Мерей

Ұстаз-полковниктің бақыты

«Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, ұзақ жылғы жемісті еңбегіне лайық көптеген марапатпен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы алған Бақыт Ғизатов бүгінде тоқсан жастың биігіне көтерілді. 

Оның құрдастары, шынын айтқанда, бақытты балалық шақты бастан өткере қойған жоқ. Олар дүние есігін ашқан өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында дүние күйіп-ақ тұрған-ды. Елде колхоздастыру науқаны жүріп жатты. Мал-мүлікті ортаға салғанымен, жұрттың күйі кетті. Айналаны аштық жайлады. Оның үстіне жан-жақтың бәрін жау тұтып, қуғын-сүргін науқаны өршіп тұрды.

1935 жылдың күз айында дүние есігін ашқан нәрестеге Қызылсай ауылының үлкендері Бақыт деген есім беріпті. Сірә, осындай сүреңсіз күндер артта қалып, бақытты бала болсын деген шығар.

Әрине, бақытқа адамның қолы оңайшылықпен жете қоймайды. Сондықтан да болар, оның алдынан тағдырдың талай сынағы күтіп тұрды. Енді есін жиып, жан-жағына қарай бастаған тұсында соғыс басталып, әкесі Базарғалиды ел қорғауға әскер қатарына алып кетеді. Ол майдан даласынан елге оралған жоқ. Осылайша әкесін күткен бала қатарынан кем болмауға тырысып, ілгері ұмтылып өсті.

Ауылдағы жетіжылдық мектепті өзінің жан жолдасы Айтжан Сексенбаевпен бірге жүріп бітіріп, оқуын жалғастыру үшін Ақтөбеге жол тартты. Осындағы №6 орта мектеп жанындағы интернатта жатып, есею жолдарынан өтті. Бұл үлкен сапарға ауылдан нағашы ата-әжесі Ғизат пен Батсайы баталарын беріп, шығарып салған-ды. «Қатарыңнан кем болма, сабағыңды жақсы оқы!» деген олардың тапсырмасы ылғи да жүрек түкпірінде тұрады. Содан да болар, өз тұстастарынан кем қалған жері болмапты.

1953 жылы мектепті жақсы бағалармен бітірген ол Ақтөбедегі мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Қолына оқытушылық мамандық иесі болғандығын білдіретін құжатын алған соң туған ауылы Қызылсайға оралып, шәкірттерге тәлім-тәрбие беруге кірісіп кетеді.

Алдынан аңқылдап қарсы алған ата-әжесі балаларының адам болғанына қуанып, мерейлері өсіп, төбелері көкке жеткендей болады.

Бақыт ағаның өмірбаянына үңіліп отырғанда, оның еңбекпен жетілгенін анық аңғарасыз. Мәселен, жас кезінен колхоздың бау-бақшасында еңбек етіп, осындағы комсомол-жастар бригадасының жұмысына ерекше екпін, қыз-жігіттерге жасымас жігер беріп, ұйымдастырушылық қабілетімен көрінген. Оны ауылдағылар жастар жетекшісі ретінде таныған. Жас мұғалімнің басқа да қырлары осы тұста айқын көрінеді.

Елуінші жылдардың ортасында Новотроицк қаласында болашақ қалыңдығы Нәзирамен танысып, шаңырақ көтереді. Қазақтың «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегені тура ақиқат. Жасы келген қарияларын үйдің төріне отырғызып қойып, оларға лайықты құрметін көрсетіп, қатарға қосылған жас отаудың жұлдызы оңынан туа бастады. Дүниеге бірінен соң бірі перзенттері келе бастады.

Жас шаңырақ ауылдағы қонақ түсетін, дастарқаны берекелі үйлердің біріне айналды. Сырттан келген адамдар үйдегі үлкендерге сәлем беріп, олардың әңгімесін тыңдайды, жастарға жақсы тілектерін айтады.

Ауыл жастарының көшбасшысы болып жүрген азаматты 1957 жылы аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырады. Ал бір жылдан соң аудандық комитеттің хатшысы етіп сайлайды. Ол кезде комсомолдың араласпайтын ісі жоқ. Елдегі бүкіл қоғамдық-саяси маңызды шаралар жастардың қолымен атқарылады. Осындай міндеттерді атқаруда да Бақыт аға үнемі алғы шепте жүреді.

Енді бір-екі жыл өткенде оны Ленин аудандық партия комитетінің нұсқаушылығы қызметіне бекітеді. Күнделікті жұмыс барысында адамдармен жиі араласу, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдау, көтерілген мәселелер бойынша тиімді шешім қабылдау — оның дағдылы күн тәртібіне енеді. Осылайша ол сол тұстағы партия қызметкерінен талап етілетін қасиет-қабілеттерді өмірлік тәжірибемен бойына жинақтайды.

Жетпісінші жылдардың басында Ленин ауданы ауыл шаруашылығы және құрылыс саласында ірі табыстарға қол жеткізеді. Бұл жетістіктерде Бақыт Базарғалиұлының да үлесі аз емес-ті.

Оның жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі мен талапшылдығы, күн тәртібіндегі мәселелерді шешудегі батылдығы мен ілкімділігі 1972 жылы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайлануына жол ашты.

