«Әдебиет.Рух.Қоғам» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

Ақтөбеде қазақ руханиятының дәстүрге айналған мерекесі — «Әдебиет.Рух.Қоғам» халықаралық әдеби байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі ақын-жазушылар мен мәдениет майталмандары қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов модераторлық етті.
«Әдебиет.Рух.Қоғам» байқауы алғаш рет 2019 жылы форум ретінде бастау алып, уақыт өте халықаралық деңгейдегі беделді әдеби жобаға айналды. Жыл сайынғы дәстүрлі байқау аясында қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, сатира, балалар әдебиеті және аударма жанрларындағы үздік туындылар анықталады.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Асхат Шахаров байқаудың рухани маңызын ерекше атап өтті.
— Осынау әдеби байқаудың негізгі мақсаты — кешегі қабырғалы қаламгерлердің есімдерін ұлықтау және олардың жолын жалғап келе жатқан бүгінгі буынның шығармашылығын қолдау.
Әдебиеттің әр жанрындағы үздіктерді анықтау биыл да оңай болмаған секілді. Байқауға ұсынылған шығармалардың деңгейі жоғары, бірінен-бірі озып тұр. Бұл — қаламгерлеріміздің ізденісінің, қазақ әдебиетіне деген жауапкершілігінің белгісі.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Әдебиетті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, сөйтіп, ұлтының қажетін өтейді». Осы орайда қазақ әдебиетінің мәртебесін көтеріп жүрген барша ақын-жазушыларға ризашылығымды білдіремін. Қазақ әдебиетінің мерейі әрдайым биік болып, қаламгерлеріміздің қарымды туындылары халқымыздың игілігіне айнала берсін, — деді облыс әкімі.
Жиында 2019 жылы «Әдебиет.Рух.Қоғам» байқауын алғашқы өткізуге өзінің жүйелі ойын ұсынған белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлысөз алды.
— «Әдебиет.Рух.Қоғам» байқауы бір дегеннен қолдау тапты. Әсіресе, билік тарапынан ерекше қолдауға ие болды. Соның арқасында байқаудың ауқымы кеңейіп, көркейіп, жыл сайын нығайып, елге өнеге болар іске айналды. Алғашқы тағайындалған номинцияның саны 7-ден 11-ге жетті. 11 қаламгердің түрлі номинация бойынша сыйақы алуы — бүкіл әдебиетке жасалған жақсылық. Бүгінде «Әдебиет.Рух.Қоғам» халықаралық байқауы тек Ақтөбеге тән қозғалысқа айналып отыр, — деді Мейірхан Ақдәулетұлы.
Іс-шарада белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Түрксой» Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз сөйлеп, байқау жұмысының маңыздылығын айтты.
— Форумға алғаш ұйымдастырылғаннан бері қатысып келе жатырмыз. Қазақтың атақтыларының, әдебиеттің классиктерінің есімдерін ұлықтауды мақсат еткен үлкен іс қазірде тіптен жандана түсті. Сол үрдіс, ізгі дәстүр,қадірлі Асхат Берлешұлы, сіздің тұсыңызда өрістеп жатқанына ризашылық білдіреміз. Күні кеше Мөңке бидің 350 жылдығы дүркіреп өтті. Қысқасы, бір ғана форум емес, Ақтөбеде әдебиеттің көп шаруасы тындырылып жатыр. Бұл шара — сөзге, өнерге, руханиятқа деген шынайы құрметтің көрінісі, — деді Ұлықбек Есдәулет.
Айта кету керек, биылғы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден барлығы 140-тан астам шығарма қабылданды. Байқау нәтижесінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері атындағы 11 номинация бойынша үздік қаламгерлер марапатталды.
Сағи Жиенбаев атындағы номинация Индира Керееваға, Төлеген Айбергенов атындағы номинация Аманжол Исламғалиға, Тахауи Ахтанов атындағы номинация Гүлжайнар Қалдинаға, Үмбетбай Уайдин атындағы номинация Нұрлыбек Қалауовқа, Ізтай Мәмбетов атындағы марапат Ернұр Сейдахметке бұйырды.
Түркия елінің жас ақыны Фатих Сұлтан Йылмаз Қуандық Шаңғытбаев атындағы номинацияның жеңімпазы атанды. Бұл — қазақ әдебиетінің халықаралық ықпалының кеңейіп, мәдени байланыстардың нығая түскенінің айқын дәлелі.
Тағы бірнеше жеңімпаз түрлі номинация бойынша марапатталды. Сондай-ақ Қазақстанның құрметті жазушысы атағы қаламгерлер Төрежан Мәндібаев, Мейірхан Ақдәулетұлы және Ертай Ашықбаевтарға берілді.
Әр жеңімпазға 1 млн теңге көлемінде сыйақы табысталды. Сонымен бірге қазылар алқасының жоғары бағасын алған туындылары үшін облыс әкімінің ұсынысымен төрт қаламгерге 500 мың теңгелік арнаулы жүлде берілді.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



