Молшылықтың мейрамы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай Ақтөбе қаласында сабантой өтті. Мұндай мерекелік басқосу Ақтөбе қалалық орталық мешітінде алғаш рет ұйымдастырылды.

Сабантой — еңбек мерекесі әрі той. Мұны егінші ел жасайды. Егін бітік шығып, қырманын қызылдап, оны төкпей-шашпай, суыққа ұрындырмай мезгілінде жинап алған ел күзде осы мерекені өткізеді.
Дәстүр дәріптелген шараға арнайы қонақ ретінде елордадан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева қатысты.
— Сабантойға алғаш рет қатысып отырмын. Ерекше ұнады. Тағылымы мол сабантойда Ақтөбе жамағатының жарасқан бірлігі мен бауырмалдық лебі сезіледі. Көрмеден шебер екендеріңізді байқадым. Ынтымағымыз арта берсін! — деп лебізін білдірді ол.
Басқосу Алланың кәләмімен басталып, «Әжелер мектебі» Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат арнаумен жалғасты. Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қошқарова шараның маңыздылығына тоқталды.
Сабантойда облыстық орталық «Нұр Ғасыр», қалалық орталық, «Бақытжан», «Сүлеймен ата», «Досжан хазірет», «Әзіреті Біләл» мешіттерінің шәкірттері мен аудандардан келген өкілдер болды. Олар халық әндерін айтып, күй шертті, аталған мереке туралы ақындардың өлеңін оқыды. Сонымен қатар ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Әр мешіт шәкірттері мерекеге арнайы жасақталған көрменің таныстырылымын жасады. Ауыл-аймақтан, қала мешіттерінен келген жамағат көрмеге деп әкелген барша тартуы, яғни ұлттық тағамдар мен күз кереметтерін көрсетті. Оның ішінде сүт, ет, ұн өнімдері, жеміс-жидек пен көкөністерден жасалған түрлі композиция мен экибанолар көрініс тапты.
Ақтөбе өкілдігіндегі ұстаздар уақыттың қадірі, білімнің маңыздылығы, татулық пен бауырмалдық, дін мен дәстүр сабақтастығы, егемендік туралы насихат айтты. Шара соңында облыстың бас имамы Амантай Садиевтің атынан әр мешітке және сабантойға арналған көрмеге белсенді қатысушыларға марапат табысталды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



