелік қорғау жүйелері және қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс орындары қарастырылған.Жаңа оқу алаңы оқушылардың кәсіби дағдыларын дамытып, еңбек нарығына дайын болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп, оқушылардың тәжірибеден өтуі осы полигонда ұйымдастырылатын болады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



