Игі істің жалғасы

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Құрашасай тұрғын алабының оқушылары табиғатты қорғауға үлес қосты. Бұл жолы елдімекен сыртына тал егу жұмысы ұйымдастырылып, шараға №58 және №77 мектептің оқушылары қатысты.
Аталған игі істің бастамашысы — қалалық қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі, Құрашасай тұрғыны Жаңбырбай Жиенқұлов. Ол бірнеше жылдан бері туған өлкесін көгалдандыруды мақсат етіп келеді.
Ағаш егу іс-шарасына қала әкімі Азамат Бекет те қатысты. Ол жастабиғат жанашырларымен бірге көшет егіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті.
— Табиғатты аялау — баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беріп, қоршаған ортаға жанашыр болуға баулимыз. Ал оқушылардың мұндай пайдалы іске араласып, өздері тұратын жердің тазалығына, жасылдануына үлес қосқаны — өнеге тұтарлық бастама, — деді қала әкімі.
Қоғам белсендісі Жаңбырбай Жиенқұловтың айтуынша, көгалдандыру жұмысына ауыл тұрғындары да белсене атсалысып келеді. Бес жылдан бері Құрашасай тұрғын алабы маңына 3 мыңға жуық көшет егілген. Соның 2700-ден астамы тамыр жайып, жайқалып өсіп тұр.
— Бүгін сүмбіл тал, алхоры, қарағаш, өрік көшеттерінің 60 түбін алып келіп, оқушылармен бірге ектік. Ағаштарды екі деңгейлі ойық қазу әдісімен ектік. Бұл тәсіл табиғи ылғалдың ағаш түбінде жақсы жиналып, сақталуына сеп болады. Сонымен қатар суаруға арналған ұңғыма қазып алғанбыз. Сол жерден суарамыз. Дегенмен көшеттерге қауіп төндіретін бір мәселе бар — кейбір тұрғындардың қараусыз жіберген малы егілген талдарды зақымдап кетіп жатады. Осы жағын қадағалап, ауыл болып бірлесе әрекет етсек игі еді,— деді Жаңбырбай Жиенқұлов.
Құрашасайда қолға алынған бұл игі іс — табиғатты аялаудың, өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің жарқын үлгісі. Жаңбырбай Жиенқұлов бастаған бастама ауыл тұрғындарының қолдауымен жыл сайын жалғасып, елді мекеннің ажарын арттырып келеді. Ең бастысы, мұндай шаралар оқушыларды еңбекке баулып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



