МерейМереке

Ұстаз мерейі

Ұлағатты ұстаз, шәкірттері мен әріптестерінің мақтанышы, адамгершілігі мол асыл жан Мәрия Жұмабаева 85 жасқа толғалы отыр.

Ол 1940 жылы 14 қазанда Мәртөк ауданының Жаңа Елек елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Махмет Жұмабаев фин, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралғанымен, арада 5 жыл өткенде ауыр науқастан қайтыс болды. Артында қалған жары үш қызын қатарынан кем қылмай өсірді. Жаңа Електе мектеп табалдырығын аттаған Мәрия кейіннен Ақтөбе, Алға қалаларында оқыды. Ал1960-1963 жылдары Ақтөбе педагогикалық училищесінде білім алды. Еті тірі қыз мектеп қабырғасында-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан еді, училище оқып жүргенде де сол қасиетімен танылды. 1962 жылы БЛКЖО-ның XIV съезіне делегат болып сайланып, Мәскеуге барып қайтты. Сол жылы Мағауия Ағниязовпен шаңырақ құрып, отбасылы болды.

Кейіпкеріміз еңбек жолын 1963 жылы Алға ауданының «Ильич» колхозында бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. КейінненОрал педагогикалық институтын сырттай оқып бітірді. 1971 жылы жас отбасы Алға қаласына көшті. Мәрия алдымен №1 мектептің жанындағы интернатқа тәрбиеші болып орналасып, кейін мектепте оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып еңбек етті. 1974 жылы Алғадағы№3қазақ орта мектебіне ауысып, 1996 жылы зейнеттік демалысқа шыққанша осында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істеді. Ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі үшін 1991 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен наградталды.

Жолдасы Мағауия екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де жоғары білімді. Қазір Мәрия Махметқызы — бала-немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты ана.

Ал шәкірттері мен бұрынғы ұжымы оны ұмытпай, үнемі хабарласып тұрады.

1975 жылы мектеп табалдырығын аттап, «Әліппені» өзінен үйренген шәкірті Алтынгүл Бисенбаева: «Әріп танытқан алғашқы ұстазы кім-кімге де ыстық. Ол мектептегі ең мейірімді, ең қамқор жан болып, жүрегіңде мәңгі сақталып қалады. Мәрия апайдың бізге «Әліппені» оқытып қана қоймай, адамгершілікке, достыққа, еңбекқорлыққа баулыған сөздері санамыздан өшкен емес. 1991 жылы педагогикалық институтты бітіріп келіп, жұмысқа орналасқанымда да, алдымнанмейірімді, шуақтыМәрия апай шықты.Апай өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби тұрғыдандамуыма ықпал етті», — дейді.

Иә, шәкірт алғысы ұстаз үшін — үлкен құрмет.

           Дина Мұханова,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button