Денсаулық

Тұмаудан сақтанудың жолы қандай?

Маман кеңесі

Тұмау — ауа және тұрмыстық қарым-қатынас арқылы тарайтын вирусты инфекция.

Бұл дерттің инкубациялық, яғни белгі бергенге дейінгі жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылады.

Тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар — жұқпалы аурулардың ішінде ең көп таралған түрі. Науқастардың саны жағынан, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан келтірген залалы бойынша да бірінші орында тұрады.

Тұмаудың эпидемиялық маусымы әдетте күзде басталып, сәуір айына дейін жалғасады. Науқастардың ең көп тіркелетін уақыты — желтоқсан айы.

Ауру жедел басталған жағдайда, дене қызуы бірнеше сағат ішінде 39-40 ºС дейін көтеріледі, маңдай аймағында, әсіресе қабақтың жоғары тұсында ауырсыну пайда болады, бас айналып, буындар мен бұлшық еттер ауырады, науқас өзін әлсіз сезінеді. Тұмаумен ауырған адам көп жағдайда күнделікті тірлікке, еңбекке араласа алмай, төсекке таңылады, уақтылы емделмесе, жүйке жүйесінің, жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларына, пневмонияға ұласып, тіпті кейде тұмауды асқындыру салдарынан өлім-жітім оқиғалары да тіркеледі.

Тұмаудан қорғанудың ең тиімді әдісі — вакцина алу. Әсіресе осал топқа жататын адамдарды вакциналау өте маңызды.

Тұмаудың  алдыналу мақсатында биыл 66440 адамға ақысыз вакцина егу жоспарланды. Бүгінге дейін 41566 адам егілді, оның ішінде жергілікті бюджет қаражатына егілгендер саны — 36280, ал 5,3 мыңға жуық адам жұмыс берушінің не өзінің  қаражатына егілген.

Профилактикалық екпе салу алдында міндетті түрде термометрия жүргізу керек. Ал егілгеннен кейін 30 минут бойы емханада бақылауда болады.

Тұмауға қарсы вакцинация қалалық емханаларда тегін және ақылы негізде  жүргізіледі. Оның ішінде ақысыз вакциналауға жататын адамдар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіреген және жиі ауыратын балалар (6 айдан асқан), балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан, қарттар мен мүгедектер үйлерінде тұратын жандар, жүктіліктің екінші немесе үшінші кезеңіндегі әйелдер, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы ауруына шалдыққанжандар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша да тегін егу жүргізілуі мүмкін.

Тұмау менжедел респираторлық вирустық инфекциялардан сақтанудың жолы қандай? Ең алдымен қоғамдық орындарда медициналық бетпердемен жүріңіз! Таза ауада, әсіресе саябақтарда жиі серуендеуді әдетке айналдырыңыз, бұл тыныс алуды реттеп, өкпенің жұмысын, қан айналым жүйесін жақсартады. Үйді және жұмыс орнын жиі желдетіп алыңыз. Жаттығумен, денешынықтырумен айналысудың маңызы зор.

Сырттан келгенде қолды сабындап жуып, есік тұтқаларын дезинфекциялық заттармен сүртіп тұру керек. Тамақтану барысында С дәруменіне бай өнімдерге көңіл бөліңіз.

Ал тұмау жұқтырған жағдайда өз бетіңізбен емделу қауіпті. Міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз!

Айнұр ӘБДЕШОВА,

Ақтөбе қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау

басқармасының бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button