Спорт

Қонақтардың қоржыны толмаған күн

Футбол

 Премьер-лиганың төртінші туры қонақтар үшін онша сәтті болмады. Екі команданы екі он бір метрлік айып добы теңестірді. Жанкүйерлер тағы бір хет-трикке куә болды. Енді ретімен баяндалық.

Өз алаңындағы ірі жеңістен соң«Ақтөбе» сырт алаңға барған еді.

Таразда жерлестеріміз алғашқы минуттардан-ақ қай алаңда ойнаса да еш жалтақтамайтындықтарын байқатты. Еркін қимылдады. Алаң иелері, әрине, тізгін ұстауға тырысатыны белгілі. Оның үстіне «Тараз» алғашқы үш турда да жеңіске жеткен екі мықтының біреуі. Қақпасына бір-ақ гол кіргізген мұқияттығы және бар. Дегенмен бірінші таймда ақтөбеліктер сауатты қимылдады. Екінші таймда тараздықтар да қауіпті шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты. Бірақ біздің қақпашымыз Андрей Сидельниковтен айла асыра алмай қойды. Оған қоса «Ақтөбе» футболшылары да алаң иелеріне дес бере қойған жоқ. Әйтсе де «аңдыған жау алмай қоймайтыны» белгілі. 85-минутта ордабасылық Мирослав Лечич біздің қақпамызды дәл көздеді. Ақтөбеліктер бұл голға жауап қайтара алмады, уақыт та жетпеді, мүмкіндік те жүзеге аспады. Сонымен «Ақтөбе» екінші рет жеңіліске ұшыраса (0:1), «Тараз» қатарынан төртінші рет жеңісін тойлады.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Самат Смақов, Петр Бадло, Юрий Логвиненко, Владимир Вукайлович, Дарко Малетич, Марат Хайруллин, Сергей Лисенков (Исламбек Қуат, 86 минут), Брана Илич (Георги Даскалов, 79 минут), Виталий Евстигнеев, Зоран Костич (Лукаш Байер, 69 минут).
Резерв: Станислав Павлов, Аслан Дарабаев, Юрий Мокроусов, Дмитрий Евстигнеев.

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

Өткен турда «Ақтөбеден» 0:4 есебімен есеңгірей ұтылған талдықорғандық «Жетісу» бұл жолы да қарсыластарына еш қауқар көрсете алмады. Қарағандыға үлкен үмітпен барған олар допты тағы да табыссыз тепкілеп оралды. «Шахтер» ірі есеппен жеңді — 5:1. Бұл кездесуде 23,48,70-минуттарда үш гол соққан Рохер Каньяс чемпионат басталғалы екінші хет-триктің авторы атанды.

Турнир кестесінде бірінші орында тұрған «Ертіс» өз алаңында өткен кездесуде жанкүйерлеріне тағы бір қуаныш сыйлауы керек еді. Бірақ аса шаттандырудың реті келмеді. Бірінші таймда павлодарлықтар «Атыраудың» қақпасы түбінде бірер қауіпті шабуылдар ұйымдастырғандарымен, еш нәтиже шықпады. Екінші таймда «Ертіс» екпінін одан әрі үдете түсті. Бірақ олар тепкен доп қақпаға дарымай-ақ қойды. Оның есесіне әуелден сауатты қорғану мақсатын ұстанған «Атырау» кездесудің соңына қарай тіпті тас түйін бекініске көшіп алды. Ақыры ойын итжығыспен аяқталды — 0:0. Бұл — «Ертістің» үш жеңістен кейінгі алғашқы тең ойыны.

«Ақжайықтан» оралдық жанкүйерлер тек жеңісті ойын күткені даусыз. Дегенмен «Жетісуды» ұтып, «Ордабасымен» тең ойнаған қаскелеңдік «Сұңқарды» оңай шағыла қоятын жаңғақ деуге де келмейтін. Бірінші тайм осыны дәлелдеді. Оралдықтар алғашқы он минутта қарқынды қимылдағанымен, одан әрі таймның соңына дейін аса басымдылық таныта алмай қойды. Кездесудің алғашқы бөлігі сылбыр өтті. Ал екінші таймда, 61-минутта «Ақжайық» он бір метрлік айып добының арқасында алға шыққанымен өздеріне қажетті есепті ұстап тұра алмады. 86-минутта енді «Сұңқар» он бір метрлік айып добын соғу билігіне ие болып, Милош Адамович оралдықтардың қақпасын дәл көздеді. Тең ойын — 1:1.