«Сол кездері Ленин ауданында орыстар 25 пайыз құрайтын, украиндар мен немістердің де мөлшері сол шамаға жетіп жығылатын, қазақтар мүлдем аз болатын. Менің кандидатурамды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Андреевич Ливенцовтің өзі қолдады. Намысқа тырысуға тура келді. Саяси білімімді көтеру үшін сырттай жоғары партия мектебіне оқуға түстім», — дейді Бақыт аға өткен күнге қайта оралғанда.

Бақыт аға ішкі істер органындағы қызмет жылдарын тебіреніспен еске алады. Өйткені өмір белестерінің тәжірибесі толысқан, ұстанымы әбден бекіген тұсында партия қызметінен облыстық ішкі істер басқармасы бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Сол тұста тәртіпті нығайту бағытында ірі шаралар қолға алынып, соның бір тармағы ретінде облыстық басқармаларда саяси бөлім құру туралы шешім қабылданған-ды.

Облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, генерал-майор Николай Ефимович Лелякпен тіл табысып жұмыс істеп, бұл салада да нәтижелі еңбек етті.

— Мен қай кезде де қатаң шаралардың жақтаушысы болған емеспін, — дейді Бақыт аға. —Адамдар қателеседі, кейде қатты кетіп қалады, соның көбісін ақылмен, байыпты түрде шешуге болады ғой. Ішкі істер органында қызметте болғанымда осы ұстанымымды жүзеге асыруды мақсат етіп қойдым. Әрине, қатігездікпен жасалатын ауыр қылмыстардың орны басқа, олар жазасын алуға тиіс…

Бақыт Базарғалиұлы 1991 жылы полковник шенімен құрметті демалысқа шықты. Өзінің тәлім-тәрбиесін алған Кеңшілік Жұмабаев кейін облыстық басқарманы басқарды, генерал шеніне ие болды.

Тағы бір шәкірті Виктор Дышловой қатардағы мұғалімнен аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып, кейін облыстық ішкі істер басқармасында саяси-тәрбие бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Бақыт аға құрметті еңбек демалысына шыққан соң да тыным тауып бір сәт отырған емес. Өзіне тән сергектігімен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жақсы бастамалардың, игілікті істердің қозғаушысы болып жүрді. Облыс орталығындағы банкте кеңесші болып қызмет етті.

2006 жылы Орынбор облысы аумағындағы Крыловка селосы маңында заманында жарты патша атанған Дербісәлі Беркімбаевқа ашылған мавзолейдің салынуына ерекше үлес қосты. Қазіргі уақытта сол жердегі орта мектептің және Ақтөбе қаласындағы көрікті көшелердің бірінің даңқты баба есімін иеленуінде де оның айтарлықтай еңбегі бар. Қалай болғанда да белгілі тұлғаның өмірі мен өнегесін құжаттар арқылы дәлелдеудің, басқа да құжаттар әзірлеудің өзіндік қиындықтары болатыны белгілі ғой. Соның бәрінде Бақыт аға өзіне тән мұқияттылықпен, төзімділікпен көзделген шаруалардың бәрін тиянақты атқарып шықты.

—Өз дәуірінде мәмілегер қайраткер, бітімгер би, ел басшысы дәрежесіне көтерілген биік тұлға Дербісәлінің мәңгілік мекені Ұрпия деп аталатын жерде. Біз сол өңірге барып, асыл баба рухына арнап ас бердік, Құран бағыштадық. Бұған көпшілігі басқа ұл өкілдері болып келетін жергілікті тұрғындар түсіністікпен қарады.

Орск өлкетану мұражайында арнайы бұрыш ашылып, онда ресми құжаттар, бағалы экспонаттар қойылды, — дейді Бақыт аға.

Қарғалы ауданындағы бұрынғы Александровка селосына қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілгені белгілі. Осыған байланысты «Шәмші аға — ән аға» қоғамдық қоры құрылды. Бақыт аға бұл бағыттағы іс-шараларға да белсене қатысып отырады. «Біз бәріміз де Шәмші әні рухымен күш-қуат алатынбыз, жиын-тойларымыз оның әнінсіз өтпейтін. Сондықтан халықтың сүйіктісіне айналған ерекше талант иесіне қандай құрмет көрсетсе де лайық деп білемін», — дейді ол.

Бақыт аға бұрын ауыл шаруашылығы зауытының қосалқы шаруашылығы орналасқан елді мекенге Бекқұл баба есімін беру жолында да біраз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тағылымдық мәні бар істің бастамашыларының бірі болды.

Бақыт аға өзінің өмірлік серігі Нәзира Ідірісқызымен бірге өсіріп, тәрбиелеген бес перзенті — Жанғали, Жанат, Байғали, Күләш, Серік қатарларының алды болып таңдаған мамандықтарына сай қызмет етті, елдің танымал азаматтары болды. Соның ішінде Серігі өз жолын қуып, ішкі істер органында қызмет етті.

Бүгінде бәрі де құрметті еңбек демалысында. Әрине, әке берген тәрбиемен олар әлі де қоғамдық белсенділігін жоғалтпай, көпке ортақ шаруаларға араласып жүреді.

«Бір кездері қатарымызбен сап түзеп, өмірдің қуанышы мен қиындығында бірге жүретін едік топтасып. Уақытында облыс басшыларының біріболған Сапар Сағынтаев бастаған біраз құрдастарымыз бұл күнде арамызда жоқ, олардың орны ойсырап тұрады.

Мектепте бірге оқыған Қамалхан Қуанов хабарласып тұрады, ол да биыл тоқсанға толды», — деп сыр шертті Бақыт аға әңгіме соңында.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button