«Таза Қазақстан»

Көрікті ауылдың келбеті бұзылмасын

Қарғалы ауданындағы Мылқау ауылында аудандық жастар ресурстық орталығы мен аурухана волонтерлерінің ұйымдастыруымен тазалық акциясы өтті. Оған ауыл тұрғындары да белсенді қатысты.

Экологиялық акция аясында қоғамдық орындар мен өзен жағалаулары қоқыстан тазартылып, 1,5 тонна қоқыс шығарылды.

— Мылқау ауылы — тұмса табиғатымен талайды тамсандырған туристік аймақ. Бұл жердің шығу тарихы туралы түрлі аңыздар бар. Осындай бай мұраларымызды қызғыштай қорып, табиғатқа құрметпен қарау — баршамыздың міндетіміз. Акция кезінде өзендердің жағалауын тазарттық. Өкінішке қарай, өзен жағалауы — ең көп ластанатын орындардың бірі. Өйткені тұрғындардың көпшілігі су жағалауына тынығуға келіп, қоқысын жинамай, тастап кетеді. Осы орайда «Таза Қазақстан» акциясына үн қосқандарға алғысымыз шексіз. Мұндай шаралар жастардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға сеп болары анық, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының  басшысы Мейіржан Жұбан.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына 8328 адам қатысып, 2400 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ осы жылы аудан аумағында экологиялық акциялар аясында 2500 түп ағаш егілді. Тағы қосымша 800 түп ағаш егу жоспарланған.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button