«Таза Қазақстан»

Тазалық — тәртіп белгісі

Ақтөбедегі «Ретро» саябағында жастар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының аясында экологиялық акция өткізді.

Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және «Тазалық — тәртіп айнасы» деген атпен өткен іс-шараға облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, ерікті жастар, барлығы 60-тан астам адам қатысты.

Халқымыз береке бастауы бірлік пен тазалықта деп білген. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар барысында осы екі мәселе ұштасады. Жастарымыз айналаның тазалығына, жалпы қандай да болсын табысқа бірлік пен жауапкершіліктің арқасында ғана қол жеткізуге болатынын түсінсе екен дейміз. Жыл басынан бері қоршаған ортаның тазалығын қамту мақсатында 29 іс-шара ұйымдастырдық. Бұл іске жастар, біздің орталықтың қызметкерлері, жалпы алғанда 3200-ге жуық адам қатысты, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әлішер Садық.

Жыл басынан бері орталықтың ұйымдастыруымен өткен экологиялық акциялар барысында 6060 қап қоқыс шығарылған. Қала ішіндегі аумақтар ғана емес, өзен жағалаулары, демалыс орындарының маңы да тазартылған.

Сондай-ақ орталықтың ұйымдастыруымен студент жастар қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру мақсатында жарияланған екі айлықтың шеңберінде апта сайын сенбілікке шығып жүр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button