Кәсіпкердің тартуы


Облыстық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер, «Анвар» ЖШС бас директоры Талғат Салфиков өз қаржысына Ақтөбе қаласындағы Қарғалы тұрғын алабына гүлзар салып берді.
Аталған тұрғын алаптағы №48 және №60 тұрғын үйлердің арасында орналасқан гүлзардың аумағы — 1,3 гектар.
Демалыс орнында шағын футбол алаңы, әткеншектер, жайлы орындықтар, балаларға арналған аттракциондар бар.
Облыс әкімі Асхат Шахаров гүлзар аумағына ағаш егу шарасына қатысты. Қазір мұнда 200 қарағай демалыс орнына көрік беріп тұр.
Асхат Шахаров өз сөзінде мұндай игі істердің қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Бұл жұмыстың бәрі де ауызбіршіліктің арқасында жүзеге асып отыр. Сондықтан ел аман, жұрт тыныш болсын. Мемлекет пен бизнес өкілдерінің ынтымақтастығы — өңірді дамытудың маңызды тетігі. Осындай бастамалар қала келбетіне көрік қосып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналады, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы кәсіпкер Талғат Салфиковке қала инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Тұрғындар да жасалған жағдай үшін ризашылығын жеткізді.
Д.ҚАЗИХАН.