Үш турда қарсыластар қақпасына 8 доп соғып үлгерген «Тобыл» бірден-ақ атқа мінді. Онсыз да бір де бір ұпай жинай алмай келе жатқан көкшетаулық «Оқжетпесті» әбден тықсырды. Бұған қоса қонақтардың ойыншысы Тимур Досмағамбетов бірінші таймның соңына таман екінші рет ескерту алды да, жасыл алаңнан шеттетілді. Ал бұған дейін, 32-минутта қостанайлықтар (Анатолий Богданов) бір гол соғып үлгерген еді. Екінші таймда бұл есепті Нұрбол Жұмасқалиев (76-минут) пен Менсур Куртиши (80-минут) ұлғайтты да, «Оқжетпес» 89-минутта бір голмен жауап қатты. Қорытынды есеп — 3:1

Өз алаңында ойнаған шымкенттік «Ордабасы» қызылордалық қарсыластарының қақпасына 9-минутта-ақ гол соқты. Шапшаң голдың авторы — Андрей Карпович. Бірақ кездесуде қақпаларды бұдан басқа доп мазалаған жоқ. «Қайсар» өздерінен гөрі тәуір ойнаған бәскелестеріне үш ұпай ұстатып кетті. Есеп — 1:0.

Бұл турда қонақтар атынан жеңіс «Астанаға» ғана бұйырды. Алматыға барған олар «Қайратты» 2:0 есебімен жеңді.

Бұл күнгі кездесулердің өзгешеліктері қандай?

Біріншіден, «Тараз» командасы төрт турда төртінші рет жеңіске жетті.

Екіншіден, үш турдан соң үш жеңіспен турнир кестесін бастап келе жатқан «Ертіс» тең есепті (0:0) қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Үшіншіден, «Ордабасы» да төртінші турды ұтылыссыз (бұл жолы жеңіспен) аяқтады.

Төртіншіден, чемпионатта бір турдағы екі тең кездесу нәтижесі алғаш рет тіркелді.

Бесіншіден, бұл турда алаң иелері басым түсті, олар 4 кездесуде жеңіске жетіп, қонақтар 1 ғана ойында ұтты.

Алтыншыдан, чемпионатта екінші рет бір футболшы бір ойында қарсыластар қақпасына үш гол соқты. Бұл хет-триктің авторы — «Шахтердің» шабуылшысы Рохер Каньяс.

Жетіншіден, чемпионатта 5:1 есебі бірінші рет тіркелді.

Сегізіншіден, екі команда бір-бірінің қақпасына бір-бір он бір метрлік айып добын соғу арқылы теңесті.

Турнир кестесіне үңілейік.

1-орын. Төрт турдан соң турнир кестесін 12 ұпаймен «Тараз» бастап келеді.

2-орын. «Ертіс», 10 ұпай.

3-орын. «Тобыл». 9 ұпай.

4-5 орындарда 7 ұпайдан жинаған «Ордабасы» мен «Ақжайық» тұр.

6-7-8 орындардың иелері — 6 ұпайдан жинаған «Астана», «Шахтер», «Ақтөбе».

9-орын. «Сұңқар», 5 ұпай.

10-орын. «Атырау», 4 ұпай.

11-12 орындарда бір жеңіс пен үш ұтылыстан соң 3 ұпайдан жинаған «Жетісу» мен «Қайрат» келе жатыр.

13-14 орындардағы «Қайсар» мен «Оқжетпес» әзір еш ұпай жинаған жоқ.

(«Ордабасы» мен «Астананың» басқа командалардан бір ойындары кем екенін ескеріңіз).

Мергендер:

Көшті қарсыластар қақпасына төрт доптан кіргізген екі футболшы бастап тұр:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл»);

Игорь Зенкович («Ақжайық»).

Екі футболшы үш голдан соқты:

Эдин Юнузович («Жетісу»);

Рохер Каньяс («Шахтер»).

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 2 доп;

Лукаш Байер — 1;

Арунас Климавичюс — 1;

Дарко Малетич — 1;

Сергей Лисенков — 1.

Төрт турда екі рет ұтып, екі рет жеңілген «Ақтөбе» қарсыластар қақпасына 6 доп соғып, өз қақпасына 3 доп енгізіп алды.

8 сәуірде, жексенбіде «Ақтөбе» өз алаңымызда шымкенттік «Ордабасымен» кездеседі.

«Ордабасы» әзірге жеңілістің ащы дәмін татпаған үш команданың біреуі екенін жоғарыда айттық.

Дегенмен өткен жылы жерлестерміз бұл команданы төрт рет жеңгенін де (2:1; 1:0; 2:0; 4:2) еске сала кеткеніміз жөн.

Қалған кездесулер:

«Оқжетпес» — «Шахтер»;

«Атырау» — «Тобыл»;

«Астана» — «Ертіс»;

«Сұңқар» — «Қайрат»;

«Қайсар» — «Ақжайық»;

«Жетісу» — «Тараз».

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button