Сақтық — саулық кепілі

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) эпидемиологиялық ахуалына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жиында жауапты сала мамандары өңірдегі аурушаңдық деңгейі, жұқпалы вирустардың таралу динамикасы мен алдын алу шаралары жайында жан-жақты мәлімет берді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Өткен эпидемиялық маусымда облыс бойынша тұмау мен ЖРВИ-ға шалдыққандардың қатары көп болған. Оның басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі балалар. Ал биылғы маусымда да аурушаңдық өсіп отыр.
— Алдыңғы жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші шамамен 1,1 есеге артты. Қазіргі таңда сырқаттанғандардың үштен екісіне жуығы — балалар. Бұлата-аналар мен білім беру мекемелерінің ерекше назар аударуын қажет етеді.Тұмауға қарсы вакциналау науқаны 24 қыркүйектен басталды. Қазір екпе алғандардың саны күн сайын артып келеді. Тұмауға қарсы барлығы 140 122 адамды егу жоспарланды. Бұл — облыс халқының 15 пайызы, оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан жоспарланғандар саны — 109 500. Қазіргі таңда 73 330 адам екпе алды. Бұл көрсеткіш тұрғындардың екпеге деген белсенділігінің артқанын көрсетеді. Вакцинация бірінші кезекте балаларға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар азаматтарға, медицина қызметкерлеріне ұсынылып жатыр, — деді Райхан Қойшанова.
Мамандардың айтуынша, екпені эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін алу қажет. Вакцина алған соң иммунитеттің толық қалыптасуы үшін шамамен үш апта керек.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Тұмаудың алдын алу шаралары күшейтілгенін айтты.
Мамандардың айтуынша, ауа райының құбылуы мен маусымдық вирустардың белсенділігі ЖРВИ-дің таралуына ықпал етіп отыр. Сондықтан халыққа қарапайым гигиена талаптарын сақтау, адам көп шоғырланған жерлерге бармау, бетперде тағу және иммунитетті нығайту сынды профилактикалық шараларды ұстану ұсынылды.
К.ҚОПАЕВА.



